Елу жылдан кейін кездесті
Бүгінгі С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті, кешегі Өскемен педагогикалық институтын осыдан 50 жыл бұрын бітірген түлектер жақында Өскеменде бас қосты. Жарты ғасырдан кейін бас қосқан Өскемен педагогикалық институтының алғашқы қазақ топтарының студенттеріне біз арнайы барып, әңгімелесіп қайтқан болатынбыз.
Өскемен педагогикалық институты 1952 жылы ашылса, 1972 жылы ғана алғашқы қазақ топтары ашыла бастаған екен. Институттың жаратылыстану, физика-математика, тарих, қазақ тілі мен әдебиеті факультеттері жанынан ашылған қазақ топтарына шалғайдағы ауылдағы қазақ мектебін бітірген түлектер түсіп, студент атанған.
Мысалы, Сәуле Жанбосынова 1967 жылы Өскеменнің Жамбыл атындағы мектеп-интернатын бітіріп, келесі жылы осы Өскемендегі педагогикалық институттың физика-математика факультетіне оқуға түсіпті.
– Сол жылы қазақ топтары ашылды. Мен физика-математика факультетінің қазақ тобына оқуға түстім. Қуанышымызда шек болмады. Қазір бізге білім берген мұғалімдерімізді әрдайым сағынышпен еске аламын. Математикалық талдау пәнінен Болат Кошкин деген ағай сабақ берді. Бақберген ағай да керемет жан болатын. Институтты бәріміз 1972 жылы жақсы бітіріп, жан-жаққа тарап кеттік. Мен жолдасымның жұмысына байланысты Көкшетаудан бір-ақ шықтым. Курстастармен байланысты үзген жоқпын. Телефонмен хабарласып тұрамыз, – дейді Сәуле Жанбосынова.
Ал Мағира Ержебаева Катонқарағай ауданы, Берел ауылындағы орта мектепті бітірген соң оқуға бірден түсіпті. «Ж» группасы оның жанына ерекше жақын. Группадағы 25 түлекті де жылы жымиып еске алады. Институтты бітірген соң Мағира апай 40 жыл ұстаздық қызмет атқарады. Төрт жыл Ақмарал ауылындағы сегізжылдық мектепте, содан кейін Катонқарағай совхозының орталығы Жамбыл орта мектебінде 36 жыл қызмет етеді.
– Институтта оқу әсіресе қазақ мектебін бітіріп келген балаларға қиын болды. Орыс тілінен қиналдық. Тіпті кейбір сабақтар орысша жүретін. Қаланың ішінде жүріп-тұруға да қорқатынбыз. Автобуста немесе трамвайда бір-екі қазақты көзіміз шалса, туғанымызды көргендей қуанып кететінбіз. Қазір Өскеменнің іргесіндегі Ново-Явленка деген ауылда тұрамын, – дейді Мағира апай.
Ал осынау 50 жылдық кездесуге Қызылорда облысы, Қазалы ауылынан арнайы келген Құралай Бекжанова апамның әңгімесі тіпті қызық. Негізі, Құралай апайдың нағашылары осы Шығыстікі екен.
– Институтта оқығанда ең қатты қиналғаным тіл болды. Түсінгеніммен, сөйлей алмаймын. Сосын денешынықтыру қиынға соқты. Бұл жақта денешынықтырудан шаңғымен норматив тапсырады екен. Ал біздің Қызылордада дұрыстап қар жаумайды ғой. Шаңғы дегенді аяғыма байлап көрген емеспін. Норматив тапсыра алмай қатты қиналатынмын. Содан шаңғыдан гөрі гимнастика жеңіл секілді көрініп, соған қатыстым, – дейді Құралай апам ағынан ақтарылып.
Құралай Бекжанова – Батыр ана ғана емес, Білім беру ісінің озық қызметкері. Өзі қоғамдық іспен де айналысатын көрінеді. «Мейірімді аналар қоғамының» төрайымы екен. Президенттің қабылдауында болыпты. Жақында ғана Қазалы ауданының Құрметтті азаматы атағын алыпты. Жасы 73-ке келсе де, сергек, жайдары.
Бір қызығы, курстастары Құралай апайды іздеп, таба алмаған соң, іздеу (розыск) жариялапты.
– «Апай, сізді розыскіге беріп жатыр деп» маған полиция қоңырау шалады. Шошып кеттім. Сөйтсем, мені іздеп жүрген курстастарым екен, – деп мәз болып күледі Құралай апай.
«Курстас қыздарыңызды танып жатырсыз ба?» деп сұрадым мен Құралай апайдан. «Бірден көздерінен танып жатырмын. Адамның көзі өзгермейді екен. Ал Өскемен қаласы өзгеріпті», – дейді Құралай апай.
– Біз бір группада бес жігіт болғанбыз. Біреуі өмірден озып кетті, – деді күршімдік Файзолла Науқанбай. Өзі группалас қызға үйленіп, отау құрыпты. Институтты бітірген соң орта мектепте 43 жыл жұмыс істеп, зейнетке шығыпты. Қазір Өскемен қаласында тұрады, қосымша бала оқытумен айналысатын көрінеді.
Бақаш Бейісбаева институтқа Зайсан ауданындағы Максим Горький мектебін бітіріп келіп түсіпті. Институтты бітірген соң ауданның барлық мектебінде жұмыс істепті.
– Біздің курстастар ғылым жолын емес, жұмыс жолын қуды. Осы тұрған апайлар мен ағаларыңның барлығы –жоғары санатты ұстаздар, – дейді Бақаш Бейісбаева.
Бақаш апай осынау кездесуге «50 жыл» өлеңін тарту етті.
«Жарты ғасыр өтесе-дағы зымырап,
Жүректерден өшпес мәңгі сол күндер.
Сау болайық, ұрпағымыз өркендеп,
Жылда-жылда кездесейік, ақ самайлы шіркіндер!».
– Өлеңге жаным құмар. Анда-санда достарға арнап шарж жазамын, – дейді Бақаш апай.
Ал Қалимаш Рахимова апайдың тұла бойы тұнған бір парасат дерсіз. Көкпекті ауданы, Қарағандыкөл ауылында, Бесқарғай ауданында ұстаздық қызмет етіпті. Ұстаздықтан бөлек, дүниеге төрт ұл әкеліпті. Бүгінде олардан оннан артық немере мен бір шөбере сүйіп отыр.
– Студент кезімізде Катонқарағайдың Алтай ауылына студенттерді шөпке апарды. Айдала. Далада ешқандай техника жоқ. Тек шынжыр табанды трактор мен ат қана бар. Бір күні бір студентіміз соқырішек болып ауырып, Ақсу деген жерге трактормен апарғаны есімде, – дейді Қалимаш Темірғалиқызы алыста қалған студенттік күндерді сағынышпен еске алып.
– Жұмыс істеп жүрген кезде декреттік демалыс екі айға ғана берілетін. Жас екі айлық сәбиді үйге тастап, жұмысқа шығатынбыз. Кешке жақын қырманға жұмысқа барамыз. Сол өміріміз қиын болса да қызықты еді, – деді тағы да Қалимаш апай.
Иә, 50 жылдан кейін кездесіп, ағынан жарылып, әңгіме айтқан аға-апайларымызға біз де шексіз риза болдық. «Адамның тәні қартайғанымен, жаны мәңгі жас» деген рас. Көңіл деген көк дөнен. Әп-сәтте алыста қалған қимас кездерге алып ұшады. Өткені өнеге, тұла бойы тұнған ұлағат аға-апаларымызға тек жақсылық тілейміз.
Мейрам Екпін