Көктемгі дала жұмыстарының ауылы алыс емес. Облыс диқандары жер жыртып, егін салудың қамында. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың егіс түрлерін көбейтіп, егінді әртараптандыру жұмыстарын күшейтуге қатысты берген тапсырмаларына орай биыл аймағымызда арпа, бидай және майлы дақылдар егістігі біршама азайтылып, олардың орнына рентабельді ауыл шаруашылығы дақылдары егістігінің алқабы ұлғайтылғалы отыр.
Элиталы тұқымның үлесі ұлғаймақ
Биыл егіс алқаптарын әртараптандыруға арналған бағдарлама аясында облыста ауыл шаруашылығы дақылдарының егістігі 645,1 мың гектар болып, былтырғы деңгейден 6,7 мың гектарға арттырылмақ. 2023 жылғы егін 638,4 мың гектарға егілген.
Айта кету керек, сонымен қатар Мемлекет басшысының егінді әртараптандыру жұмыстарын күшейтуге қатысты берген тапсырмасына орай жасалған Жол картасына сәйкес облыс аумағында биыл дәнді дақылдар егістігі 4,2 мың гектарға: оның ішінде бидай 1,2 мың гектарға, арпа – 3,2 мың гектарға, майлы дақылдар 6,8 мың гектарға және жемшөп дақылдары 3,2 мың гектарға қысқартылмақ.
Елімізде, облыста жаппай бидай, арпа егіп немесе картоп салып, арзанға сатуға мәжбүр болып, өткізе алмай қалмас үшін сұранысқа ие түрлі-түрлі тиімді дақылдарды еккеннің еңбегі еш кетпейді. Жергілікті шаруашылықтар бір өнімді үсті-үстіне еге бермей, бәсекелестікке түсе алатын, жер жағдайына, суаруға, өсіруге қолайлы дақыл түрін, көкөніс түрін егуге бет бұрып, егістікті әртараптандыруға көшу керек. Егістік әртараптандырылғанда, диқан «шығын шектім, өткізе алмадым» демейді.
Әлбетте, жақсы өнім кепілі – сапалы, өнімді тұқым. Ғалымдардың зерттеуінше, тұқымның өнімділікке әсері 40 пайызға жетеді.
Қазір Қазақстанның ауыл шаруашылығында диқандарды отандық тұқыммен қамтамасыз ету, жаңа сорттарды шығарумен, өсірумен айналысу, тиімді егіс түрлерін көбейту, егістікке, өндіріске жаңа технологияларды енгізу, осылайша, егін шаруашылығын реформалау міндеттері қойылып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай жасалған Жол картасының 2024-2028 жылдарға арналған жоспарына сәйкес біздің облыста биыл әсіресе, ауыл шаруашылығы дақылдары элиталы тұқымның үлесін 12,9 пайызға дейін ұлғайту көзделіп отыр.
Облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің биылғы егіс науқанында тұқымға сұранысы 71,8 мың тонна көлемінде, оның ішінде 60 мың тонна дәнді дақылдар, 3,0 мың тонна майлы дақылдар, 0,8 мың тонна жемшөп дақылдары, 8 мың тонна картоп. Ауыл шаруашылығы басқармасының ақпараты бойынша, облыстың шаруа қожалықтары тұқыммен 100 пайыз қамтамасыз етілген.
Былтыр өңірде 8,9 мың тонна элиталы тұқым себілсе (12,7%), биыл Жол картасының жоспарын орындау үшін 9,3 мың тонна (12,9%) элиталы тұқым егілмек.
Бүгінде облыста 17 тұқым шаруашылығы бар, оның алтауы элиталы тұқым шаруашылығы мәртебесіне ие, олар: «Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибелік станциясы» ЖШС, «Майлы дақылдар тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС, «Семена масличных» ЖШС, «КХ Багратион ВВГ» ЖШС, «Милейко» ЖШС, «Быструха-Астана» ЖШС. Аталған тұқым өсіру шаруашылықтарында жыл сайын 20 мың тонна тұқым өндіріледі.
Облыста отандық тұқым өндіру бойынша «Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибелік станциясы» ЖШС және «Майлы дақылдар тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС озық кәсіпорындар қатарынан саналады.
