ТОП

Енді стационарда ұзақ жатқызбайды

Облыста тәулік бойы стационарда емделгендердің 18%-ы ол жерде  ұзақ болуды қажет етпейді. Бұдан былай әрбір осындай жағдайдың негізділігіне әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры тарапынан мониторинг жүргізілетін болады.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры келешекте стационарды алмастыратын көмектің ауқымын ұлғайтуға қол жеткізбек.

– Біз стационарды алмастыратын көмекті ұлғайтқымыз келеді. Бүгін әрбір адам үшін жұмыстан қалмау маңызды. Біз жұмыс істейміз, жалақы аламыз, отбасын асыраймыз. Ал заманауи медицинаның арқасында  науқас адамға күні бойы ауруханада жату шарт емес. Біз ауруханаларда жүргізілген операциялардың санына талдау жасадық. Варикоцеллалар, липомалар, кішкентай кіндік жарықтары (грыжа) сияқты кіші-гірім операциялар емхана  деңгейінде жасалуы тиіс. Мұндай ота жасатқандарға бес күн ауруханада жатудың  және оған салық төлеушілердің қыруар ақшасын жұмсаудың қажеті жоқ. Науқас емханаға келіп, операция жасатып, кешке дейін дәрігерлердің бақылауында болса жеткілікті, одан кейін үйіне бара береді. Бұл тәулік бойы стационарда жатып емделгеннен үш есе арзан. Талдау қорытындысы бойынша біздің облыста негізсіз тәулік бойы ауруханаға жатқызу  деректері  анықталды, – дейді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының директоры Ғалымжан Әбілов.

Ғалымжан Әбіловтің пікірінше, стационарлар өзінің белсенді жұмысын көрсетіп, оған ақша алғысы келсе, онда ауруханаға шынымен мұқтаж адамдарды жатқызуға тиіс.

– Мұндай жағдайлардың әрқайсының негізділігі енді қатаң бақылауға алынады, – деп жалғастырды ол. – Кішкентай кіндік жарығымен жатқан адам  біреуге шынымен қажет төсек-орынды алып жатуы мүмкін ғой?!

Бұдан былай емханалар мен амбулаториялық хирургия орталықтары деңгейінде көрсетілетін барлық жедел медициналық көмек сол жерлерде көрсетілетін болады. Айта кетейік, Өскеменде Әуезов даңғылы, 26 мекенжайындағы облыстық консультативтік – диагностикалық орталығында амбулаториялық көмек көрсету бөлімшесі жұмыс істейді.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button