Қоғам

Енді жалдамалы пәтерлер жекешелендірілмейді

       Облыс орталығында коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға кезекте барлығы 10 797 отбасы тұр. Биыл Өскемен қаласы бойынша кезекте тұрғандар арасында 785 жалдамалы пәтер бөлінеді. Бұл туралы Өскемен қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Фархад Жилибаев «ANTIKOR LIVE» жобасы аясында өткен тікелей эфирде мәлім етті.

Фархад Жилибаевтың берген мәліметтеріне сүйенсек, тұрғын үй қорынан баспана алатындар бес санатқа бөлінеді. Кезекте көпбалалы 352 отбасы, 2007 жетім бала, халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына жататын  3 767 тұрғын, баспанасы апатты деп танылған 126 азамат және мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік қызметкерлер, әскери қызметшілер санатына жататын 4 545  адам тұр. Биыл Өскемен қаласы бойынша кезекте тұрғандар арасында 785 жалдамалы пәтер бөлінеді. Баспана беруде басымдық көпбалалы отбасыларға берілгені белгілі. Ағымдағы жылы осы санатқа жататындарға 310 пәтер қарастырылған. Олардың 207-і бүгінгі таңда бөлініп қойса, жыл соңына дейін тағы 103 пәтер көп балалы отбасылар үлесіне тиеді. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 2020 жылы мемлекеттік тұрғын үй қорынан 114 жалға берілетін пәтерді бөлу жоспарлануда.

– Баспана санаттағы тұрғындардың санына байланысты пропорционалды бөлінеді. Яғни, қай санатта кезекте тұрғандар саны көп болса, соларға берілетін пәтерлер саны да көп болады. 2019 жылы екі мың адам кезектен шығарылып тасталды. Кейбіреуінің басқа жаққа қоныс аударуына байланысты мекенжайы өзгеріп кеткен немесе статустары өзгерген. Мысалы, мүгедектігі үшінші топқа ауысқан (тек 1, 2 топтағыларға ғана беріледі), не болмаса мемлекеттік қызметтен кеткен болуы мүмкін. Ал биыл осындай себептермен мың адам тұрғын үй қорынан пәтер алу құқынан айырылды, – деп түсіндірді Фархад Жилибаев.

Бөлім басшысы  көпбалалы отбасыларының сонымен қатар «Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша баспанамен қамтылуы жайында айтып берді. 2019 жылы 44 көпбалалы отбасы, биыл 12 отбасы осы бағдарлама бойынша тұрғын үй сатып алған. Қиын жағдайда қалғандар  демеушілер тарапынан бес баспанамен қамтылыпты.

Парыз қорынан 15 отбасына 34,5 млн. теңге сомада бастапқы жарнасына тұрғын үй сатып алу үшін материалдық көмек көрсетілді. Бұл санатқа қосымша қала әкімдігі бастапқы жарнаға (тұрғын үй сертификаты) 15 млн. теңге бөлді. Ағымдағы жылдың 6 қазандағы жағдай бойынша Өскемен қаласы бойынша «Бақытты отбасы» бағдарламасын есепке ала отырып, осы санаттағыларға барлығы 219 пәтер бөлінді. Жыл соңына дейін тағы 112 көпбалалы отбасын, оның ішінде «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша көпбалалы тоғыз отбасын жалға берілетін пәтермен қамтамасыз ету жоспарлануда.

– Жалдамалы пәтерге қол жеткізгендер айына жеті-тоғыз мың теңге көлемінде пәтерақы төлейді. Бірақ қазір жалдамалы пәтерлерді жекешелендіруге өзгертулер енгізілген. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасымен салынған үш үй жекешелендіруге жатады. Келесі жылы пайдалануға берілетін жалдамалы үйлер жекешелендіруге жатпайды. Өткен жылы «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынған баспаналар да жеке қолға өтпейді, – деп ескертті Фархад Жилибаев.

Бөлім басшысының түсіндіруінше, кезекте тұрғандар пәтерлерін жекешелендіріп алғаннан кейін, үшінші тұлғаға сатып жіберген фактілер болыпты. Сосын бес жыл өткенде қайта кезекке тұрған сияқты алаяқтық кесте анықталған. Сол себепті бұдан былай жалдамалы пәтерлер жекешелендірілмейді екен.

Тұрғын үй инспекциясының басшысы тұрғын үй қорынан берілетін үйлердің құрылысының сапасыз жүргізілуіне байланысты пікірін де ортаға салды.

– Біздің балансымызға тек жалдамалы пәтерлер ғана кіреді. Сол себепті осындай мақсатта салынған үйлердің сапасына ғана жауап береміз. Үйді пайдалануға бергенде пәтер иесі мен біздің мамандар тексеріп алады. Басқа үйлердің құрылысында олқылық болса, тұрғындар тапсырыс берушіге шағымдануға құқылы. Кепілдік мерзімі болады, мердігер кемшіліктерді жоюға міндетті. Егер мердігер келіспесе, тапсырыс беруші оны сотқа беріп, даулы мәселені сот арқылы шеше алады, – дейді қаланың бас тұрғын үй инспекторы.

Кездесу соңында Фархад Жилибаев тұрғын үй қорынан кезексіз баспана алып беремін деген жалған уәдеге сеніп қалмауға шақырды. Айтысына қарағанда, өткен жылы әкімдіктің қызметкеріміз деп алаяқтықпен ақша тапқан екі қылмыскер ұсталыпты.

– Тұрғын үй кезегі қазір қала әкімінің, біздің бөлімшенің сайтында ашық түрде жарияланады. Кезекте тұрғандарға өз кезегін жіті бақылауға мүмкіндік бар. Сол себепті алаяқтардың қылмыстық іс-әрекетіне түсіп қалмаңыздар. «Ақша берсеңіз, кезектен тыс үй алып берем» дегендерге сенбеңіздер, – деп ескертті Фархад Жилибаев.

«Шығыс – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Маржан Бахыт тұрғын үй бөлу комиссиясына «Шығыс – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің, БАҚ, қоғамдық ұйымдар өкілдерін енгізу туралы ұсынысын айтты.

– Алдағы уақытта пәтерлерді бөлу кезінде тұрғын үй комиссиясының жұмысы ашық және айқын болуы үшін «Шығыс – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің, БАҚ, қоғамдық ұйымдар өкілдері қоғамдық бақылауды күшейтетін болады. Баспананың әділ бөлінуін қадағалау мақсатында, осы топтағы азаматтарды комиссия құрамына енгізуді сұраймын, – деді Маржан Бахыт.

Эфир соңында жобалық кеңсе жетекшісі Маржан Бахыт бөлім басшысы Фархат Жилибаевпен бірге Өскемен қаласы, Әл-Фараби көшесі, 34 мекенжайы бойынша коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алған отбасылармен кездесті.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button