Енді ел өз бетінше үй сала алмайды
«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңға 2016 жылдан бастап тұрғын үйлерді, барлық құрылыс нысандарын қабылдап алу шараларын өзгертуге қатысты бірқатар өзгертулер енгізілді. Жер сілкіну қаупі бар аймақтарда тұратын тұрғындар бұдан былай бұрынғыдай өз бетінше үй сала алмайды. Құрылыс заңнамасындағы құрылысты қабылдап алу үдерісіне енгізілген өзгертуге байланысты енді ел ауылда немесе қалада баспана салу үшін міндетті түрде лицензиясы бар құрылыс мекемесін жалдауы керек. 2001 жылдан бері қолданыста келе жатқан заңға енгізілген соңғы өзгеріс, яғни, жаңа қабылдау шарты құрылысты жүргізушілерге бұрын сақталынбай келе жатқан заң талаптарын қатаң сақтауды міндеттей отырып, құрылысты қабылдап алуда жаңаша талаптар қойып отыр. Осыған дейін салынған құрылыстарды қабылдап алып келе жатқан мемлекеттік қабылдау комиссиясы жыл басынан бері (өрт сөндіру, санитарлық қадағалау қызметтері сияқты барлық мемлекеттік органдар) алынып тасталды. Салынған үйді немесе ғимаратты үй иесі, тапсырыс беруші өздері қабылдап, оларды салушылардан қорытынды акт алады.
Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әсет Сүлейменовтің бізге түсіндіргеніндей, енді құрылысты салуға төрт тұлға: тапсырыс беруші, мердігер (тиісті мемлекеттік құрылыс лицензиясы бар құрылыс-монтаждау ұйымы), авторлық қадағалаушы-жобаны әзірлейтін жобалаушы және техникалық қадағалаушы-техникалық қадағалау бойынша инжинирингтік қызмет көрсетуге қажетті аттестаттары бар тұлғалар қатысады.
– Әсет Бауыржанұлы, жаңадан енгізілген өзгерістер бойынша облыс тұрғындары жекеменшік үйді өздері сала алмайды, міндетті түрде құрылыс мекемесіне салдыруы тиіс. Бұл баспана мәселесі онсыз да күрделеніп тұрған қазіргі кезде тұрғындарға, әсіресе, ауылдағыларға үлкен ауыртпашылық түсірмей ме?
– Бұрын тұрғындар азды-көпті қаражатына, шама-шарқына қарай тұрғын үйлерді өздері салып, қоныстанып жатқан болса, биылдан бастап олай ете алмайды. Кез келген құрылыс нысанын салушы алдымен құрылыс мекемесі, жобалаушы және техникалық қадағалаушы мекеме, заңды тұлғамен келісімшарт жасасуы тиіс. Сейсмикалық қауіпті аймақта тұратындар міндетті түрде үйді лицензиясы бар құрылыс мекемесін жалдап, салдыруы тиіс. Сол үйдің құрылысына кірісу үшін алдымен жобалаушыға оны жобасын жасатуы тиіс, техникалық қадағалаушы құрылыстың салыну барысын қадағалап отыруы қажет. «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңның 75-бабы бойынша нысандарды пайдалануға қабылдау тәртiбiнде көрсетілгендей, мердiгерден (бас мердiгерден) нысанды қабылдауды тапсырыс беруші техникалық және авторлық қадағалаулармен бiрлесiп жүзеге асырады.
Мердiгерден нысанның пайдалануға дайын екендігі туралы жазбаша хабарлама алғаннан кейiн тапсырыс берушi нысанды өзі қабылдап алады. Мердiгерден нысанның дайындығы туралы хабарлама алған соң тапсырыс берушi мердiгерден және техникалық және авторлық қадағалауларды жүзеге асыратын тұлғалардан сәйкестiк туралы декларацияны, құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы және орындалған жұмыстардың жобаға сәйкестiгi туралы қорытындыларды алады. Одан соң барып қана үй тіркеуге алынады.
Жаңа заң жеке тұрғын үй салушыларға біраз қиындықтар тудыратыны рас. Осы жаңа өзгерістерге орай заң күшіне енген кезде біз Астанаға, құрылыс мәселелері жөніндегі комитетке барып заңға енгізіліп отырған ауылдық жерлерде салынатын бір қабатты, қарапайым тұрғын үйлерді лицензиясы бар құрылысшыларға салдыру тәртібін алып тастау туралы ұсыныспен шыққанбыз, бірақ әзірге өзгеріс жоқ, оның алынатыны, алынбайтыны да белгісіз.
– Біздің облыстың барлық аудандары сейсмикалық қауіпті аймаққа жата ма?
– Ұлан ауданы, Семей қаласы, Жарма ауданы, Жезкент, Жаңа Шүлбі кенттері сияқты бірқатар ауылдар мен кенттер, аудандар (кейбір ауылдары) ішінара сейсмикалық қауіпті аймақтарға жатпайды. Яғни, бұл жерлерде тұратындар үйді өздері салып, өздері қабылдап, әділет басқармасына тіркете алады. Өскемен қаласы сейсмикалық қауіптілігі 7 баллдық аймаққа жатады. Жер сілкінісі қаупі бар өңірлеріміздің тұрғындары жаңа өзгерістер тәртібімен ғана сала алады. Сонымен бірге, барлық аймақта тұратын тұрғындар үй салу үшін алдымен біздің басқармадан арнайы рұқсат талонын алуы керек. Ол үшін бізге келудің қажеті жоқ, сайтқа кіріп, электронды түрде алады.
