Қоғам

Енді бұл мәселені сағызша созудың мәні жоқ

Енді бұл мәселені сағызша созудың мәні жоқ


Өскемендегі ағайынды Абдуллиндер атындағы облыстық өнер колледжі ғимаратының күрделі жөндеуіне қатысты даулы мәселе облыстық қоғамдық кеңесте тағы да қаралды.

Мердігер компания «Ayat Inspirit» ЖШС директорының орынбасары Ерлан Ешназаров «біз барлық жұмысты бітірдік, енді қалған бес пайыздық кепілдік қаржымызды алып (бұл 15,2 млн. теңге), жөнімізге кетейік деп отырмыз», – десе колледж директоры Әлмира Дүсіпова «жөндеу жұмыстары әлі толық аяқталған жоқ, бәрін бітірсін, бітпеген шаруаға бітті деп қол қойып қабылдап алмаймын» деп нысанды қабылдап алу актісіне қол қоюдан үзілді-кесілді бас тартуда. Директор тапсырыс беруші ретінде өзі орындалуы қажет деп тапқан кемшіліктерді де жіпке тізгендей етіп, жазып алып келіпті. Оны кеңес мүшелеріне таратып берді.

– Мұның бәрін ойдан шығарған жоқпын. Өздеріңіз барып көріңіздер, айтқандарымды бүкіл ұжым растап береді, – дейді Әлмира Дүсіпова.

Ал мердігер болса, нысан басында облыс әкімінің салалық орынбасары, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы болды, авторлық, техникалық қадағалау қызметі өкілдері жөндеу жұмыстары толық біткенін растап қолдарын қойып кетті, онсыз да алда үш жыл бойы кепілдігіміз тағы бар дегенді алға тартады.

– Айтылған кемшіліктерді толық жөндедік, айналасын абаттандырдық. Компанияның бұрынғы иесі бізге айтпай қалдырып кеткен кемшіліктерді толық бітіру үшін өз қалтамыздан 32 млн. теңге қаржы шығардық. Ал колледж әкімшілігі бүкіл жөндеуге арналған қаржының 95 пайызын бұрынғы қожайынға аударып жіберген, ал жұмыс 85 пайызға ғана біткен. Енді бізге қалған бес пайыздық кепілдік соманы алуымыз қажет қой. Себебі, қанша миллион теңгеге ұтылғанымызды өздеріңіз де біліп отырсыздар. Бұл жақтағы осы компания бізге қажет болған соң осылай істеп отырмыз. Бүгінгі кеңесте директордың айтқандарымен келіспейміз. Себебі, жөндеу жұмыстарының бәрі жобалық-сметалық құжаттамаға сай жүргізілді. Ол кісінің неліктен құжатқа қол қоймай отырғаны бізге түсініксіз. Қажет болса, атқарылған жұмысқа көңілі толмаса, өз тарапынан тәуелсіз комиссия шығарып тексертсін. Біз бәріне дайынбыз, – дейді мердігердің өкілі.

Тараптардың екеуі де ғимараттың жөндеу жұмысы бойынша облыс әкімі Даниал Ахметовтің атына арнайы хат та дайындап әкеліпті. Оны облыс әкіміне жеткізу үшін қоғамдық кеңеске тапсырып кетті.

Жағдайдың бәрін жан-жақты саралап қараған кеңес мүшелері бұл мәселені сағызша созудың ендігі жерде еш мәні жоқтығын нақты атады.

– Қарап отырсақ, екеулеріңіздің де ұстанған мақсаттарыңыз дұрыс емес. Ортақ іске бірлесе жұмылып, ұзаққа созылған мәселені тездетіп шешудің орнына қоғамдық кеңеске келіп алып, бір-бірлеріңізге қыр көрсетесіздер. Осы мәселені жыл бойы кеңесте қарап келеміз. Ұсақ-түйек кемшіліктер болмай тұрмайды, оны бірлесіп жөнге келтіруде ешқандай мәселе көріп тұрған жоқпын. Мысалы, жанып кеткен шамдарды қайта жаңалай салудың еш қиындығы жоқ қой. Сондықтан нәтижесіз дауларыңызды одан әрі тыңдаудың қажеті де жоқ, – деген облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Владимир Головатюк кеңес мүшелеріне күн тәртібіндегі бұл мәселені дәл осы жерден тоқтатуды ұсынды.

Естеріңізде болса, колледждің жөндеуін толық аяқтамай, жауапсыз мердігер ретінде танылған «Ayat Inspirit» ЖШС-нің бұрынғы директоры Б.Темірболатов былтыр тамыз айында осыншама былығымен қоса компанияны қазіргі директоры Б.Батаевқа сатып кеткен болатын. Ал Алматыдан келген соңғы иесі біз мұны білмей қалдық деп ақталғанымен, ендігі мұрагер ретінде нысанды өткен жылдың соңына дейін аяқтауға міндеттелген еді. Ақыр соңы осындай дауға ұласып отырған жайы бар. Енді қашан аяқталары әлі де белгісіз.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button