Енді өз МРТ кабинеті бар

Өскемен қаласындағы ана мен бала орталығында көптен күткен балаларға арналған МРТ аппараты орнатылды. Бұл нағыз тарихи сәт деуге болады. Өйткені бүлдіршіндерді тексеретін МРТ аспабы әлі болып көрмеген. Бұл жабдық Шығыс Қазақстан мен көрші Абай облыстарында тұңғыш рет іске қосылып тұр.
Жоғары технологиялық жабдыққа «Денсаулық сақтау саласын жаңғырту» мемлекеттік бағдарламасының аясында қол жеткізілді. Құны бір миллиард теңгеге жуық аспап облыс әкімінің, Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен сатып алынды.
– Алдағы уақытқа балалар тексерулерден өту үшін республикалық орталықтарға немесе басқа қалаларға сабылмай, өзімізде уақытында өтетін болады. Құрылғыда жұмыс істейтін мамандарымыз арнайы оқудан өтіп, білімдерін жетілдірді. Ерекшелігі – қуаттылығы 1,5 тесла МРТ аппараты барлық травматологиялық, ортопедиялық, нейрохирургиялық, онкологиялық ауруларды уақытында тексеріп, дәл диагноз қоюға, дұрыс ем тағайындауға мүмкіндік береді. Қазір Мәскеу қаласынан келген медтехниктер аппаратты іске қосып жатыр. 24/7 режимімен қабылдайтын болады. МТР аппаратының жұмыс уақыты, кезек туралы ақпараттың барлығы облыстық денсаулық сақтау басқармасының сайтында қосымша хабарланады, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мадина Мырзабекова.
Мамандардың сөзіне қарағанда, 1,5 тесла МРТ аспабы проблемалық аймақты асқан дәлдікпен анықтап, тіндерді дұрыс және айқын бейнелейді. Құрылғының осы ерекшеліктері жоғары өрісті жабдықты әр бағытта диагностика жасауға пайдалануға мүмкіндік береді.
Ана мен бала орталығының бас дәрігері Жайық Амангелдіұлының айтуынша, МРТ кабинетінде тек балалар ғана емес, ересектер де тексеруден өте алады.
– Бұл Шығыс Қазақстан мен Абай облысында балаларға қызмет көрсететін алғашқы МРТ аппараты. Жапониядан шығарылған жаңа модельді аппаратта бір айға толған нәрестеден бастап 18 жасқа дейінгі балаларға тексерулер жүргізілетін болады. Сонымен қатар ересектерді де тексереміз, жасына байланысты ешқандай шектеу болмайды. Жүкті әйелдер мен босанған жас аналарды тексеруге де өте қолайлы, – деп атап өтті бас дәрігер.
Айна Ескенқызы