Елу бір мектепке журнал жаздырып берген
Тәуелсіздік жылдарында қазақ руханиятына қазыналы үлес қосып, қамқорлық жасап, қолдау көрсетіп келе жатқан кәсіпкерлер, ұлтжанды азаматтар, рухты жастар және жеке қорлардың қатары көп. Солардың бірі – бірнеше жылдан бері руханият пен ұлттық құндылыққа қолдау көрсетуді дәстүрге айналдырған Зейнолла Сәнік атындағы мәдени қор.
Қазақ руханияты мен мәдениетіне жан-жақты қолдау көрсетуді мақсат еткен мәдени қордың атқарған игілікті іс-шаралары көп. Бүгінгі жаһандық ғасырда болашаққа апарар жол білім екенін ескеріп 51 мектеп кітапханасын екі жыл бойы газет-журналдарға жаздырып берген. Мектепті ғана емес, зиялы қауым өкілдері мен қаламгерлерге қажетті басылымдарын жаздырып беріп, ғылымға бет бұрған студенттерге шәкіртақы тағайындапты. Бұл қордың екі жылдан бері айтыс өнерінің жанашыры болып келе жатқанын құймақұлақ тыңдарман жақсы біледі.
– Зейнолла Сәнік атындағы мәдени қор қазақ руханиятының, мәдениеті мен әдебиетінің, ғылымының дамуына өзіндік үлесін қосып келеді. Еліміздегі туристік бизнестің төріне айналған Алакөл жағасында екі жыл қатарынан аламан айтыс өткіздік. Рухани шараға келген қонақтарға жеті күн тегін демалып қайтуға мүмкіндік жасап берді. Сонымен қатар екі жыл қатарынан Үржар ауданындағы 51 мектепке республикалық «Ақжелкен», «Ұлан» газеттеріне жаздырып берді. Биыл «Балдырған» журналын бұл қатарға қосып отырмыз. Бұл – жастарды жаңалықпен құлағдар ету және қазақ басылымдарын қолдау мақсатында жасалған іс. Сонымен қатар «Қазақ әдебиеті», «Жас қазақ», «Жас Алаш» газеттерін, «Жұлдыз» журналын 50-ден астам оқырманға жаздырып бердік. Екі жыл қатарынан Абай атындағы республикалық мектеп-интернатымен бірлесе отырып шешендік өнер байқауына демеушілік жасадық. Жыл сайын Зейнолла Сәнік қоры сериясымен кітаптар шығарып келеміз. Жуықта Шығыс өңірінің қарымды қаламгері Айжарық Әбілқасымұлының бір кітабын шығарғалы жатырмыз, – дейді Зейнолла Сәнік атындағы мәдени қордың қызметкері Жарқын Сәленұлы.
Сондай-ақ мәдени қор қазіргі таңда Семейдегі Шәкәрім атындағы университетте шетелдегі қазақ әдебиеті кабинетін ашып жатыр екен. Бұл бастама арқылы шетелдегі қазақ әдебиетін, ғылымын бір арнаға тоғыстырмақ. Ал қор атындағы арнайы шәкіртақыны алып жүрген студенттердің қатары көп екенін де естіп білдік.
Тәуелсіздік күні мерекесінде Зейнолла Сәнік қоры өздерімен шығармашылық байланыс орнатып, қоян-қолтық жұмыс істеген ақын-жазушы, әдебиетші-зерттеуші, ғылыммен айналысушы жастарға, БАҚ өкілдеріне, оның ішінде Didar газетіне де Алғыс хат тапсырып, сыйақы берді.
Тәуелсіздіктің баянды болуының тетігі – ұлттық руханият. Сондықтан да руханияттың дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан Зейнолла Сәнік атындағы мәдени қордың атқарған игілікті істерін өзгеге үлгі боларлық дүние деп есептеген жөн. Қазаны қазынаға бай, істеген ісі мазмұн мен мағынаға бай қорлардың қатары көп болсын.
Алтай Ғали-Асқар