Кейінгі жылдарда аймақта «Нарым», «Бәйтерек С», «Алтын 7», «Отан плюс», «Нұр плюс», «Бірлік КВ», «Өскемен» сияқты жаздық бидай, соя, күнбағыс сорттарының селекциялық тұқымдары мол өнімге қол жеткіздіріп отыр. Сондай-ақ гектарынан 35 центнерге дейін өнім беретін «Патриот» күнбағыс сортын, «Достық» сортын (өнімділігі гектарынан 30-35 центнерге дейін), «Нұр-38» (өнімділігі гектарынан 70 центнерге дейін) сортының күздік жұмсақ бидайын өндіруде жоғары селекциялық жетістіктерге қол жеткізілген.
Майлы дақылдар тұқымының жеткілікті қорын (1810 тонна) ескере отырып, «айналым сызбасы» бойынша қаржы қаражатын беру жолымен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді майлы дақылдардың отандық тұқымдарымен қамтамасыз ету тетіктері әзірленіпті.
Егіс жұмыстары басталғанға дейін барлық тұқым материалының сапалық көрсеткіштері тексеріледі. «Қазагрэкс» деректері бойынша тексеруге 37,5 мың тонна дәнді дақылдар тұқымы немесе қажеттіліктің 64 пайызы түсті. Тұқымдар 100 пайыз кондициялы.
Жағармай 250 теңгеден
Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемін екі есе ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындау бойынша 2024-2028 жылдарға арналған Жол картасына сәйкес Ауыл шаруашылығы министрлігі биылға арналған егіс алқаптарының түрі мен көлемін бекітті. Ауыл шаруашылығы басқармасының ақпараты бойынша, аталған Жол картасын іске асыру мақсатында облыстағы егіс алқаптары құрылымының биылғы жоспары төмендегідей белгіленіп отыр:
– дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 283,4 мың га (үлесі – 44,0%, былтыр – 45,4%), оның ішінде бидай 187,0 мың га;
– майлы дақылдар 219,0 мың га (үлесі – 33,9%, былтыр – 33%), оның ішінде күнбағыс 200,8 мың га;
– жемшөп дақылдары 125,0 мың га (үлесі – 19,4%, былтыр – 19,1%);
– картоп 11,6 мың га (үлесі – 1,8%, былтыр – 1,8%);
– көкөністер мен қауындар 6,1 мың га (үлесі – 0,9%, былтыр – 1,0%).
Егіс алқаптарының аудандар бөлінісіндегі құрылымы облыстың қалалары мен аудандарының әкімдіктеріне жіберілген.
Биылғы көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге облыстың шаруа қожалықтары 7,1 мың тонна дизель отынына өтінім беріп отыр (былтыр 20 мың тонна болған). Бұл көлем наурыздан мамырға дейін бөлінген (наурыз – 2 мың тонна, сәуір – 2,4 мың тонна, мамыр – 2,7 мың тонна).
Ауыл шаруашылығы министрлігіне және Энергетика министрлігіне хаттар жолданып, облысқа қосымша арзандатылған дизель отынын алу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге арналған жеңілдетілген жағармайдың бағасы – 1 литрі 250 теңге.
Минералды тыңайтқыш – мол өнімнің кепілі
Президентіміз 2028 жылға қарай елде ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін екі есе ұлғайту міндетін қойып отыр. Ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруда минералды тыңайтқыштарды енгізудің пайдасы зор екенін айта кету керек.
Топырақ құнарын арттыру үшін биыл облыс шаруашылықтары минералды тыңайтқыштардың барлық түрінен 26,0 мың тонна көлемде сатып алуды жоспарлап отыр. Жол картасына сәйкес биыл 46,8 мың тонна минералды тыңайтқыш сатып алу қажет. Жол картасының осы көрсеткішін орындау үшін тыңайтқыштарды пайдалану мөлшері биылдан бастап жыл сайын 1,2 есе арттырылып отырмақ. Осы көрсеткішке қол жеткізу үшін министрлік тыңайтқыштарды форвардтық сатып алу жөніндегі тетікті әзірледі және субсидиялау қағидаларына тиісті өзгерістер енгізді (отандық зауыттарды субсидиялау есебінен аванстық төлемді жүзеге асыру енгізілді).
