Өңірде жасөспірімдер мен жүкті әйелдерге, бала емізетін аналарға коронавирусқа қарсы вакцина салу жұмыстары жалғасуда. Қазір тіпті кейбір мектептер оқушыларын өздерінің медициналық пункттерінде егуді қолға алыпты. Облыс орталығындағы №2 емхананың бас дәрігері Юрий Бауэр №24 орта мектепте оқитын он екі жастағы ұлының коронавирусқа қарсы екпе алғанын айтады.
– Ол өте белсенді жасөспірім. Спортпен шұғылданады. Мектепке, спорт залдарына барады. Қоғамдық көлікпен көп қатынайды. Өзінің қауіпсіздігі үшін және шектеусіз қарым-қатынас жасау үшін ұлым осындай шешім қабылдады. Біз үйде вакцина алудың маңызы мен тиімділігі жөнінде үнемі айтатынбыз. Ересектер вакцина салдыра бастағанда жұбайым екеуіміз алғашқылардың бірі ретінде өзімізді ковидтен екпемен қорғадық. Үлкен ұлымыз да вакцина салдырған. Осыларды көрген ұлым екпе салдырудың қажеттігін түсініп, өз еркімен алды. Бірақ екпені мектепте емес, осы емханада салдырды, – дейді Юрий Владимирович.
Сөзіне қарағанда, ұлында ешқандай кері әсерлер білінбепті. Тіпті ине салған жері де ауырмаған. Жасөспірімнің өзі сияқты спортпен айналысатын басқа сыныптастары тарапынан «Қалай? Қорқынышты емес пе?» деген сияқты сұрақ қойғандар болыпты. Олар да келешекте жарыстарға, турнирлерге алаңдамай бару үшін өздерін инфекциядан екпемен қорғау керектігін жақсы түсінетін сияқты.
№2 емханаға алпыс мыңнан астам өскемендік тіркелген. Оның ішінде жеті орта мектептің оқушылары осы жерге тіркелген. Бас дәрігердің айтуынша, медициналық ұйымда жоғарыда аталған топтарға вакцина салу 16-қарашадан басталған.
– Оған дейін «Pfizer» компаниясының «Комирнати» препаратының артықшылықтары мен тиімділігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мамандарымыз мектептерге барып, ата-аналар жиналысына қатысты, басшылығымен, әке-шешелерімен әңгімелесті. Нәтижесінде жасөспірімдер мен омырауда сәбиі бар аналар тарапынан белсенділік байқалады, – деп түсіндірді бас дәрігер.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, емханаға тіркелген тұрғындардың 4345-і жоғарыдағы топтарға жатады да, «Комирнати» вакцинасын бірінші кезекте алуға тиіс. Оның ішінде 3334 жасөспірім, 634 бала емізетін ана және 377 жүкті әйел бар.
– Қазір вакцина алуға тиіс балалардың 2633-і екпе салдырды. Көбі өздерінің мектептерінде салғызғанды қалайды. Мысалы, №№4, 5, 25, 38, 39 мектептерде егу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл оларға психологиялық жағынан тиімді әсер ететіні түсінікті. Өйткені таныс орта, өздерінің медбике апайлары дегендей. Бізде де психолог мамандар бар, егер бізге келіп жатса, олармен әңгімелесіп, қолдауға дайын. Алайда оқушылар іштей мықты дайындықпен келеді. Кейбіреуі иненің өзінен қорқады, препараттан емес. Вакцина тек ана-анасының жазбаша келісімімен, баланың өз еркімен ғана салынады, – дейді емхананың педиатры, отыз жылдық тәжірибесі бар Юлян Амрешева. Юлян Садуақасқызы он алты жастағы өз ұлы да екпе салдырғанын айтты.
Емханаға екпе салдыруға келгендердің арасында медициналық колледждің де оқушылары бар. Екінші курс студенті Құралай анасымен келіпті.
– «Мама, ертең ауруханаға практикаға барам, ол жерде науқастар көп, өзімнің қауіпсіздігім үшін екпе салдырғаным дұрыс» деп өзі болмады. Біз де қарсы болмадық. Үлкен ұлымыз да медколледжде лаборант болып істейді. Ол да алған. Өзім кішкене сәбиіммен демалыста отырмын, – деді Құралайдың анасы Гульфия Сейтқанқызы.
Құралайдың айтуынша, топтағы 35 оқушының әзірге бес-алтауы ғана екпе салдырыпты. Қалғандары әлі ойланып жүрген көрінеді.
– Келешекте институтқа түсіп, дәрігер болам дейді қызым. «Шамаң келсе, оқы. Мен сені осы медбике мамандығына оқытып берсем, маған жетеді» дедім, – деп күледі анасы.
Педиатр Юлян Амрешева бүгінге дейін екпе салғандардың ішінде екі жасөспірімде ғана аздап шағым болғанын айтты. Бірінші күні ине салған жер ауырған, тұмауратқан сияқты болғанымен, дене қызуы көтерілмепті. Келесі күні бәрі қалпына келді дейді педиатр.
Емханаға тіркелген жүкті әйелдердің бірде-біреуі вакцина салдыруға келмеген.
– Болашақ аналармен учаскелік дәрігерлер түсіндіру жұмыстарын жүгізеді. Акушер және гинекология кабинетінің мамандары, патронажды медбикелер де әңгімелеседі, бірақ әзірге келіскендері жоқ. Бала емізетіндердің ішінде 25 ана екпе салды. Жағдайлары жақсы, – деп сөзге араласты бөлім меңгерушісі Айгерім Мәлікқызы.
