Дидардың қонағы

– Ән салсам, жаным жай табады

Шолпан Лақаева, әнші, Мәдениет саласының үздігі:

Облыстық драма театрында қызмет істегенімен Шолпан Кеңесханқызы Лақаева – тумысынан әнші. Ол жақсы ән естісе, елең ете қалады. Ол «әнім арманым» дейді. Ол мынау өмірдің ажары әуезді ән екенін жақсы біледі. Осы орайда күміс көмей әнші, облыстық драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі Шолпан Лақаевамен сұхбатты оқырман назарына ұсынамыз.

 Әкем әнші еді

     – Негізі, қазақтың Айман, Шолпан атты қыздарының барлығы шетінен өнерлі болып келеді. Ата-анаңыз сіздің де есіміңізді өнер адамы болса екен деген үлкен бір үмітпен қойған секілді…

     – Мен ақпанның 20-сында таңға жақын дүние есігін ашыппын. Әкем таңға жуық Шолпан туды деп маған осы жұлдыздың атын қойыпты. Енді адам перзентіне қандай есім қойса да, жақсы ниетпен қояды ғой. Бәлкім, Шолпан жұлдызындай жарқырап жүрсін деп қойған шығар.

Ал өнер деген біздің қанымызда бар. Әкем мықты әнші еді. Кезінде әкемді ауданға, тіпті облысқа да шақырған екен.  Бірақ жетімдіктің қамытын киіп, қиыншылық көріп өскеннен соң алысқа ұзап шыға алмаған секілді. Жалғыз шешесі мен өзінен үлкен апайы мен бауыры ғана болды. Соларға да қарайлаған шығар. Әйтпесе Ораз Кәкеев, Кеңес Байтоғасов секілді Ақжардан, Зайсаннан шыққан мықты әншілермен қатар жүріп, сахнада бірге ән айтқан адам. Гармошка мен домбырада жақсы ойнайтын. Сол бала кезімде әкем ән салғанда маған үйдің қабырғасы дірілдеп кететін секілді көрінетін. Алматыда тұратын Мұрат інім де ән айтады. Ол ән салғанда да мен кішкентай кезімдегі сол сезімді басымнан өткеремін. Әкем сондай-ақ қол өнеріне де жақын еді. Қамшы өретін. Үйдегі балалардың бәтіңкесінің жыртылған жерін жамап, жаңалап қоятыны есімде. Таңертең тұрғанымызда өз аяқ киімімізді танымай қалатын едік. Жап-жаңа аяқ киімімізді көргенде қуанышымызда шек болмайтын.

Өзім де кішкентай кезімнен ән саламын. Әсіресе ешкім жоқта, үйдегілердің барлығы мал жайғауға шығып кеткенде «Балқадиша», «Ләйлім шыраққа» басатынмын. Сонда әкем «Қойшының қызы қой келгенде іс тігеді» дегендей, біздің Шөке дәл мал келгенде  ән айтады» деп күлетін еді. Сөйтсе, балалық аңғалдығым ғой, менің әнімді сырттағылар естімейді деп ойлайтын болсам керек.

Совхоздың көркемөнерпаздар үйірмесіндегі хорды мен бастайтын едім. Бір жылы облысқа баратын хорды маған бастату үшін Тасбастаудағы біздің үйге мені алып кету үшін арнайы көлік жіберіпті. Сонда әкемнің іштей бір қуанып тұрған кейпі әлі есімде. Онда ол көркемөнерпаздар үйірмесіне бүкіл Шіліктінің бетке ұстар әншілері қатысатын.

Мектепте де Еркебұлан Шоматанов, Қайырбек Аңқабаев секілді мықты ұстаздардан тәлім алдым. Еркебұлан ағай ылғи орыс тіліндегі әндерді үйрететін. Нотаға да өте сауатты еді.

Бибігүл Төлегеновадан үш ай дәріс алдым

Сөйтіп, мектепті тәмамдадыңыз… Содан кейін қайда оқуға түстіңіз?

– 1980 жылы мектепті аяқтаған соң «Алло, мы ищем таланты» деген байқауға қатыстым. Шығыс Қазақстан облысынан 24 бала іріктеліп, Алматыға бардық. Бірақ оның ішінен үш-ақ бала ғана опера және балет театрының жанынан құрылған студияға оқуға түстік. Оның бірі – мен, екіншісі – Әлия Баженова және үшіншісі – тарбағатайлық Сайлау Мұхамеджанов деген жігіт. Мен қазақтың бұлбұл әншісі Бибігүл Төлегенованың класына оқуға түсіп, әйгілі әншіден үш ай дәріс алдым.