Бүгінгі таңда минералдық тыңайтқыштар шығаратын зауыттармен 8 мың тонна тыңайтқышқа келісімшарттар жасалды, оның ішінде 1,5 мың тонна облыс шаруашылықтарына жөнелтілген.
Минералды тыңайтқыштарды сатушылардың ақпараты бойынша, көктемгі егіс жұмыстарының басында тыңайтқыштарды жөнелту толық көлемде жүзеге асырылатын болады.
Сатып алынатын минералды тыңайтқыштардың 63%-і екі түрге – аммиак селитрасы мен аммофосқа тиесілі, олар Қазақстанда өндіріледі («ҚазАзот» АҚ, «ҚазФосфат» ЖШС).
Минералды тыңайтқыштарға байланысты жағымды жаңалық, биылғы 13 наурыздан бастап ауыл шаруашылығы министрінің отандық тыңайтқыштарды аванстық субсидиялау тәсілін енгізу туралы жаңа бұйрығы күшіне енді. Жаңа тәсіл отандық тыңайтқыштар үшін субсидия нормасын 50%-дан 60%-ға дейін ұлғайтуды көздейді, ал шетелдік өнім үшін ол тыңайтқыштардың ең төменгі құнының 50% деңгейінде қалады.
Субсидиялаудың бұл түрі шаруаларға тыңайтқыштарды алдын ала арзандатылған бағамен алуға мүмкіндік берсе, отандық өндірушілерге сатудың кепілдендірілген көлемі қамтамасыз етіледі. Бұл тәсілді іске асыру арқылы тыңайтқыштарды пайдалануды ұлғайтуға ықпал етеді және химия өнеркәсібін дамытуды ынталандырады, өз кезегінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру деңгейін арттыру бойынша алға қойған мақсаттарға қол жеткізуге көмектеседі.
Облыстық бюджеттен субсидия бөлінбек
Биыл көктемгі егіс жұмыстарын табысты жүргізу үшін облыстық бюджеттен 4,1 млрд теңге субсидия бөлінбек, оның ішінде:
– тұқым шаруашылығын қолдауға – 1 млрд 121 млн теңге;
– минералды тыңайтқыштардың құнын арзандатуға – 1 млрд 651 млн теңге;
– пестицидтердің құнын арзандатуға – 1 млрд 301 млн теңге;
– суару суын жеткізу бойынша қызметтердің құнын субсидиялауға – 16 млн теңге.
Бүгінде жергілікті және республикалық бюджет есебінен минералды тыңайтқыштар мен пестицидтерді субсидиялауға қосымша қажеттілік бойынша 1,1 млрд теңгеге бюджеттік өтінімдер жолданды.
Жақсы техника – жаңа техника
Қазір аудандарда ауыл шаруашылығы техникаларын көктемгі дала жұмыстарына дайындап жатыр. Облыс шаруашылықтарында көктемгі егіс жұмыстарының басталуына қажетті тракторлар, егіс және топырақ өңдеу техникалары жеткілікті. Атап айтсақ, барлығы 8770 трактор, 5128 жүк көлігі, 4359 соқа, 2691 топырақ қопсытқыш, 4369 тұқым сепкіш, 125 егістік кешені бар.
Бүгінде егіс және топырақ өңдеу техникасының дайындығы 83 пайыз, тіркеме техникасының дайындығы 84,7 пайыз деңгейінде. Дала жұмыстары басталғанға дейін барлығы 100 пайыз дайын болады.
Президенттің 2030 жылға қарай ауыл шаруашылығы техникаларының жаңартылуын 10 пайызға дейін ұлғайту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, биыл аймақтағы шаруашылықтардың техникаларын жаңартуға «ҚазАгроҚаржы» АҚ ШҚФ техника/жабдық лизингіне шамамен 4 млрд теңге қаражат бөлінген.
Сондай-ақ көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін «Аграрлық кредит корпорациясы» АҚ облыстық филиалы арқылы кредиттеуге 2,5 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Пайыздық мөлшерлемені субсидиялауды ескере отырып, барлық кредиттік қаражат жылдық 6 пайызбен беріледі.