ТОПШағын кәсіпкерлік

Енді құжаттар электронды форматта қабылданады

     Облыста «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында бөлінген гранттардың төңірегіндегі шу әлі басылмай тұр. Конкурста жобалары өтпей қалған кәсіпкерлерден құрылған белсенді топ алдымен облыстық кәсіпкерлер палатасының алаңында кездесу өткізіп, арыз-талаптарын жеткізген болатын. Өткен жұма күні бұл мәселе облыстық қоғамдық кеңестің шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі сараптамалық жұмыс тобының отырысында тағы да қаралды.

 Дау-дамай неден шықты?

Биыл өңірде «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы  гранттарға 517 млн. теңге бөлінген болатын. Конкурсқа кәсіпкерлерден барлығы 483 жоба келіп түскен. Комиссияның шешімімен 106 бизнес-идеяның авторлары жеңімпаз деп танылып, қалған 377 жоба өтпей қалды. Алайда жобасы мақұлданбаған кәсіпкерлердің бірі Данил Комагоров бұл жерде әділетсіздік болғанын айтып, әлеуметтік желіде «Атамекен»  ұлттық кәсіпкерлер палатасына, облыстық әкімдікке және еліміздің бизнес-омбудсменіне ашық хат жариялаған-ды.

Облыстық кәсіпкерлер палатасында болған алғашқы кездесуде палата директоры Мәріпбек Шәкербек,  «Шығыс – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Маржан Бақыт, палатаның аймақтық кеңесінің мүшелері Роман Честных пен Әсем Сапарғалиева, кәсіпкерлердің бір тобы жағдайды талқылап, ортақ шешімге келуге тырысты. Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Мәріпбек Шәкербек «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы ешқашан да бизнесті қаржыландырумен айналыспағанын, оның құзырына тек кәсіпкерлерді оқыту мен олардың жобаларын дайындауға қолдау көрсету ғана кіретінін қадап айтты. Дегенмен, облыстық кәсіпкерлер палатасы бизнес пен мемлекет арасындағы диалогты алаң болуға әзір екеніне тоқталды.

– Мемлекеттік гранттарды бөлетін жұмыс органы – облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық  даму басқармасы. Біздің палатаның оған ешқандай қатысы жоқ. Алайда гранттарды бөлуде сыбайлас жемқорлықтың қатерлеріне әкеліп соғатын проблемалар бар деп санаймыз. Мысалы, конкурстық комиссияның жұмысы ашық емес, конкурстың қорытындысына шағымданудың тәртібі анықталмаған, комиссияның шешімі құпия деп саналады. Мұның барлығы – жүйелі проблемалар. Бүгін біз сіздердің ұсыныстарыңызды тыңдап, өкілетті органға жеткізуге дайынбыз. Сол үшін бас қосып отырмыз, – деді Мәріпбек Шәкербек.

Палата директоры бизнес-жоспарларға қатысты проблемалар бар екенін де жасырмады. Атап айтсақ, әртүрлі қаржылық институттарға бірыңғай үлгі қарастырылмаған, әр банктің бизнес-жоспарларға деген талаптары әртүрлі. Мәріпбек Шәкербек бұл сұрақтарды орталық аппарат арқылы шешуге тырысатындарын айтты.

– Биыл «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында бөлінетін гранттардың конкурсына біздің мамандар 186 бизнес-жоспарды дайындады. Осы жерде кәсіпкерлердің легі әсіресе соңғы аптада тым көп болғандықтан, консультант-мамандардың жүктемесі бірнеше есе артып кеткенін айтқым келеді. Ал бір жоспарды әзірлеуге кемінде үш күн керек, өйткені кейде мәліметтер толық болмайды. Сондай-ақ үміткер жоспарды өзі жазуына болады, не болмаса біреуге ақылы түрде дайындатып алса да өз еркі, – деп түсіндірді палата директоры.

Басқосуда кәсіпкерлер өз жобаларын қалай қорғағандарын, комиссия мүшелері тарапынан орын алған келеңсіздіктерді жарыса айтты. Жас кәсіпкер Александр Комагоров  соңғы аптада үміткерлердің көп болуын кәсіпкерлер палатасының жұмысындағы олқылықтан, мемлекеттік қолдау бағдарламасын жыл бойы өз деңгейінде насихаттамағандықтан деп санайды. Конкурс қорытындысының хаттамасы шындыққа жанаспайтынын айтып, комиссия мүшелері бизнестен тым алшақ деген пікірін ортаға салды.

– Комиссия мүшелері қандай ыңғайсыз жағдайда қалғанын елестету қиын емес деп санаймын, өйткені олардың негізгі қызметі бизнестен алшақ, сол себепті мұндай мәселелерді шешуге біліктіліктері жоқ. Олардың маған қойған сұрақтарына қарап, мен олардың осы жаңа бизнес-идеялардың қандай да бір ауданда бар-жоғын білмейтінін байқадым. Мүмкін, оларға облыстағы кәсіпкерлік жағдайы бойынша мониторингтік материалдар берілмеген шығар, – дейді Александр.

Риддер қаласының өкілі, кәсіпкер Наталья Мешкова моноқаладан ұсынылған 19 жобаның бірде-бірі неге іске алғысыз болып қалғанын түсінбейді. Кәсіпкер комиссия мүшелерінің өзін немқұрайды тыңдағандарын, сондай-ақ хаттамаға қол қойған комиссия мүшелерінің кейбіреуінің сол күні болмағанын айтты. Кәсіпкер Гуля Кожебаеваға комиссия «жобаңыз әлеуметтік маңызды, тиімділігі жоғары» деп баға бергенімен, ол да неге өтпей қалғанын ұқпай дал болды.