Дауысым – альт, альт болғанда да жіңішке емес, жуан дауыс. «Сенің дауысыңда бір ерекшелік бар» деп айтатын Бибігүл Төлегенова. Ол кісі осы дауысты классикаға дайындауды мақсат етті. Біз оқуға түскен жылы күзде Алматыда күнде жаңбыр жауатын еді. Жаңбырлы ауа райы маған жақпады. Жиі ауырып қалатынмын. Сонда Бибігүл апам ерекше бір жанашырлықпен: «Қызым-ау, Шығыстан келген соң сен маған сіңілісің ғой. Мына суықтың барлығы қолдан өтеді. Жылы киін, аяғыңды жылы ұста, тамағыңа суық тигізіп алма», – деп айтатын. Тамағым ауыра бастаса, дәрігер шақыратын. Сол оқу орнының дәрігері ме әлде Бибігүл апамыздың өзі шақыра ма, ол жағын білмедім. Дәрігер тамағымды қараған соң: «Бір октавадан жоғары шығармаңыз, тамағы қызарып тұр», – деп айтатын.

Бір күні Люба деген жеңгем жатақханаға мені іздеп келіпті. Желтоқсан айы болатын. Мені көріп: «Неге сонша жүдеп кеткенсің? Әртістің оқуы сонша ауыр ма?» – дегенде  жылап жібердім. Сөйтіп, сол жеңгеммен бірге ауылға қайттым. Кейін білдім, менімен қатар оқуға түскен Әлия Баженова да кейін денсаулығына байланысты Өскеменге қайтуға мәжбүр болыпты.

      – Кейін Бибігүл апайыңызбен кездесудің сәті түсті ме? Сол кезде Алматыда қалғанымда үлкен сахнаны бағындырар едім деп өкінген кездеріңіз болды ма?

– Жоқ, өкінген жоқпын. Бәрі тағдыр ғой. Дүниеге келген үш пензентімнің жарығы шығар. Оқудан шығып кеткеннен кейін де үйге екі рет шақырту қағазы келді, бірақ мен қайтып бармадым.

Әйтпесе сол кезде қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары атанған Мақпал Жүнісова, Сембек Жұмағалиев, Гүлнар Сиқымбаева, Айгүл Бабаевалармен  қатар оқыдым, бір жатақханада тұрдық. Олар эстрада бөлімінде оқыса, мені Бибігүл апам классикалық опера өнеріне дайындады. Жұмасына бір рет жатақханада би болатын.

Ауылға келген соң аудан орталығындағы Мәдениет үйіне жұмысқа орналастым. Осы жерде Гүлбақыт Бақтыбаева, Майра Арғынбекова, Қанат Ниязбеков сынды өнер адамдарымен қатар еңбек еттім. Бір жылдан кейін  Өскемендегі пединститутқа оқуға түстім. Студент кезімде тұрмысқа шықтым, балалы болдым.

Бибігүл апайыммен кездесудің сәті түспеді.

Театрға Сахан Әкелеев шақырды 

     – Қазір сіз «театрдың Шолпанысыз», облыстық драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып қызмет етесіз. Театрға қалай келдіңіз?

– Жалпы, жолдасымның қызмет бабымен біз үнемі көшіп-қонып  жүрдік. Ол кезде Семейден Өскеменге енді қоныс аударған кезіміз еді. С.Аманжолов атындағы педагогикалық университетінің Жастар саясаты орталығына әдіскер болып жұмысқа орналастым. Студент жастармен жұмыс істедім. 2011 жылы 28 ақпанда ақиық ақын Мұқағали Мақатаевқа арналған әдеби музыкалық кеш ұйымдастырдым. Сол кешке облыстық мәдениет басқармасының басшысы К.Мыржықбаев, облыстық драма театрының директоры Сахан Әкелеев келіпті. Осы кештің соңында Сахан мені театрда әдебиет бөлімінің меңгерушісі деген штат ашылғалы жатқанын айтып жұмысқа шақырды.  Бұл кешке жолдасым Бақытжан да қатысқан болатын. Саханның ұсынысын ол да естіген еді. Үйге қайтып бара жатқанымызда «Шөкен, сені театрға жұмысқа шақырып жатыр ғой. Егерде мына жұмысыңнан театрдың айлығы  жоғары болса, сен соған ауысып ал» деді. Содан тура алты күн өткен соң құдай қосқан қосағымнан айырылып қалдым…

Содан екі айдан кейін ғана жұмысқа шықтым. Бірде тағы да Сахан Әкелеев қоңырау шалды. Баяғы ұсынысы әлі күшінде екенін айтты. Ойлана келе театрға ауысуды жөн көрдім.

