Енді зейнеткер жинаған қаржысын бірден ала алмайды

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнеткерлер бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жинақталған қаражаттарын бірден ала алмайды. Бұдан былай оларға жинаған ақшалары ай сайын төленетін болады. Бізге бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы осы және басқа да өзгерістер жайында «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-ның Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Қарлығаш Байділдаева айтып берді.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан берілетін зейнетақы төлемдерін есептеу тәртібі мен оларды алу кестесі 2018 жылдың 1 қаңтарынан өзгеріске ұшырайды. Қарлығаш Байділдаеваның сөзіне қарағанда, бұл өзгерістер 2014 жылы Елбасының Жарлығымен бекітілген, Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында көрсетілген. Тұжырымдаманың бұл нормалары 2015 жылы мақұлданғанымен, күшіне 2018 жылдың қаңтарынан бастап енеді. Сонымен, зейнеткер жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтарының сомасы ең төмен зейнетақының 12 еселенген мөлшерінен аспаған жағдайда ғана жинақталған қаржысын толық ала алады. 2018 жылы бұл сома: 33 745 x12 = 404 940 теңгені құрайды. Бұл сомадан артық қаражаттың барлығы тек ай сайын төленеді.
-Қарлығаш Науанқызы, сонда БЖЗҚ-дан төленетін ай сайынғы зейнетақы төлемдерінің мөлшері қалай есептеледі?
-Үкімет Қаулысымен бекітілген, зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асыру әдістемесіне сәйкес, зейнетақы төлемдерінің жылдық сомасының он екіден бір бөлігі ретінде (12/1) айқындалады. Әдістеме бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы, алушының тиісті жасындағы зейнетақы жинақтарының ағымдағы құнының коэффициенті ескеріледі. Зейнетақы жинақтарының ағымдағы құнының коэффициенті дегеніміз зейнетақы жинақтарының инвестициялық басқаруда болған мерзімін есепке ала отырып, олардың болашақтағы құнын ескеретін көрсеткіш. Зейнеткердің қорда жинақталған сомасы осы коэффициентке көбейтіліп, 12-ге бөлінеді. Одан шығатын сома зейнетақы Қорынан жүзеге асырылатын ай сайынғы төлем болып табылады. Бірақ ай сайынғы зейнетақы төлемдерінің мөлшері тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің 54 пайызынан төмен болмауы тиіс ( келесі жылы бұл көрсеткіш 15 579 теңге).
Жинақтаушы қордағы қаражатты ай сайын бөліп берудің себебін Қарлығаш Науанқызы былайша түсіндірді.
– Қазір зейнетақы мөлшері үш жүйеден құралатыны белгілі. Еңбек өтіліне байланысты ынтымақтасты зейнетақы, базалық зейнетақы және жинақтаушы қордан түскен қаражаттан түзеледі. Жыл сайын адамдардың 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі азайып келеді, демек, ынтымақтасты зейнетақысының көлемі де азаяды. Сол себепті зейнеткердің ай сайынғы алатын зейнетақысы күн көрісіне жететіндей мөлшерде болуын қамтамасыз ету үшін осы жаңа жүйеге көшу қарастырылды, – дейді директордың орынбасары.
Жаңа жылдан бастап Қордағы жинақталған соманы бірден шешіп алу құқығы тек шетелге тұрақты қоныс аударғандар мен қайтыс болған зейнеткерлердің мұрагерлеріне ғана беріледі. Тіпті, бірінші және екінші топтағы мүгедектер де жинаған қаражаттарын бөлшектеп алатын болады.
Шетелге кеткендерге қаражаттарын алу үшін өтініш жазып, қажетті құжаттарды ресімдеу керек. Мұрагерлерге жарты жылдан кейін мұрагерлік туралы құжаттардың негізінде жеке шоттағы қаржыны бірден шешіп алуына болады.
Көптеген тұрғындар зейнетақы жинақтаушы қорлардың бір қолға бірігуінен кейін өздерінің жеке шоттарын қалай тексеру керектігін білмейтіндеріне шағынады. Ондай адамдар қордың жергілікті бөлімшелеріне келіп, келісімге отырса, қордың мамандары тұтынушылардың қалауы бойынша есеп беріп отырады.
-Біз оларға электронды қызмет түрін көрсете аламыз. Қалаулары бойынша, ай сайын, не болмаса тоқсанына бір рет, әлде жарты жылда бір рет жеке шоттарының көшірмесін жолдаймыз. Не болмаса интернет арқылы біздің сайтқа кіріп, өз беттерімен таныса алады. Сонымен қатар, зейнетақы жүйесіне қатысты барлық жаңалықтарды осы жерден табады. Смартфондарға арналған қосымшамызды жүктеп алып, соның қызметін пайдалануға да мүмкіндік бар, – деп жалғастырды Қарлығаш Науанқызы.
1300 салымшы қордағы қаражаттарын әлі алмаған
Қазақстанда 2017 жылдың 1 қазанындағы мәліметтер бойынша 9 миллионнан астам салымшы болса, облысымызда 639 840 жеке шот тіркелген.
