ҚоғамТОП

Елу бес жылды еңсерді

Елдің рухани өміріне елеулі үлес қосып келе жатқан рухани орталықтардың бірі – Шығыс Қазақстан облыстық зағиптар мен көзі нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасы 55 жылды еңсерді. Жарты ғасырдан астам уақытты артқа тастаған кітапхананың өзіндік тарихы, өңіріміз үшін бағындырған белесі бар. Біз бүгін рухани шаңырақтың өткеніне шолу жасап, атқарып жатқан ісіне аз-кем тоқталмақпыз.

Адам өмірін кітапсыз елестету мүмкін емес. Кітап кез келген көзі ашық адамды кішкентай кезінен қартайғанға дейін сүйемелдеп, білім алуға, әлемді және өзін тануға көмектеседі һәм оған сенімді серік бола алады. Ежелгі заманда, әсіресе Шығыста, кітап соғыстың ең қымбат олжасы саналып, тылсым да қастерлі ұғымның құнды рухани мұрасы бола білген.

Уақыт өте келе, жаппай сауаттылықтың пайда болуы және жалпы кітаптарға қолжетімділіктің болуымен олардың ерекше рөлі азайған сынды. Десе де түбегейлі қажеттілік санатынан шығып қалған жоқ. Тек көру қабілетінен айырылған адамдарға қатысты кітаптың әлеуметтік оңалтудың негізгі құралы ретіндегі рөлі әлі де маңызды. Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан облыстық зағиптар мен көзі нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасының осы бағытта атқарып жатқан жұмысы зор. Рухани шаңырақ көзі нашар көретін азаматтарды қолжетімді БАҚ туралы ақпаратпен қамтамасыз етуге, оларды кітап оқумен, әлемдік және ұлттық мәдениеттермен таныстыруға, шығармашылық әлеуеттерін ашуға, олардың бос уақыттары мен қарым-қатынастарын мазмұнды ұйымдастыруға, кітап оқу арқылы әлеуметтік-мәдени ортаға интеграциялауға арналған алаңға айналып отыр.

– Кітапхананың негізгі қызметі көзі нашар көретін оқырмандарға ақпараттық және мамандандырылған қызмет көрсету болып табылады. Біздің кітапхананың қоры көзі нашар көретін адамдар тобына және шағын ауданның барлық тұрғындарына арналған. Біз зағип және көзі нашар көретін пайдаланушылар үшін жайлы өмір сүрудің жағдайларын жасауға және қолда бар мүмкіндіктер мен инновациялық формаларды барынша пайдалануға тырысамыз. Өз қызметін сонау 1960-жылдардың аяғында бастаған республикамыздағы зағиптар мен көзі нашар көретін азаматтарға арналған мемлекеттік кітапханалардың жұмысын бағалауымыз керек. Өйткені кітапхана қоғамды сауапты әрі жауапты жұмысты нәтижелі жүргізіп келеді, – дейді кітапхана директоры Бекайым Ұябаева.

 

Жұмысын 54 кітаппен бастаған

 

Өткен ғасырдың 1969 жылы Өскемен қаласында мәдениет басқармасына қарасты облыстық зағиптар мен көзі нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасы ашылған. Кітапхананың құрылуы зағип жандарды әдебиеттің бай әлеміне қарай жетелей түскен.

– Бастапқыда жеке үйдегі бөлмелердің бірінде ашылған кітапхана біртіндеп қанатын кеңге жая түскен. Кітапхана, Қазақ зағиптар қоғамы облыстық басқармасының Шығыс Қазақстан балансындағы кітап қоры негізінде ұйымдастырылып, кейіннен әдебиеттерді кітапхана коллекторынан, кітап және букенистік кітап дүкендерінен бедерлі-нүктелік және жалпақ шрифттермен басылған кітапханалардан ала бастаған. Кітапхананың Брайль қарпімен басылған 54 кітаптан бастау алған кітап қоры бүгінгі күні 71 021 бірлікке дейін өсті, – дейді кітапхана басшысы Бекайым Ұябаева.

