Қоғам

Еңбек министрлігінің өкілдері «Казцинкмашта» болды

Жуырда еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бірінші орынбасары Ақмәди Сарбасов Риддердегі «Казцинктің» машина жасау бөлімшесінде болды. Ол цехтардың заманауи техникалық жабдықталуын және жұмыскерлердің жоғары дайындығын атап өтті.

«Казцинкмаш» өнеркәсіптік кешенін аралау барысында Ақмәди Сарбасовқа машина жасау бөлімшесін дамыту және техникалық қайта жарақтандыру барысы жөнінде айтылды. Алаңда сандық басқару бағдарламасы (СББ) бар станоктар мен желілер орнатылған. Қол еңбегін барынша азайтатын процестерді автоматтандыруға арналған заманауи бағдарламалық қамту енгізілген.

Сондай-ақ вице-министр «Казцинкмаштың» еңбеккерлерімен кездесіп, жаңа әлеуметтік кодекстің жобасы туралы айтып берді. Қызметкерлерді оқыту мен дамытудың маңызына ерекше назар аударды.

– Болашақ кодекстің жеке бөлімі – жұмыспен қамту саласы. Өмір бойы оқыту тұжырымдамасы деген бар. Статистика бойынша, бүгінгі таңда елдегі еңбеккерлердің тек 5%-ы ғана біліктілігін арттырудан өтуде. Бұл дұрыс емес. Біліктілікті арттыру нормалары әлеуметтік кодекстің жекелеген бөлімі аясында реттелетін болады, – деп мәлімдеді Ақмәди Сарбасов.

Атап өтерлігі, «Казцинк» компаниясының барлық еңбеккерлері жылына кемінде бір рет оқудан, біліктілігін арттырудан өтеді. «Казцинкмаш» өндірістік кешенінің директоры Александр Анчугин өзі басқаратын кәсіпорын қызметкерлерінің кәсіби деңгейі жоғары екенін жеткізді.

– Қызметкерлердің біліктілігін арттыру үздіксіз жүруде, – деді ол. – Бұл – жұмыс тиімділігінің кілті. Өйткені процестерді жетілдірмей әлемдегі жетекші кәсіпорындардың тәжірибесін пайдалану мүмкін емес, яғни үнемі дамып келе жатқан нарықта бәсекеге қабілетті болу мүмкін емес. Осы маңызды міндетті шешу үшін біздің персонал ТМД елдерінде, алыс шетелде білімдерін шыңдап тұрады, сондай-ақ екінші білім алады. Компанияда Корпоративтік университет, шеберлердің, цех басшыларының мектептері құрылған.

Кездесу соңында Ақмәди Сарбасов «Казцинкмаштың» өндірістік жабдықталуын жоғары бағалап, қауіпсіз еңбек жағдайларын жасаудың маңызын атап өтті.

Осы айдарда

Back to top button