Қоғам

Енді Астанаға 17-ақ сағатта жетуге болады

Енді Астанаға 17-ақ  сағатта жетуге болады

Кеше Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында облысымызда тағы бір қуанышты жаңалық болды. «Өскемен -1» вокзалына Астанадан шыққан «Тұлпар-Тальго» жүрдек пойызы келіп жетті.
Бұрын Өскеменнен Астанаға барғысы келген жолаушылар пойызға мінсе, 27 сағат жол жүретін. «Тұлпар Тальго» екі аралықтағы қашықтықты едәуір қысқартты. Енді Астанаға 17-ақ сағаттың ішінде жетуге болады.
23 вагоннан тұратын жаңа пойызды өскемендіктер салтанатты жағдайда қарсы алды. Осыдан бір ай бұрын «Өскемен-Алматы» бағытындағы жүйрік Тальгоның қатынай бастағанын барлық ақпарат құралдары жарыса жазған болатын. Жаңа бағыттың ең алғашқы жолаушыларын өскемендіктер шоқ-шоқ гүлмен, шашумен қарсы алды. Үрлемелі аспаптардан құралған салтанатты оркестрдің сүйемелдеуімен вагоннан түскен олардан бірден жаңа пойыз туралы сұрадық.
– Астанадан кеше кешкі сағат 21-лер шамасында отырып, Өскеменге күндізгі сағат 14.00-де келіп жеттік. Бұрын Ресей айналып талай уақытымыз кететін. Расында да өте жылдам пойыз екен, – дейді Астанадан келіп жеткен Рахат Азылханова.
Перрондағы салтанатты жиында Өскемен қаласының әкімі Темірбек Қасымжанов сөз сөйлеп, жолаушылар тасымалы саласы бойынша облысымызда ауқымды шаруалардың атқарылып жатқанын айтты және жиналған көпшілікті келе жатқан Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады. Сонымен бірге темір жол саласының үздік қызметкерлеріне алғыс хаттар тапсырылды.
Жүрдек пойыз аптасына үш мәрте қатынайды. Дұйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері Астанадан шықса, сейсенбі, бейсенбі, сенбі күндері керісінше Өскеменнен Астанаға жүреді. 23 вагонның 19-ы «Турист» санатына жатады екен. Бір сусынхана вагоны және бір мейрамхана вагоны, екі техникалық вагоны бар.
Билет бағасы 11-12 мың теңгенің айналасында. Вокзалдағы анықтама қызметінің кезекшісі Ақтоты Ақпышеваның айтуынша, билетті 30 күн бұрын сатып алған жолаушыларға 25 пайыз жеңілдік бар көрінеді. Ал 45 күн бұрын сатып алсаңыз, 30 пайыз жеңілдікке ие боласыз.

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button