Кітапхана негізі қаланған күннен бастап, бүгінгі таңға дейін зағип жандарды жүйелі кітап оқуға баулу міндетінен айнымай келеді. Көзі нашар көретін азаматтарды кітапхана қызметімен барынша толық қамту және әрбір зағип жанды кітаппен қамтамасыз ету мақсатында, 1970 жылдан бастап Риддер, Алтай, Серебрянск және Шемонаиха, Өскемен қалаларында кітапхана пункттері ұйымдастырылған. Кейінірек осындай пункттер Глубокое, Самар, Күршім, Үлкен-Нарын, Тарбағатай аудандарында ашыла бастаған.

Ал 1970 жылдардағы әдебиеттің жаңа түрінің пайда болуы – арнайы кітапханалардың жұмысына шынымен төңкеріс әкелді. Жаңа үлгідегі әдебиет қорын қалыптастыру, КАА бағдарламасы арқылы алынған «сөйлейтін» кітаптарды өз беттерінше көшіруден басталды, содан кейін бұл кітаптарды Мәскеу, Ленинград, Минск, Киев, Харьков, Қазан және Алматыдағы дыбыс жазу студияларымен жасалған келісімшарттар арқылы алатын болған. Сол 1971 жылы кітапханада баяндалған кітаптарды тыңдауға арналған «Дайна» атты алғашқы магнитофондары пайда бола бастаған. Бұл да кітапхана көшін алға жетелеген заманауи үрдістердің бірі бола білген.

– 1995 жылы кітапхана бұрынғы балабақшаның екі қабатты жеке ғимаратына көшті. Бұл қала мен облыстың жертөлелерінде, гараждарында, қоймаларында және басқа да қолайсыз үй-жайларда жатқан кітаби қазыналарымызды жарық, кең ғимараттың шаңырағының астына жинап алуға мүмкіндік берді. Ал 1996 жылы Сорос-Қазақстан қорының грантымен алғашқы компьютер сатып алынған. Кітапханамыздың 1997 жылы ЗУБР орталығының көмегімен Бейбітшілік корпусынан алған гранты рухани шаңырақтың материалдық-техникалық базасын нығайтуға көмектесті, – дейді кітапхана басшысы.

Осылай облыс орталығындағы үлкен рухани шаңырақтардың біріне айналған кітапхана бүгінде көзі көрмейтін және нашар көретен азаматтардың білім алуына өзіндік үлесін қосып келеді.

 

Кедергісіз ортаға айнала білген кітапхана

 

Жарты ғасырдан астам тарихтың қатпарында төгілген тер, істелген игілікті жұмыстар баршылық. Соңғы жылдарда заманауи дамыған тәсілдердің жемісін көбірек көріп келеді. Азаматтардың бос уақыттарын тиімді өткізу мақсатында Брайль әліпбиін үйрететін жаңа зал – тифлокешені (грек тілінен алынған typhlo – зағип) ашылған. Онда мүмкіндіктері шектеулі жандар арасында шахмат, дойбы, тоғызқұмалақтан жүйелі түрде жарыстар өткізіліп тұрады.

Оқу залы өзгертіліп, жас оқырмандарға қызмет көрсетуге арналған балалар бұрышы да ашылған. Еліміздегі «Балалар жылына» орай «Мен кітапты жақсы көремін» әдеби ойын алаңы ашылып, онда ерекше  балаларға арналған әдемі сөрелер, үстелдер, танымдық ойындар, түрлі-түсті басылымдағы кітаптар, зағиптар мен көзі нашар көретіндерге арналған бедерлі-графикалық басылымдар қойылған.

Сондай-ақ «Ерекше көзқарас», «Осындай жігіттер өмір сүреді…» атты инклюзивті серіктестік жобалар мен «№14 түзету балабақшасының тәрбиеленушілеріне арналған «дойбының сиқырлы әлемі» тәжірибелік жобасында атаулы кітапхана бірлесе жүзеге асыруда.

