Енді терапевтің жолдамасы қажет емес

Айна Ескенқызы
Облысымызға жұмыс сапарымен келген денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният өңір тұрғындарымен кездесу өткізді. Ведомство басшысы медицина саласын дамытуға бағытталған шараларға тоқталып, көптің көкейіндегі сұрақтарға жауап берді.
Ажар Ғиният денсаулық сақтауды дамытудың бірнеше басым бағытын атап өтті, бұл – медициналық-санитарлық алғашқы көмек (МСАК) ұйымдарында медициналық қызметтердің қолжетімді болуын қамтамасыз ету және қамтуды кеңейту, ауыл медицинасын дамыту, ана мен бала денсаулығын сақтау, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жақсарту. Облыста 293 бастапқы буын нысаны жұмыс істейді, бұл – елдегі барлық МСАК ұйымдарының 5%-ы.
Ауылдағы медициналық көмектің сапасын жақсарту үшін пациентті қолдау қызметі, жұқпалы емес ауруларды ерте анықтау, ауруларды басқару бағдарламалары, патронаждың әмбебап прогрессивті моделі, отбасын жоспарлау, ерлер денсаулығын жақсарту, баланың даму кабинеті сияқты МСАК-тың озық тәжірибелерінің жобалары енгізілуде.
Министр кейінгі екі жылда медициналық көмек көлемін ұлғайтуға қол жеткізілгенін, атап айтқанда, консультациялық-диагностикалық қызметтердің саны 1,5 есеге ұлғайғанын, бұл ауруларды ерте диагностикалаудың қолжетімділігін арттыруға және халықтың денсаулық сақтауға жұмсайтын жеке шығындарын азайтуға мүмкіндік беретініне тоқталды.
Тұрғындарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде қымбат дәрі-дәрмектер қосылды, амбулаториялық деңгейде босатылатын медициналық препараттардың тізбесі кеңейтілді. Мәселен, биыл облыс үшін 11 түрлі қымбат препарат 1,2 млрд теңгеге сатып алынып, жеткізілген. Амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету деңгейінде 15,5 млрд теңгеден астам сомаға, стационарлық көмек үшін 12 млрд теңгеден астам сомаға дәрі-дәрмек сатып алынды.
– Халықтан көп түсетін өтініштердің бірі – тар бейінді мамандарға терапевтің жолдамасынсыз қаралу. Осы орайда пациенттер енді тоғыз бағытта ешқандай жолдамасыз қаралып, консультациялық-диагностикалық қызметтер ала алады, олардың тізімі емханаларда бекітілген, – деді министр.
Сондай-ақ онкологиялық және гематологиялық ауруларға күдік болған кезде зерттеп-қарауды және емдеуді жеделдету үшін «Жасыл дәліз» жобасы енгізілген. Онкологиялық ауруға күдікті пациенттерге 18 жұмыс күні ішінде консультация беріледі және барлық зерттеулерден (зертханалық және ультрадыбыстық зерттеулер, рентген, ЭКГ, КТ, МРТ, сондай-ақ эндоскопия) өтуге тиіс.
Министрдің айтуынша, барлық денсаулық сақтау ұйымдарына, оның ішінде босандыру және реанимация қызметтеріне оларды медициналық жабдықтармен, дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен жарақтандыру бойынша түгендеу жүргізілген. Облыс бойынша медициналық техникамен жарақтандыру 85,7% болса, оның 41,3%-ы тозған.
Мектеп медицинасын жетілдіру шеңберінде жаңа стандарт енгізілетін болады. Бұл оқушыларды профилактикалық қарап-тексеру тәсілдерін жүйелеуге және асқазан-ішек трактісі, тірек-қимыл аппараты, көру және тағы басқа ауруларды ерте анықтауды күшейтуге мүмкіндік береді.
А.Ғиният кадр мәселесіне де тоқталды. Өңірде 144 медицина қызметкері тапшы. Биыл облысқа 154 маман келген, олардың 36-сы ауылды жерге жіберілді. Министр мамандарды тұрақтандыру үшін оларға әлеуметтік жағдай жасау қажеттігін баса айтты.
– Былтыр Шығыста тек жеті медицина қызметкері әлеуметтік қолдау алды. Бұл өңірде әлеуметтік қолдау шаралары тиісті деңгейде емес екендігін көрсетеді. Егер кадр тапшылығы болмасын десеңіздер, жіберілген мамандардың осында қалуын қаласаңыздар, оларға алдымен жағдай жасау керек, – деп атап өтті министр.
Үш айлық даярлықтан білікті маман шықпайды
Азаматтарды жеке қабылдау кезінде ауруханаларда, әсіресе ауылды жерлерде бейінді мамандардың тапшылығына байланысты жеделдетілген үш айлық курстарда кадрларды қайта даярлау мүмкіндігі туралы ұсыныс айтылды.
