Енді қай көшелер жөнделеді?
Өскемен көшелеріндегі жолдарды орташа жөндеу жұмыстар аяқталуға жақын. Бұл туралы қала әкімі Жақсылық Омар әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Белгілі болғандай, Стаханов және Қабанбай батыр көшелеріндегі жұмыстар толық аяқталған екен. Ал Крылов пен Красин көшелеріндегі жұмыстар жуықта бітеді. Осы айдың соңына дейін Үлбі кентіндегі және Сәтпаев даңғылы мен Жастар көшесінің арасындағы жолдарды жөндеу жұмыстары да соңына жетпек. Бұл шамамен 5,5 шақырымға жуық жол.
– Дегенмен, әлі де жөндеуді қажет ететін учаскелер көп. Сондықтан көшелерді орташа жөндеудің екінші кезеңін өткізу туралы шешім қабылданды. Бастаманы қалалық мәслихат қолдап отыр және бұл мақсатқа қаражат та бөлініп қойды, – дейді әкім.
Шаһар басшысының айтуынша, екінші кезең барысында Буров, Қазақстан, Қалихан Ысқақ, Интернациональный және Халықтар Достығы көшелерінде жөндеу жұмыстары жүргізілуі тиіс.
– Болжам бойынша шілде айында мердігерлерді анықтап, жұмысты бастай аламыз, – деді қала әкімі.
Сәрсен Қабылым