Қоғам

Елжанның еміне 600 мыңнан астам қаражат жиналды

Елжанның еміне 600 мыңнан астам қаражат жиналды


Өскеменде «Халифа Алтай» облыстық мешіті, «Жас Отан» жастар қанатының өңіріміздегі филиалы және «Самрұқ» зияткерлік клубы белсенділерінің ұйымдастыруымен церебралды сал ауруына шалдыққан Елжан Кенжебек есімді бүлдіршінді қолдауға арналған қайырымдылық концерт өтті.

Концертке Өскеменнің жаны жомарт, ән сүйер қауымы молынан жиналды. «Сіз көмектесе аласыз» атты қайырымдылық шараға қатысқан өңіріміздің өнер жұлдыздары әсем ән мен күмбірлі күй төгіп, көрермендерді бір серпілтіп тастады. Көмекке зәру жанға жан шуағын сыйлау, халықты қайырымдылыққа баулуға бағытталған концерттің шымылдығын республикалық «Жас қанат» байқауының жеңімпазы Парасат Отан халық әнімен ашты. Жұртшылықты өнермен сусындатқан кешке «Х-фактор» жобасының жеңімпазы Евгений Выбловпен қатар Юлия Миронова, Гүлден Болатова, Ерасыл мен Айжан, Ерболат Құмарбеков, Айдын Алдарханов, Базарбек Болат, Талант Мажитов, «Інжу», риддерлік «Эксклюзив», «Бьютифул» сияқты бүгінде көптің көңілін өнерімен жаулап жүрген талантты өнерпаздарымыз қатысты.

Келер күнге үмітпен көз тіккен, қамқорлық пен қолдауға мұқтаж Елжанның өмірі туралы бейнесюжетті бейжай қарау мүмкін емес. Анасы Әсем Әубәкірованың айтуынша, сүп-сүйкімді бүлдіршін кезекті екпе алған соң сал ауруына шалдығыпты. Емдеуге келісіп отырған қытайлық, испандық емханалардың ақысы мыңдаған еуро тұрады екен.

– Қайырымдылық – имандылықтың белгісі. Сүрінгенге сүйеу, жығылғанға демеу болу – адамдықтың нышаны. Бүгінгі шараға жинаған көпшіліктің тілегі де, дұғасы да – бір. Ол – елімен жаны бір Елжанның тез сауығуы. Тамшыдай болса да, қосқан үлестеріңізге Алла сауаптан жазсын, – деп жиналған жұртшылыққа алғысын білдірген Ермек қажы Тасболатұлы билет сатудан түскен 647 мың теңге қаражатты Елжанның ата-анасына табыстады. Жиналған көрермен қауым да өздерінің шарапатты да сауапты іске атсалысқандарын сезініп, риза болып тарқасты. Қайырымдылық кештің өтуіне атсалысқан Өскемен қалалық ішкі істер басқармасы, Ахмер әскери гарнизоны, «Қазпошта» АҚ-ның облыстық филиалы, облыстық білім басқармасы, Мәдениет басқармасы, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығы, қалалық сот, әділет департаментінің ұжымын ерекше атап өткен жөн.

Елжанға Алла шипасын берсін дей отырып, көмек қолын созғысы келетін азаматтар болса арнайы ашылған есепшот: Халық банкі 4402 5735 6557 6008, ЖСН 890 308 301 422 Аубакиров Талап.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button