Жалпы марқұм Рүстем Есдәулет те мені кезінде театрға жұмысқа шақырған болатын. Ол кезде біз Аягөзде тұратын едік. Жолдасым – Аязгөздегі ҰҚК-нің басшысы. Рүстем сол кезде біздің үйде қонақ болды. Дастархан басында мен ән салдым. Сонда Рүстем: «Өскеменге көшіп келсеңіздер, Шолпан апай театрға келіңіз. Жұмыс табылады», – деген болатын.

Театрға келгеніме де  он екі жылдан астам уақыт өтіп кетіпті.

     – Театрда қызмет істегеніңізбен әніңізді тастаған жоқсыз. Облыс жұртшылығы сізді мықты әнші ретінде де жақсы біледі. Осы жолы ақпанның 25-нші жұлдызында өтетін бенефисіңізді де «Әнім-арманым» деп атаған екенсіз.

– Бұған дейінгі мерейтойлық бенефистерім де осы «Әнім-арманым» деген атпен өтті. Жалпы ән – менің өмірім. Бала кезімнен ән айтып келе жатырмын. Студент кезімде Конденсатор зауытының жанынан құрылған «Әндер» деген топтың құрамында өнер көрсеттім. Сол топтың құрамында ән салып, облыстық «Восток-84» байқауының жеңімпазы атандым. Сонымен бірге «Маздақ» атты көркемөнерпаздар театрының, «Балауса» деген топтың мүшесі болдым.  Сол кезде  Майра Арғынбекова, Гүлбақыт Бақтыбаева, Тұрсынбек Дүзбаев, Дәлел Уәшев барлығымыз осы театрға барып, өз-өзімізді жетілдіріп жүретінбіз.

Ал 1985 жылы маған Мәскеуде өткен жастар мен студенттердің фестивалінде ән айту мүмкіндігі берілді.   Фестивальға баруға факультет деканының өзі ұсыныс айтты. Бірақ белгілі бір себептермен ол ұсыныстан бас тарттым, Институтта оқып жүріп 9 Мамырға орай өтетін  концертте үш жыл  қатарынан «Әлияны» шырқадым.

Білесің бе, ән салсам, рахаттанамын, жаным жай табады.

Қарақатты әнші, әйел ретінде сыйлаймын

     – Қазіргі қазақ эстрадасының әншілерінің деңгейіне көңіліңіз тола ма?

– Жақсы әншілер бар. Мен Роза Рымбаеваның әндерін әлі күнге дейін тыңдаймын. Сосын Қарақат Әбілдинаның әндерін жақсы көремін. Жалпы, өзім Қарақатты әйел ретінде қатты сыйлаймын. Қарақат қай әнді айтса да, табиғатын сезініп айтады. Сонымен қатар оның сахнадағы жүріс- тұрысы, киім киісі, сахналық талғамы өте жоғары. Сосын мен ұнататын тағы бір әнші бар. Ол – Наркенже Серікбаева.

     – Шабытты қайдан аласыз?

– Әсем ән тыңдасам, шабыттанамын. Біреу домбыра шертсе, ән айтса, қосылып айтқым келіп тұрады. Қазір интернет деген жақсы болды ғой. Жақсы дүниені іздеймін.  Бір ән жүрегіме тық ете қалса, ұнаса, соны қоймай жүріп тауып алып, шырқаймын.

     Сіздің ақындығыңыз да бар. «Әнім-арманым» атты кітап та шығарғаныңызды білеміз…

– Өлеңді де, кітапты да өзім үшін жазамын. «Әнім-арманым» атты кітабым да жанұялық кітап. Балаларым қолы қалт еткенде оқысын, туған-туыс өткенді ұмытпасын деген мақсатта жазылған еді.

Әңгімеңізге көп рахмет. Сізге шығармашылық табыс тілеймін.

Сұхбаттасқан – Мейрамтай Иманғали

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button