Шығыс Қазақстанда зейнеткер жасына жеткенімен БЖЗҚ-нан жинақтаған қаражатын әлі шешіп алмаған 1300 салымшы бары анықталған. Қарлығаш Байділдаеваның мәліметтеріне сүйенсек, олардың жеке шоттарында бір мың теңгеден бірнеше миллион теңгеге дейін ақша жатыр.
-Біз оларды іздестіріп жатырмыз. Кейбіреулерімен телефон арқылы тілдесіп, жағдайды түсіндірдік. Көпшілігі уақыттың тапшылығын, «кейін бір барамыз» деп жүргендерін алға тартты. Егер олар қазір, жаңа жылға дейін келіп, қордағы қаражаттарын шешіп алмаса, 2018 жылдың 1 қаңтарынан жаңа тәртіппен, ай сайын алатын болады, – деп түсіндірді басшы.
Облыста 36 мыңнан астам қате жеке шот тіркелген
БЖЗҚ-дағы тағы бір проблема – бір салымшының атына бірнеше жеке шоттың ашылуы. Қаражаттарын алмай жүргендердің арасында жеке шоты барын білмейтіндер де бар болып шықты. 1998-1999 жылдары зейнетақы қорының төлемдері ешқандай әлеуметтік жеке кодсыз (СИК), салымшының аты-жөні мен туған жылы бойынша аударыла бергені оқырмандардың есінде шығар. Жұмыс орнындағы кез келген бухгалтер тұтынушының аты-жөнінде қате жіберуі мүмкін. Жеке кәсіпкерлер жарналарды банктер арқылы аударғаны белгілі. Ол жерде отырғандар да құжаттың түпнұсқасы болмағандықтан, жеке мәліметтерде қате жіберген.
-Соның салдарынан, бір адамның атында бір дұрыс, бірнеше қате, тіпті бес жеке шотқа дейін жүргенін біз енді анықтап отырмыз. Қазақстан бойынша 338 мың қате жеке шот болса, облыста 36 мыңнан астам осындай жаңсақ жеке шот тіркелген. Бұл шалағайлықтар адами факторлардың кесірінен орын алған. Біз бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүргіздік. Көптеген қате жеке шоттарды анықтап, бір салымшыға тиістілерін біріктіріп, қалғандарын жауып тастадық. Бірақ әлі де түсініксіз жеке шоттар бар. Сол себепті әр салымшы бұл іске жауапкершілікпен қарап, қордағы мәліметтерін мұқият тексеріп отырса,- деген өтінішін жеткізді директордың орынбасары.
Зейнетақы төлемдерін ай сайын аудару қажет
Қарлығаш Байділдаева ай сайын аударылатын зейнетақы төлемдеріне қатысты пікірін де білдірді.
-Зейнетақы төлемдері ай сайын жасалуы керек. Өздеріңізге белгілі, 2018 жылдан бастап базалық зейнетақыны тағайындау үшін еңбек өтілі зейнетақы қорына аударылған төлемдер бойынша дәлелденеді. Егер жұмыс беруші екі-үш айдың жарнасын жинап, аударса, онда еңбек өтіліне жарна түскен ай ғана есептеледі. Бұл әсіресе жарты жылда бір рет төлем жасайтын жеке кәсіпкерлерге, шаруа қожалықтарының қожайындарына қатысты. Сондай-ақ жаз айларында дем алатын мектеп ұжымдары да осындай заңсыздыққа жол беріп жатады. Сол себепті салымшылар өздерінің жеке шоттарын ай сайын мұқият тексеріп тұрғандары абзал, – дейді Қарлығаш Науанқызы.
Әрине, зейнетақы төлемдерін дер кезінде аудармау – заңбұзушылық болып табылады да, мемлекеттік кірістер департаменті тарапынан қатаң бақылауға алынған. Заң бұзушыларға ескерту жасалады, өсім салынады, соған қарамастан мұндай кемшіліктер әлі де кездесетіні жасырын емес. Сондықтан да бұл процесті салымшылардың өздері жіті қадағалап отырғандары дұрыс сияқты.
Қор мамандары тоқсан сайын салымшылар үшін ашық есік күнін ұйымдастырып тұрады. Кездесуде тұтынушыларға қордағы қаражаттардың қалай жұмыс істейтіні, мемлекет тарапынан берілетін кепілдіктер жайында түсіндіріледі, тұрғындар өздерін қызықтырған басқа да сұрақтарға жауап алады.
Қарлығаш Науанқызы азаматтардың БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу құқығын дер кезінде жүзеге асыруына мүмкіндіктері болу үшін Қордың барлық филиалдары 2017 жылдың 30 және 31 желтоқсан күндері жұмыс істейтінін ескертті. Бұл әсіресе, жоғарыда жазылған, жинақтаушы зейнетақы қорынан қаражаттарын алуға құқылы 1300 салымшыға қатысты. Осы күндері барлық операциялық бөлімшелер таңғы сағат 9.00-ден 13.00-ге дейін салымшыларға қызмет көрсетеді. Басты мақсат – БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу құқығы 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін туындаған немесе туындайтын салымшылардың осы төлемдерді рәсімдеу құқығын жүзеге асыру.
Айна Ескенқызы