Энергетиктерді мерейтойымен құттықтады

Семейде Энергетиктер күні мен жергілікті электр желілерінің 100 жылдық мерейтойына орайластырылған салтанатты жиын өтті.
Жиында 12 маманға «ШҚ АЭК» компаниясы атынан «Мінсіз қызметі үшін» корпоративті медалі табыс етілді. Олардың ішінде осы салада ұзақ жылдар бойы қызмет еткен электр монтаждаушы Қайырбек Камалтдинов, аға диспетчер Николай Нашатырев, сондай-ақ Абай ауданынан келген Сұңғат Шыныбаев, тарбағатайлық Рахметолла Сүлейменов сияқты білікті мамандар бар. Марапатталғандардың барлығы да мерейтойлық медальдар мен бағалы сыйлықтарға ие болды.
Бұл күні мерейтой иелерін қала әкімі Ермак Сәлімов те құттықтады.
– Үйімізге жылу мен жарық сыйлайтын энергетиктер күнін жыл сайын кең көлемде атап өтудеміз, – деді қала әкімі Ермак Сәлімов. – Энергетика саласының өміріміздегі алар орны ерекше, сондықтан Семей энергетиктерін 100 жылдық мерейтоймен шын жүректен құттықтаймын. Баршаңызға денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін.
Салтанатты іс-шара барысында қала әкімінің мақтау қағаздарымен «ШҚ АЭК» АҚ диспетчерлік орталығының аға диспетчері Амангелді Ақанов, электр монтаждаушы Еламан Алтынбекұлы, инженер Виктор Заостравных сияқты бірқатар маман марапатталды. Осы ретте Семей қаласы электр желісінің бастығы Бауыржан Смағұлов «ТМД-ның құрметті энергетигі» төс белгісімен марапатталғанын айта кеткен орынды.
«ШҚ АЭК» АҚ «Абай аймағы» бөлімшесінің басшысы Мария Бөкенованың айтуынша, Семейге электр қуаты 1918 жылы жеткен. Содан бері, яғни тура бір ғасыр бойы аймақ энергетиктері жерлестерін жарықпен қамтып, ел алғысын арқалап келеді.
Раушан Нұғманбекова
Семей.