Қоғам

Емханаларға тіркеу басталды

Айна Ескенқызы

   Өңірдегі алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарына еркін тіркелу бойынша жыл сайынғы науқан басталды.  Тұрғындар 15 қыркүйектен 15 қарашаға дейін өз таңдауларын жасауға тиіс.

Шығысқазақстандықтар алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 63 ұйымның арасынан таңдай алады. Олардың 40-ы – мемлекеттік, қалғаны – жекеменшік емханалар. Бүгінгі таңда облыста 1 395 709 тұрғын емханаларға тіркелген.

   Алайда медициналық мекемелердің  шамадан тыс азаматтарды тіркеуден бас тарту құқығы бар.

– Емхананың жүктемесі шамадан тыс артық болса,  алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымының қызмет көрсету аймағында тұрмайтын пациентке тіркелуде қарсылық білдірілуі мүмкін, – деп түсіндірді облыстық ӘМСҚ филиалы директоры Ғалымжан Әбілов. – Қолданыстағы нормативтер бойынша, учаскеде жалпы практика дәрігерінде 1700 пациенттен, учаскелік терапевте  2 200 адамнан, учаскелік педиатрда 0-ден 6 жасқа дейінгі 500 баладан, 0-ден 14 жасқа дейінгі 900 баладан аспауы тиіс.

Қор филиалының директоры түсіндіргендей, науқан кезінде басқа медициналық ұйымға тіркелген азаматтар медициналық көмекті тек 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ала бастайды. Яғни, осы жылдың 31 желтоқсанына дейін азаматтарға бұрын тіркелген емханада қызмет көрсетіледі.

Биыл тіркеу ережелері шетелдіктер мен еңбек мигранттары үшін өзгергенін айта кеткен жөн. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерден келген еңбек мигранттарының міндетті түрде МСАК қызметтеріне ерікті медициналық сақтандыруы болуы қажет.

Қазақстан азаматтары, қандастар және Қазақстан аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер үшін тіркелу тәртібі өзгеріссіз қалады.

Айта кету керек, медициналық көмексіз қалмас үшін  азаматтарға тұрғылықты жері бойынша емханада немесе электрондық үкімет веб-порталында ЭЦҚ арқылы өз мәртебелерін тексеріп алу қажет. Тіркеу немесе қайта бекіту кезінде емхананы тұрғылықты жеріне жақын жерден таңдаған дұрыс, қажет болған жағдайда учаскелік дәрігер науқасқа үйге бара алады. Бұл әсіресе пандемия кезінде өте маңызды.

Тіркеу науқаны денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқорында тіркелген және ТМККК және МӘМС бойынша медициналық қызметтер көрсетуге үміткер медициналық ұйымдар арасында ғана жүргізіледі. Тіркелуге қолжетімді емханалардың тізімімен қордың www.fms.kz сайтында «Емхананы таңдау» бөлімінде танысуға болады.

 

Осы айдарда

Back to top button