– Облыстық зағиптар мен көзі нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасының құжаттар қоры 71 021 дананы құрайды, оның ішінде мемлекеттік тілде 12 143 дана. Зағип және көзі нашар көретін пайдаланушылар үшін фонотека бөлімінде барлық жанрдағы аудиокітаптар жинағы, балалар әдебиетінің үлкен таңдауы, музыка әуесқойлары үшін музыкалық дискілер бар. Жыл сайын кітапхана өз қызметімен облыстың 2000-ға жуық зағип және көзі нашар көретін азаматтарын қамтиды. 2019 жылы кітапхана «Қазақстан кітапхана одағы» заңды тұлғалар бірлестігіне енді. «Өскемен қаласының ең жақсы қолжетімді нысаны» қалалық байқауына қатысқаны үшін кітапхана мәдениет саласы бойынша «Кедергісіз орта» номинациясы бойынша 1 орынға ие болып, дипломмен марапатталды, – дейді кітапхана басшысы Бекайым Ұябаева.

Сонымен қатар кітапхана ұжымы әлемде болған пандемия кезінде жұмыстың қашықтағы формаларына көшу, бірегей «Телефон оқулары» жобасын сәтті іске асыра білген. Қызметкерлер қаладағы зағип және нашар көретін азаматтардан қоңыраулар қабылдап, оларға телефон арқылы жаңалықтарды, әңгімелер мен повестерден үзінділерді дауыстап оқып беріп отырған.

Арнайы оқырмандарға арналып «Лунж-аймақ», яғни, релаксация бөлмесі де ашылған. Онда Тифолопедагогпен топтық және жеке сабақтар, шығармашылық шеберханалар, әңгімелер мен пікірталастар, қызықты кездесулер және өзге шаралар өткізіліп тұрады.

Қазақстанда бедерлі нүктелі Брайль қарпімен кітап басып шығаратын мемлекеттік баспалардың болмауына байланысты зағиптар мен көзі нашар көретін азаматтардың облыстық арнаулы кітапханасы «Қолжетімді оқудың жаңа көкжиектері» моножобасын жүзеге асыруда. Жоба аясында Брайль қарпімен 241 дана кітап басып шығарған. Осы жылы 14-тен астам кітап шығаруды жоспарлап отырғандарын айтады. Сондай-ақ кітапхана базасында оқырмандардың қызығушылықтарына негізделген клуб бірлестіктері де бар. Атап айтқанда, «Шамшырақ» әдеби клубы, «Супербралист» клубы, «Джентельмен бір рет және мәңгілікке» ерлер клубы, «Әйелдің жарқын әлемі» әйелдер клубы  және Луи Брайль жүйесі арқылы оқу мен жазуды үйрететін «Маған оқуды үйрет» курстары жұмыс істеп келеді. Оқырмандар әсіресе 2024 жылы зағип жандарға арналған үстел теннисі мен аэро хоккей элементтерін біріктіретін үстел ойынына арналған «Шоудоун» бөлмесінің ашылуына ерекше риза болған.

Бұл кітапхана білім және мәдениет мекемелерімен бірлесе жұмыс істеп келеді. Соның ішінде қалалық кітапханалармен, Үлбі оңалту орталығымен, «Ақ-Ниет» мектеп-интернаты, сондай-ақ көру қабілеті бұзылған балалар баратын балабақшалар, қосымша білім беретін «№19 мектеп-орталығы» КММ, Шығыс Қазақстан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының «Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубы» КММ, «Қазақ зағиптар қоғамы» ҚҚ Шығыс Қазақстан филиалы және өзге де мемкемелермен тығыз байланыста жұмыс жасайды.

Осылай бұл кітапхана 55 жыл бойы көзі көрмейтін және көзі нашар көретін жандарды замана көшінен қалтырмай жетелеп келеді.

Осы айдарда

Back to top button