Жалған сөздерге сенбеңіздер
Коронавирус індеті әсіресе жүкті әйелдерге өте қауіпті. Жүктілік кезінде әйелдің ағзасы онсыз да әлсірейді, инфекция жұқтырса, тіпті қиын. №2 емханаға тіркелген болашақ аналардың бірі 32 апталық жүктілік кезінде ковидті жұқтырып, ауруханаға түскен.
– Алғашында екі күн бойы тамағы ауырып, ангина деп жүрген. Ыстығы бір көтеріліп, бір түсіпті. Ақыры ковидке күдікпен стационарға түскенде, өкпесінің елу пайызы зақымданғаны анықталды. Келесі күні жетпіс пайызға дейін асқынып, жансақтау бөлімінен бір-ақ шықты. Ауа жетпей, тынысы тарылғаны ішіндегі сәбиіне де жағымсыз әсер етпей қоймайды. Қазір тәуір, жазылып шықты. Бірақ нәрестесі қандай болып туатыны белгісіз. Сол себепті жүкті әйелдерге уақыт өткізбей, мүмкіндік барда вакцина салдырыңыздар деп кеңес берер едім, – деген болатын №2 емхананың бөлім меңгерушісі Айгерім Мәлікқызы.
Анасы мен нәрестесінің денсаулығына қауіп төнгенде, анасына басымдық беріліп, дәрігерлер алдымен анасының өмірін сақтап қалуға тырысады. Әрине, мұндай қиын таңдауға жеткізбей, дер уақытында ковидке қарсы екпе салдырған дұрыс.
Ана мен бала орталығындағы босандыру қызметінің басшысы, акушер-гинеколог Серікбол Куркумбаев қазір жансақтау бөлімінде Көкпекті ауданынан жеткізілген бір әйелдің жатқанын айтады. Науқастың анамнезінде тамыз айында коронавируспен ауырғаны жазылған.
– Жағдайы ауыр, жүктіліктің 34-35 аптасында. Асқынулар бар. Аяғы ауыр әйелдерде коронавируспен ауырмаса да, әртүрлі асқынулар кездесуі мүмкін. Бірақ ковидпен ауырғандарда асқынулардың болу ықтималдығы артады. Бүгінгі таңда вакцина алғандарда ковид жеңіл өтетіні дәлелденген, демек, КВИ-ге қарсы екпе алған жүкті әйелдердің ағзасында асқынулар да аз болар еді, – деп түсіндірді Серікбол Куркумбаев.
Сондай-ақ акушер-гинеколог ковид анасынан сәбиіне жұғуы мүмкін екенін де жасырмайды.
– Анасының кез келген ауруы іштегі шаранаға қан арқылы немесе туған кезде босану жолдары арқылы жұғуы мүмкін. Қазір нәресте туа салысымен анасының кеудесіне жатқызылады. Инфекция болса, теріден теріге жұғып та, нәрестеге берілуі ықтимал. Сонымен қатар қазір бізде буфер бөлімшесінде ковидке күдікпен тағы екі жүкті келіншек жатыр. Олардың коронавирусты жұұқтырған-жұқтырмағаны ПТР нәтижесі шыққанда белгілі болады, – деп толықтырды дәрігер.
Ана мен бала орталығында жатқан Раушан Қасенова төртінші желтоқсанда дені сау, шекесі торсықтай ұлды дүниеге әкелді. Өзінің де жағдайы жақсы.
– Мен вакцина алудан қорқатындарға өз хикаямды айтып берейін, – деп бастады сөзін Раушан. – Мен балабақшада, кейін дефектолог маман болып істегендіктен, алғашқылардың бірі болып екпе салдырдым. Екінші компонентін алғаннан кейін бір айдай өткенде жүкті екенімді сездім. Шынымды айтсам, қобалжу болды. Ел әртүрлі қорқынышты дүниелерді айтып жүрді. Алғашқы сәбиіміз болғандықтан, не болар екен деген күмән басым еді. Бірақ мен «екпеден кейін бала көтере алмайды екен» дегенді көп естігем, сол сөздің өтірік болғанын көріп, көңілім орнына түсті. Демек, басқа айтып жүргендері де шындыққа келмейді деп өзімді сабырға шақырдым.
Нәтижесінде Раушан жүктілік кезінде ешқандай салқын тию не болмаса тұмаумен ауырмапты. Өзін жақсы сезініп, мерзімі жеткенде ұлы Алимді дүниеге әкелді. Салмағы 3,600 кг, бойы 55 сантиметр. Он екі мүшесі сау нәресте туды.
– Мен тоғыз ай бойы алаңдамай жүрдім. Үнемі инфекция жұқтырып алмайын деп қорқып жүрудің өзі де үлкен күйзеліс қой болашақ анаға. Сол себепті құрбыларыма вакцинаның зияны туралы жалған сөздерге сенбеңіздер, өздеріңізді ковидке қарсы екпемен қорғаңыздар дегім келеді, – деп аяқтады сөзін Раушан. Біз Раушан мен сәбиі Алимге денсаулық тілеп, қоштастық.
Облыста «Comirnaty» вакцинасы бірінші кезекте алуға тиіс 33 мыңға жуық адамға салынды. Оның ішінде отыз мыңнан астамы – жасөспірімдер.
Өңірге қараша айының бас кезінде Comirnaty/Pfizer вакцинасының 35 100 дозасы келіп түсті. Қарашаның 16-сында басталған жұмыстар нәтижесінде қазір облыс бойынша 30 000 астам 12-мен 18-ге дейінгі бала, 600-ге жуық жүкті және 2000 астам бала емізетін әйел екпе салдырды. 12-ден 18 жасқа дейінгі балаларды вакциналау тек қана ата-анасының ресми рұқсаты арқылы жүргізіледі.