Енді «KIA Ceed» көлігін өзімізде құрастырамыз
Кеше Өскемендегі «Азия Авто» автокөлік құрастыру зауытында жаңа «KIA Ceed» көлігінің салтанатты тұсаукесері болып өтті. Шараға облыс Әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев, еліміздегі Корея Республикасының төтенше және өкілетті елшісінің орынбасары Сон мырза, «Азия Авто» АҚ-ның президенті Ержан Мәндиев, сонымен қатар, Корея мен Словакиядан келген мәртебелі қонақтар қатысты.
Отандық нарықтағы тұтынушыларының саны жылдан-жылға артып келе жатқан «KIA Motors» компаниясының көліктері бүгінде «Азия Автоның» ең негізгі өнімдерінің біріне айналып отыр. 2013 жылғы ақпан айының қорытындылары бойынша «KIA» маркасы шетелдік автокөлік брэндтері арасында бірінші орынға көтерілуі соның айқын дәлелі іспеттес. Мұны өз сөзінде «Азия Авто» АҚ-ның президенті Ержан Мәндиев те ерекше назарға алды.
– Соңғы жылдары «KIA» маркалы көліктер отандастарымыз арасында үлкен сұранысқа ие болуда. Себебі, бұл автокөліктер дизайны, сапасы, жабдықталуы және ең бастысы – қауіпсіздігі жағынан бұл салада жағымды төңкеріс жасады. «KIA Ceed» қазақстандық автосүйер қауымның тарапынан лайықты бағасын алатынына сенімдімін, – деді Е.Мәндиев салтанатты шараның ашылуында.
Расымен де, қазіргі уақытта елімізде ғана емес, бүкіл әлемдік деңгейде көлік өндірісінің айтарлықтай бір белесін бағындырып отырған кореялық автоконцерннің жетістіктері туралы ауыз толтырып айтуға болады. «KIA Cerato», «KIA Quoris», енді міне, «KIA Ceed» сынды темір тұлпарлар бұл саланың жілігін шағып, майын ішкен талай маманның таңдайын қақтырып отыр бүгінде.
Тұсаукесер рәсімге қатысқан облыс Әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев та «Азия Авто» мамандарына жаңа көліктің артықшылықтары туралы көкейдегі сауалдарын жолдап, қызығушылығын жасырмады.
– Мені бірінші кезекте бұл көліктің айқыш-ұйқыш жолда қалай жүретіні қызықтырады. Жалпы, бұл көліктің бір қарағаннан-ақ көзге түсетін артықшылықтары аз емес екен. Сыртқы дизайны да, ішкі салоны да жоғары стандарттарға сай етіп жасалыныпты, – деп «KIA Ceed»-ке қарапайым жүргізуші әрі жолаушы ретінде өз бағасын берген Ермек Көшербаев мұндай көліктерді шығарып отырған «Азия Автоның» ел экономикасындағы ерекше орны туралы да атап көрсетті. – Әрине, қазіргі уақытта «Азия Автоға» қатысты басты жоба – толық циклді жаңа зауыттың құрылысын бастау болып отыр. Жылына 120 мың автокөлік шығаратын бұл өндіріс орнының салынуына ресейлік «Авто ВАЗ» компаниясы көмектеспек. Аталмыш жоба республикалық «Индустрияландыру картасы» бағдарламасына енгізілді. Бүгінгі кезде жаңа өндіріс орнының аяғына нық тұруы үшін мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау амалдарын қарастырып жатырмыз. Қалай болғанда да, 2017 жылға таман зауытты іске қосамыз деп ойлаймын, – деді ол.
Облыс Әкімінің бірінші орынбасары өз сөзінде жаңа зауыт облысымыздың салық салу базасын кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға, сонымен қатар, аймақ экономикасының әртараптандырылуына үлес қосатынын ерекше атап өтті.
Ал еліміздегі Корея Республикасының төтенше және өкілетті елшісінің орынбасары Сон мырза мұндай әріптестік екі ел арасындағы байланысты одан әрі нығайта түсетініне сенімді екенін жеткізді.
– Бүгінгі салтанатты шараға қатысып отырғаныма қуаныштымын. Мұндай зауыттың бар болғаны Қазақстан үшін ғана емес, корей елі үшін де өте маңызды. Себебі, «Азия Авто» арқылы кореялық көліктер сіздердің елдеріңізде де үлкен сұранысқа ие бола бастады. Ал жаңа зауыт ашылғаннан кейін «Азия Автоның» көршілес елдерді де жаңа көліктермен қамтуына жол ашылмақ. Сондықтан «Азия Авто» мен «KIA Motors» арасындағы бұл стратегиялық маңызы бар әріптестікті одан әрі нығайтуға мүдделіміз, – деді Сон мырза.
«KIA Ceed» көлігінің тұсаукесер рәсіміне қатысқан мамандар жаңа көліктің артықшылықтары туралы көп айтты. Дегенмен, қарапайым халық үшін темір тұлпар бағасының қолжетімді болуы маңызды. Сол себепті «Азия Автоның» құрылыс және жалпы мәселелер жөніндегі директоры Ольга Прудникованы сөзге тартқан едік. Ол конвейерден шыққан су жаңа «KIA Ceed»-тің құны 22-27 мың АҚШ долларына пара-пар келетінін айтты.
Ал Словакиядан ат терлетіп келген мәртебелі мейман – «KIA Motors Slovakia» компаниясының президенті және атқарушы директоры Чон Кил Бэ мырза бұл көлік Қазақстан нарығында ойып тұрып өз орнын алатынына сенімділігін білдірді. Себебі, көршілес Ресейде де, Украина мен Беларусь елінде де сатылымға түскен «KIA Ceed» автокөліктері көп күттірмей-ақ тұтынушылар тарапынан оң бағасын алған көрінеді.
– Осыдан біраз уақыт бұрын «KIA Motors Slovakia» «Ceed» маркалы автокөліктерді шығаруды қолға алған болатын. Қазіргі кезде Еуропа нарығына арнап жылына 150 мың осындай көлік жасаудамыз. Өздеріңіз көріп отырғандай, «KIA Ceed» Еуропа елдерінде жоғары сұранысқа ие. Содан да болар, Қазақстанда да бұл көлікке оң баға беретін тұтынушылар табылады деп үміттенеміз, – деген Бэ мырза германиялық «Volkswagen» компаниясы «Ceed»-ті өзі шығаратын «Volkswagen Golf» маркалы көлігінің басты бәсекелесі ретінде бағалайтынын мақтанышпен атап өтті.
Бір айта кетерлігі, «Азия Авто» зауытында ұйымдастырылған салтанатты шараға «Hyundai Motor», «Daewoo» сияқты өзге алпауыт автокөлік құрастырушы компанияларының да өкілдері келіп қатысты.
Тұсаукесер рәсімі соңында Ержан Мәндиев пен В-Кю Бэ мырза «Азия Авто» және «KIA Motors Slovakia» арасындағы әріптестікті нығайту жөніндегі екіжақты келісімшартқа қол қойды.