– Қысқа мерзімде бейінді маман даярлаудан ең әуелі науқастар зардап шегеді. Сондықтан біз бүгін мамандықтар бейіні бойынша сертификаттау курстарын кеңейтіп жатырмыз. Олардың барлығы міндетті түрде резидентурадан өтуге тиіс, біреу – бір жыл, біреу – екі, біреу – үш жыл өтеді. Егер бұл хирургиялық профильге қатысты болса. Мысалы, терапевт кардиолог болғысы келсе, біз оның қосымша қанша бағдарламадан өтуі керек екенін талдаймыз. Егер олардың барлығы алты айға кірсе, онда біз алты ай бойы даярлаймыз. Дәрігер-терапевт кардиолог білуге тиіс барлық ақпаратты меңгеріп шығуы керек. Бірақ басқа маманды үш айда жедел даярлап, оған науқасты емдеуге рұқсат бермейміз. Өйткені медициналық көмектің сапасыздығынан халық тағы он жыл бойы зардап шегеді, – деп жауап берді Ажар Ғиният.
Тағы бір мәселе – медициналық жоғары оқу орындарында көпсалалы университеттік ауруханалар құру. Университет клиникалары халықаралық стандарттарға сай болуы керек. Дәрігерлер даярлауға резидентураға бөлінетін гранттар жыл сайын 70%-ға ұлғаяды. Резиденттердің міндетті түрде ауылда тағылымдамадан өтуіне қатысты қанатқақты жоба пысықталып жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, келер жылы елімізде дәрігерлердің орташа жалақысы 500 мың теңге, ал орта медицина қызметкерінің жалақысы 250 мың теңге көлемінде болады.
Кездесу барысында министрге көпшілікті мазалаған сұрақтар қойылды.
– Облыстық Ана мен бала орталығында шала туған нәрестелердің көзіне ота жасайтын маман тапшы. Сондықтан ретинопатия диагнозы қойылған нәрестелерді ата-аналары астанаға апаруға мәжбүр. Ал ондай науқастарға уақыт өте бағалы. Бұл жағдайды реттеуге бола ма?
Ажар Ғиният, денсаулық сақтау министрі:
– Мендегі ақпаратқа сүйенсем, облыстық Ана мен бала орталығының базасында 2011 жылдан бері шала туған нәрестелердің ретинопатиясына скрининг жүргізіледі. Көз микрохирургиясы бөлімшесі қажетті жабдықтармен жабдықталған, жедел емдеу үшін лазерлік қондырғы бар. 2018 жылы жергілікті бюджет есебінен торлы камера сатып алынған. Орталықта қазір облыстық көз микрохирургиясы орталығының алты офтальмолог дәрігері келіп-кетіп жұмыс істейді, барлығы шала туған нәрестелерді ретинопатияға скрининг жүргізу үшін тиісті дайындықтан өткен. Екі дәрігер шала туған нәрестелердің ретинопатиясына скрининг жүргізеді, екі дәрігер биыл лазерлік қондырғыда жедел емдеу бойынша оқудан өткен, операция жасайды. 2022 жылдың тоғыз айында орталықта 6 061 нәресте дүниеге келді, олардың 348-і шала туған, барлығы да 100% ретинопатия бойынша скринингтен өтті. 110 шақалақта диагноз расталды. Оның ішінде диагноздан кейінгі алғашқы 48 сағат ішінде 20 шақалаққа сәтті операция жасалды. Қазір Ана мен бала орталығына екі офтальмолог жетіспейді. Олар қазір аталмыш орталық есебінен резидентурада оқып жүр.
– Ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында АҚШ Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанға ересектерге де, 5 жастан 11 жасқа дейінгі балаларға да «Пфайзер» вакцинасын гуманитарлық көмек түрінде ұсынғаны айтылады. Елімізде 12 жасқа дейінгі балаларды ковидке қарсы егу жоспарда бар ма?
Ажар Ғиният, денсаулық сақтау министрі:
– АҚШ үкіметі бізге гуманитарлық көмек көрсетуге және 5 пен 11 жас аралығындағы балаларға «Пфайзер» вакцинасын тегін беруге ниетті екендерін білдірді. Бірақ препарат қысқа мерзімде ғана әсер ететіндіктен біз бұл көмектен бас тарттық. Сондықтан әзірге елде 12 жасқа дейінгі балаларға вакцина салу көзделмеген. Сол себепті алаңдаудың қажеті жоқ. Порталдағы құжатқа келсек, ол белгілі бір мерзімге дейін тұрады да, соңынан өшіп қалады. Бірақ егер халықтың балаларды егуге қалауы болса, онда біз бұл мәселені қарастырамыз.