Аймақтық кеңестің мүшесі Роман Честных өзіне шағымданған кәсіпкер Екатерина Швецованың арызына байланысты мынандай ой түйді.

– Конкурста біреу жеңеді, біреу жеңіледі, мұнда тұрған ештеңе жоқ. Мәселе – комиссия мүшелерінің этикаға жатпайтын қылықтарында. Мысалы, Екатерина: «Олар менің сөзімді қайта-қайта бөліп, кейде өзара күлісіп, «неге осынша ғана сома сұрайсыз, неге одан көп емес?» деп келеке етті», – деді бізге. Бұл – өте орынсыз жағдай! Үміткерлерде комиссия мүшелеріне деген сенімсіздік орнады. Тағы бір түсінбегенім, неге бейнежазба жүргізілмейді? Конкурс ашық өткізілуі тиіс емес пе? Жобаны қорғауға бөлінген үш-бес минуттың ішінде бизнес-идеяның құпиясы жария болады деп ойламаймын, – деді Роман Честных.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры өзіне Абай, Тарбағатай аудандарынан келген кәсіпкерлердің айтқан шағымдарына тоқталды.

– Қазақ тілді аудандардан келген үміткерлер комиссияда отырғандар мемлекеттік тілді ұқпайтындарына арызданды. Алайда жазбаша түрде шағымданудан бас тартты. Соған қарамастан, біз комиссия мүшелерін ауыстыру туралы сіздердің ұсыныстарыңызды толық қолдаймыз. Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшылығы да сіздермен жолығып, проблемаларды бірлесе шешуге дайын, – деп қорытындылаған болатын сол жиынды Мәріпбек Шәкербек.

 

Сыбайлас жемқорлық қатерлеріне тексеріледі

Облыстық қоғамдық кеңестің шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі сараптамалық жұмыс тобының отырысында облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ержан Шұрманов биылғы конкурста орын алған кемшіліктердің шығу себебін түсіндіруге тырысты.

– Биылғы конкурс 2019 жылдың 31 желтоқсанында шыққан жаңа ережелер бойынша өткізілді. Өйткені «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының мерзімі аяқталып, «БЖК-2025» бағдарламасы басталды. Грант бөлу жобасы бізде 2013 жылдан бар, ескі ережелер ұзақ уақыт қолданыста болды. Ол қарапайым әрі кәсіпкерлерге түсінікті болатын. Жаңа ережелер бұрынғыдан өзгеше. Дәл осы жаңа талаптар бизнес тарапынан қарсылыққа тап болды, – деді басқарма басшысы.

Ержан Шұрманов кәсіпкерлердің өтініштері конкурстық комиссияның жұмысына көбірек қатысты болғанымен, гранттық қаржыландыру мәселесі үкіметтік деңгейде көтерілгенін, оған өздерінің ұсыныстарын жібергенін айтты.

– Бір апта бұрын Үкімет деңгейінде «БЖК-2025» іске асыру мәселелері бойынша кеңес болып, облыс өкілдері гранттық қаржыландыру мәселелерін көтерді. Сол кеңестің қорытындысы бойынша біз Ұлттық экономика министрлігінің атына бизнес тарапынан шағымдарды, заңнамамен анықталған сәйкессіздіктерді ескере отырып, оны жою үшін  жекелеген тармақтарды қайта қарау туралы хат дайындап жібердік, – деді басқарма басшысы.

Атап айтқанда, салалық басқарма Ұлттық экономика министрлігінен кәсіпкерлерді іріктеу кезінде конкурстық комиссия мүшелерінің дербес дауыс беруі жөніндегі ақпарат жариялауға жатпайды деген 27-тармақты алып тастауды сұрайды.  Сондай-ақ 15-тармаққа өзгерістер енгізуді ұсынды. Қазір конкурстық комиссияның құрамы басқарма басшылығының бұйрығымен бекітіледі, бірақ басқарма бағалау объективті болу үшін конкурстық комиссияның құрамын облыс әкімдігінің қаулысымен бекітуді ұсынып отыр. Тағы бір ұсыныс – кәсіпкерлердің конкурсқа қатысуға ұсынған құжаттарын міндетті түрде тексеруді реттейтін норма енгізу. Қазір бұл ережелерде жоқ. Сондай-ақ басқарма басшысы 2021 жылы конкурсқа барлық құжаттар тек электронды форматта, электрондық үкімет порталы арқылы, кәсіпкерлердің ЭЦҚ көмегімен қабылданатынына назар аударды.

Қоғам белсендісі Елена Березинская-Абилова байқау комиссиясының мүшелеріне қысқа мерзімде барлық үміткерлердің бизнес-жоспарларымен танысу мүмкін емес екенін атап өтті. Елена Березинская-Абилова басқаратын кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі сараптамалық жұмыс тобы жеңілген конкурсқа қатысушыларға Игорь Шацкий басқаратын облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңеске жүгінуді ұсынды. Сондай-ақ конкурстық комиссияның жұмысына сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу туралы өтініш облыс бойынша мемлекеттік қызмет істері департаментіне жолданды.

 Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button