Қоғам

Елу жеті жыл бұрын Елбасымен бірге еңбек еткен

Елу жеті жыл бұрын Елбасымен бірге еңбек еткен


Кабинетке күлімдей кірген, бойы тіп-тік, жасы жетпістің ішін еркін аралап кеткен ақсақалдың саңқылдаған дауысы қауырт жұмыспен отырған біздің назарымызды өзіне еріксіз аудартқан еді. Сөйлесе келе білгеніміз, бүгінде Жарма ауданы, Әуезов кентінде тұратын Әділхан Мұқатаев осыдан елу алты жыл бұрын Теміртаудағы шойын қорыту зауытында Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВПЕН бірге еңбек еткен жан екен. Ақсақал әңгіме тиегін ағытты.
Жасынан өз қатарластарына қарағанда ширақ болған Әділхан ағаның қолында сол уақыттың тарихынан сыр шертетін фотосуреттер мен тиісті құжаттар жетерлік екен. Оның айтуынша, жұмыс істеп жүрген сол шақтарда өзінің жеке фотоаппараты болған, суреттердің көбін сонымен өзі түсірген.
Әдекең – 1959 жылы Ақсуат ауданындағы Көкжыра мектебін бітіре салысымен, Қазақстан Ленин комсомолының үндеуіне үн қосып, Қазақстан магниткасына жолдамамен барған алғашқы қазақ жастарының бірі.

– Біз мектепті тәмамдаған жылы елімізде «Қазақстанның алғашқы шойынын өндіруге біркісідей үлес қосайық, жастар!» деген үндеу жарияланған еді, – дейді ол. – Біздің кластағы 36 оқушының бәрі де Теміртауға аттануды жөн санады. Алайда, арамыздан тек бес баланы ғана іріктеп алды. Мектептен соң комсомолдың жолдамасымен Магнитогорскідегі үш айлық металлургтер курсын бітірдім. Өз құрдастарыммен жұмысшылар жатақханасында тұрдым, сол кезде жасым он сегізге де толмаған болатын. Тәжірибем мүлдем жоқ, бірақ тәлімгерім мықты болды. Бір сөзбен айтқанда, бәрін де еңбек ете жүріп үйреніп, білдік қой.

Әрине, ауылдан ұзап көрмеген, әкесі майданнан оралмаған жас жігіт жұмыс істей жүріп өскен ұясын, Ақсуатын, әсіресе, жан анасын қатты сағынумен болады. Бір жағынан зауыттағы ауыр жұмысқа шыдау да оңай емес еді. Тіпті, бір күні бәрін тастап, үйге қайтуға бел буады, осылайша жиналып жүргенінде зауыт жанынан замандасы, металлург Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫ жолықтырып қалады. Онда Нұрсұлтан Әбішұлы Теміртау қаласындағы комсомол ұйымының хатшысы екен. Екеуара әңгіме барысында өзінің қиналып жүргенін, ауылға қайтатынын айтады. Алайда, болашақ Елбасының сондағы берген, өмір жолын толықтай басқа арнаға бұрған кеңесі әлі күнге дейін есінде сақталып қалыпты.

Замандасы «Әділхан, екі қолға бір күрек барлық жерден табылады, ал сен жұмыс істей алатын домна пеші ауылыңда бар ма?! Бастаған істі аяқсыз қалдырма! Оның үстіне, өзің де көріп жүрсін ғой, зауытта өзіңдей қазақ жігіттері аз. Егер мына жұмысың ауыр болса, оқуын оқып, цехтың жылу орталығына электрші болып ауыс» деп ақыл қосқан екен.

Ол Нұрсұлтан Әбішұлының ақылына тоқтайды. Жаңа кәсібі өзіне қатты ұнайды. Сол жылы әскери комиссариаттан шақыру қағаз келіп, әскерге алынады. Әскер қатарында жүріп те, мамандығы бойынша қызмет ете береді. Электр сымдарын ауыстырып, жанбай тұрған шамдарды жөндеп, командирлер тарапынан талай мадақтама қағаздарға да ие болады. Бірақ Отан алдындағы борышын өтеп болған соң, отбасы жағдайына байланысты Теміртауға қайтып орала алмай, туған ауылына қайтады. Бүгінгі Мемлекет басшысының алпыс жылға тарта уақыт бұрын берген кеңесі көп көмегін тигізгенін, еңбек жолын ашқанын, кейін жылдар өте келе сол цех маңындағы тарихи кездесуді жиі-жиі еске алатынын айтады еңбек ардагері.

Бұдан кейін берілген кеңесті ары қарай жалғастырып, Талдықорғандағы индустриялдық-педагогикалық техникумға оқуға түседі. Аталмыш білім ордасын бітіргеннен кейін өндірістік оқыту саласының шебері атанады, көп жылдар бойы жемісті еңбек етеді.

– Еліміздегі металлургия саласының, өзім еңбек еткен Теміртау қаласының жыл санап өсіп-өркендеп келе жатқанын күнделікті ақпарат құралдары арқылы көріп, біліп отырамын, қуанамын, келешекке деген сенімім зор. Шынымды айтсам, Теміртауға бармағалы көп болды. Жоғарыда айтқан сол бесеуден бүгінде үш адам ғана қалдық. Олар: Амантай Жүнісов, Сәлім Рақымжанов және мен. Бәріміз де бір зауытта болашақ Елбасымен бірге еңбек еттік, досымызды мақтан тұттық, оның табыстарына қуанып жүрдік, – дейді Әділхан Дүйсенбайұлы.

Оның айтуынша, Нұрсұлтан Әбішұлынан зауытта жүрген достары мен жолдастары үнемі үлгі алатын. Өйткені, ол әркез қарапайымдылығынан танбаған.
Ал Қазақстан магниткасы еселі еңбектің еңселі ескерткішіне айналғанына тарих куә. Көзінде от ойнаған, жүрегінде жалын маздаған жастар алғашқы домна пешін екі жылда-ақ іске қосқан болатын. Қарапайым еңбек адамдарының бұл ерлігі мәңгі ұмытылмақ емес.

Әділхан аға өмірлік серігі Айманкүл Дүйсенбекқызы екеуі тоғыз баланы өсіріп жеткізді. Өкінішке қарай, үш баласы бүгінде орталарында жоқ. Балаларынан 20 немере, алты шөбере сүйіп отырған мерейлі отбасы. Әділхан Дүйсенбайұлы талай рет президенттік сайлау науқаны кезінде Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ еселі еңбегін Ақсуат, Жарма ауданы жұртшылығына насихаттап, Әуезов кентіндегі сайлауалды штабта сенімді өкілі болған. Қолында жинақталған жәдігерлерден, құнды құжаттардан шағын мұражай іспетті бұрыштар ашып, көпшілікке таныстырған.

Ақсақалдың ендігі арманы – бастаған істі аяғына дейін жеткізіп, жиналған экспонаттарды, құжаттарды Теміртау қаласының және Астанадағы Президенттің мұражайына өз қолымен табыстау, сонымен қатар, өзі тұратын жергілікті жерде ауылдық әкімшілікпен бірлесе отырып, мұражай ашу.

– Нұрсұлтан Әбішұлы осыдан елу жеті жыл бұрын маған биікті бағындыру, бұл өмірде қандай да бір жетістікке жету жолын нұсқады. Ол үшін тек қана талмай еңбек ету қажет екен. Сондықтан да жастарға айтарым, ерінбей жұмыс істеңдер, ақыр соңында одан міндетті түрде нәтиже шығады, – деп Әділхан аға әңгімесін түйіндеді.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button