Энергетика және ТҮКШ басқармасында – жаңа басшы
Облыс әкімінің орынбасары Ринат Омаров облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының ұжымына жаңа басшыны таныстырды. Басқарманың жаңа басшысы Алмат Арсламбаев осыған дейін басқарма басшысының орынбасары қызметін атқарған.
Алмат Арсламбаев 1986 жылы 4 мамырда Ресей Федерациясының Челябинск облысында дүниеге келген. Семей қаласындағы «Қайнар» колледжін «қаржы және құқық», содан кейін «Қайнар» университетінің Семей филиалын және Қазақстан-Американ еркін университетін «құқықтану» мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2008 жылы Семей қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің персоналды ЭЕМ операторы болып бастаған. Ары қарай 2009 жылға дейін Семей қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің мемлекеттік сатып алу және есептеу, жоспарлау секторының бас маманы болып істеді.
2011 жылы Шығыс Қазақстан облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының материалдық өндіріс саласы бөліміне басшылық етті.
2015 жылдың қаңтарынан «Шығыс Қазақстан облысының тұрғын үйді пайдалану басқармасы» ЖШС басқарды. Екі мәрте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары болып тағайындалды.
Басқарманың жаңа басшысын таныстырған Ринат Омаров оның қызметіне табыс тіледі.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі