Енді асфальтты алыстан тасымайды
Бүгінгі таңда аудан ішіндегі жолдардың көпшілігі сын көтермейтіндей жағдайда. Оларды жөндеуге талпыныс жоқ емес, бірақ ол орасан зор қаржыны талап ететіндіктен, бұл жұмысқа аудан түгіл облыс бюджетінен жеткілікті қаржы бөлу мүмкін болмай отырғаны жұртқа белгілі. Күршім-Қалжыр бағытындағы жолдың бастапқы бөлігі өткен жазда асфальтталып, осы шаруаны одан әрі жалғастыру үшін Сарыөлең ауылының жанынан көшпелі асфальт зауыты бой көтерген болатын. Асфальт зауыты жол салуға тамаша мүмкіндік туғызып отыр.
Енді қат материал – асфальт бұрынғыдай алыстан тасымалданбайды, оның өзіндік құны да арзанға түсетін болады. Біз осы зауытта болып, оның қазіргі кездегі жай-жағдайымен жақынырақ танысуға ниет қылған едік.
– Күн жылына сала біз жаздай жол жөндеуге қажет болатын асфальт қорын жасауға кірісіп кеттік, – дейді осы зауыттың шебері Балтабай Кәріпжанов. – Міне, өзіңіз көріп тұрғандай, жұмысымыз қайнап жатыр.
Бұдан соң ол бізді зауыттың жұмыс үдерісімен таныстыра бастады. Қытай өндірісі шығарған осы асфальт зауыты өз тіршілігін өткен жылдың 26-тамызынан бастап жолға қойған екен. Ол ыстық та, суық та асфальт шығара алады. Көшпелі деп аталғаны – бұл зауытты жол құрылысы жұмыстары осы арадан ұзап кеткен жағдайда келесі маңызды учаскеге апарып, қайтадан құрастыруға болатындығында. Сөйтіп, асфальтты алыстан тасымай, іргедегі зауыттан ала беруге жағдай туады. Ал мұның жұмыстың арзанға түсуіне зор ықпал жасайтындығы түсінікті.
– Зауытымыз ұсақ қиыршық тастың үш түрін, сондай-ақ, құрылысқа қажетті құм шығарады, – деп сөзін жалғады Б.Кәріпжанов. – Осы диаметрі 10-20, 20-40, 40-70 миллиметрлік қиыршық тастар мен құм төрт транспортер арқылы бір мезетте төрт жерге түсіп отырады. Бұл материалдарға қашанда сұраныс мол. Мәселен, қиыршық тастар асфальт жасауға аса қажет материал десек, құмның пайдаланылатын жері де көп болатыны белгілі. Жаз бойы Күршім ауылының ішіндегі, ауыл маңындағы жолдарды жөндеумен айналысатын коммуналдық шаруашылықты да қажетті материалмен біз қамтамасыз ететін боламыз. Осының бәрі қиыршық тас – гравийден алынады. Ал біз осы ірі қиыршық тастың 23 мың тонналық қорын жасап қойған болатынбыз. Соның арқасында жұмыс үзіліссіз жүріп жатыр.
Күршім ауданы