– Заңға енгізілген өзгерістер, толықтырулар құрылыс нарығына қандай тиімділік әкелмек?
– Ең бірінші, салынатын құрылыстардың сапасы артады. Жекеменшік тұрғын үйді немесе мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып жатқан тұрғын үйлердің сапасы осы нысандардың салынуына қатысатын нақты төрт тұлғадан сұралынады. Бірнеше органдардан, тұлғалардан тұратын бұрынғы қабылдап алушы мемлекеттік комиссия кезінде кінәліні, жазықтыны нақты анықтау мүмкін емес болса, енді жаңа құрылыс нысанының сапасы жобалаушыдан, құрылысты салушы мен оны қадағалаушыдан талап етіледі. Қарағанды облысында құлап қалған «Бесоба» тұрғын үй кешені сияқты көзбояушылықпен салынған нысандардың тұрғызылуына жол берілмейтін болады. Бүгінде еліміздегі ірі қалалардың өзінде сапасыз салынған, тіпті қисайып тұрған үйлер көп екенін білесіздер. Қазіргі күні жекеменшік үйлердің, нысандардың көпшілігі де сапасыз материалдардан салынып жатыр, іргетасының, тіректерінің құрылыс нормаларына сай болуын, қауіпсіз болуын тексеріп жатқан ешкім жоқ. 2010 жылы Жәнтікей, Көкжыра ауылдарында су басудан құлап қалған үйлер де сапасыз салынған саман үйлер, іргетасы дұрыс қаланбаған үйлер болғанын мен өзім көрдім.
Екіншіден, өзгерістер бюрократиялық әрекеттерден арылтып, құжаттардың әзірлену мерзімін қысқартуға мүмкіндік беріп отыр. Мердiгер мен техникалық және авторлық қадағалауларды жүзеге асыратын тұлғалар тапсырыс берушiден сұратуды алған күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде сәйкестiк туралы декларацияны, құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы және орындалған жұмыстардың жобаға сәйкестiгi туралы қорытындыларды немесе терiс қорытындыларды ұсынады.
Нысандарды пайдалануға қабылдау рәсімдерінде пайда болған өзгертулер пайдалануға қабылдау мерзімдерін едәуір қысқарта отырып, әкімшілік кедергілерді қысқартуға, қоғамда қолайлы ортаны құруға және жақсартуға бағытталған.
Ал құрылыс үдерісінде тапсырыс берушінің ұйымдармен келісілген шартында құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізушілерде мемлекеттік құрылыс лицензияларының болуы, жобалаушылармен авторлық қадағалауға, техникалық қадағалау бойынша инжинирингтік қызмет көрсетуге тиісті аттестаттары бар ұйымдармен немесе тұлғалармен техникалық қадағалауға жасалған шарттарының болуы «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заң (2001 жылғы №246) құрылып және күшіне енген мезеттен бастап бекітілген және Қазақстан Республикасының аумағында қызметін дұрыс жүзеге асыру үшін әрбір құрылысшыға міндетті шарт болып табылады.
– Облыста сәулетшілер, жобалаушылар жеткілікті ме? Тұрғындарға осы үш қатысушы тұлғаның көрсететін қызметақысы қаншаға түспек?
– Әр ауданда сәулет бөлімдері бар, тұрғындар үй салудың жаңа тәртібін осы бөлімдерге барып немесе бізге хабарласып білуіне болады. Қажетті жобалаушы, құрылысшыларды да осы бөлімнің көмегімен таңдауға, табуға болады. Олардың көрсететін қызметтерінің бағасы нарықпен реттелетін болады бірте-бірте. Аудандағы жобалаушының, қаладағы жобалаушының бағасы әртүрлі, ол үйдің көлеміне, құрылысына қарай. Аймақта лицензиясы немесе аттестаты бар жобалаушы жүздеген мекемелер, тұлғалар бар. Техникалық қадағалаушылар да жетеді. Құрылысшылар да жеткілікті, тіпті, үшінші дәрежелі жүздеген құрылыс мекемелері бар. Тұрғындар солардың ішінен бағасы қолжетімдісін, сапалы атқаратынын таңдап ала алады.
РS. Облыста салынып жатқан құрылыстардың сапасын қадағалау шаралары күшейтіліп жатыр. Былтыр жаңа құрылыстарды салуға 338 рұқсат талоны берілген. Өткен жылы облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы құрылысты сапасыз салған құрылысшыларға қатысты 194 әкімшілік іс қозғап, оларға 32 млн. 600 мың теңгенің айыппұлы салынып, өндірілген. Ақсуаттағы спорт модулін сапасыз салған «Семей Мегастрой» ЖШС компаниясының, салынбай жатып сыр берген құрылыс нысаны жобасын дұрыс жасамаған «Элит проект» серіктестігінің лицензиялары сот шешімімен қайтарылып алынған. Биыл Семейде арнайы қорғалатын аймаққа рұқсатсыз салынған дәмхана құрылысы бұзуға жіберілген. 2016 жылы құрылыс заңдылықтарын бұзып, құрылысты сапасыз салған құрылысшылардың үстінен 199 әкімшілік іс қозғалып, оларға 45 млн.теңгенің айыппұлы салынып отыр.
Жанаргүл Мұқатай