Энергетикті еске алды

Қазан айының соңғы күні аудандық мәдениет үйінде белгілі шахматшы Жасұлан Жүсіповті еске алуға арналған турнир өтті. Бұл сайысқа 12 адам атсалысып, тамаша ойын үлгісін көрсетті. Өмір бойы «Шығыс Қазақстан аймақтық энергетика компаниясы» акционерлік қоғамында (Алтайэнерго) еңбек етіп, жастарға үлгі, тұстасқа мақтан болған Жасұлан ақсақал мен оның ізбасар інісі Нұриман Ыдырышев ұзақ жылдар бойы аудан намысын қорғап, шахматтан облыс көлемінде өтіп жататын үлкенді-кішілі сайыстардан әрдайым бірінші, екінші орындарды алып оралатын-ды. Бұл күні өмірден мезгілсіз өтіп кеткен осынау ардақты азаматтарға арналған жылы лебіздердің көптеп айтылғаны рас.
– Жүсіповтердің тұтастай энергетиктер династиясына айналғаны шындық, – дейді осы сайысты ұйымдастырушылардың бірі Зарлыхан Қаратаев. – Жасұлан ағамыздың өзі бұл кәсіпорында табаны күректей 30 жыл еңбек етті. Өмірден ерте кеткен ұлы Самат та осында 12 жыл жұмыс істеген болатын. Қазіргі кезде қызы Жанат, күйеубаласы Қадылхан, келіні Бақыт ардагер қарияның ізін жалғастырып, табысты жұмыс істеп жатыр. Қарттың немересі Әлия да энергетик мамандығын таңдаған екен.
Жасұлан аға өткен 2016 жылдың 1 желтоқсаны – Президент күні құрметіне арналған облыстық шахмат турнирінде және Желтоқсан мерекесі құрметіне орайластырылған сайыста бірінші орынды иеленіп оралған болатын. Сол мерейлі күннен кейін бір жарым айдай ғана сырқаттанып, дүниеден озды.
Осы сайысқа облыс орталығынан алты адам шақырылған екен бірақ, әртүрлі себептерге байланысты олардың төртеуі келе алмай, белгілі шахматшылар Файзолла Науқанбаев пен Советхан Қалиғожин әдейілеп жетіпті. Турнирге «ШҚ АЭК» АҚ аудандық бөлімі демеушілік жасап, күршімдік энергетиктер 66 500 теңге жинаса, олардың Марқакөлдегі әріптестері 13 мың теңге үлес қосыпты. Сөйтіп, турнирдің жүлде қоры 79 500 теңгені құрады.
Тартысты да қызықты өткен бәсекеде жүлделі I орынды З.Қаратаев жеңіп алды. II орынға белгілі шахматшы Ш.Ашубаев ие болып, III орыннан Өскемен қаласынан келген Ф.Науқанбаев бой көрсетті. Жеңімпаздарға және барлық қатысушыларға ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.