Енді өскемендіктер Алматыға 17 сағатта жетеді
Қазанның 29-ынан бастап «Алматы-2 – Защита» бағытында «Тұлпар-Тальго» вагондарынан жасақталған №69/70 жолаушылар пойызы жолға шығады.
«Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының хабарлауынша, жүйрік пойыз күнара қатынайтын болады. Құрамы 2 «Бизнес», 2 «Гранд», 14 «Турист» вагондары мен 1 вагон-мейрамхана, 1 вагон-бар және 3 техникалық вагоннан тұратын пойыз жолаушыларды Өскеменнен Алматыға 17 сағатта жеткізеді. Жолай Сарыөзек, Үштөбе, Матай, Ақтоғай, Аягөз, Шар стансаларына аялдайды.
Бұған қоса аталмыш компания 14 қарашадан бастап жүретін «Тұлпар-Тальго» пойыздарында жол жүру жеңілдіктері алдағы 1 қарашадан енгізілетінін жеткізді. Яғни, адамдар билетті ертерек сатып алған жағдайда 25 пайыздық жеңілдікке ие болады. Есесіне, пойыз жүргелі тұрғанда сұранысқа сәйкес билеттер құны өзгеруі мүмкін.
Сондай-ақ, жыл соңына дейін «Астана-Защита» бағытында да «Тұлпар-Тальго» жолаушылар пойызы қызмет көрсете бастайтын болады.
Шығыс-Ақпарат