Қоғам

Елу теңгеден сатылған көкөністі ел талап алды

Елу теңгеден сатылған көкөністі ел талап алды

Риддер қаласының өнерпаздары «Туған ел – алтын бесігім» акциясының аясында Металлургтер мәдениет үйінде концерттік бағдарлама ұсынды. Оған облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қатысты.
Риддерден келген шығармашылық ұжымдар Металлургтер мәдениет үйіне жиналған өнерсүйер қауымға халық әндері мен билерін ұсынып, көрерменді бір серпілтіп тастады. Сахнада шырқалған музыкалық шығармалар арасында әсіресе, «Елге сәлем», «Көзімнің қарасы», «Мереке», «Туған жерім тамаша» сияқты қазақ әндері жиналған қауымның ерекше қошеметіне ие болды. Ал Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған қойылым кім-кімді де болсын бейжай қалдырмағаны сөзсіз. Сонау жылдардағы тарихтан сыр шертетін театрландырылған көрініс тәуелсіздікті бағалауға шақырып тұрғандай.
Сахна төрінде камералық ансамбльдің орындауындағы «Мелодии мира» попурриі көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, концерттің сәнін келтірді. Бұл күні Наталья Кирильянова «Родина моя» әнін шырқаса, Р.Смаилова, С.Бухталкина мен Д.Миляевтердің орындауындағы «Көзімнің қарасы» әні залда отырған қауымның ерекше қошеметіне ие болды. Мың бұрала билеген «Экзерсис» тобының бишілері «Әлия», «Әшекей бұйымдар», «Русский перепляс» сияқты хореографиялық қойылымдарын көрермен назарына ұсынды. Концерт соңында облыс әкімінің атынан ықылас гүл табысталды.
Келесі күні риддерліктер қала тұрғындарына арнап «Туған ел – алтын бесігім» акциясының аясында Өскемендегі «Freshmarket» гастрономының алдында азық-түлік жәрмеңкесін ұйымдастырды.
Риддер қаласының шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер ауылшаруашылық өнімдерін әкелді. Олар сауда орнындағы сөреге қойылған жылқы мен қой етін – 1100, шошқа етін – 1000 теңгеден ұсынса, көкөністер – 60, балдың келісін – 900, сарымайды – 1350 теңгеден саудалады.
Риддер қалалық ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және жер қатынастары бөлімінің басшысы Евгения Сергеевнаның айтуынша, аталмыш жәрмеңкеге 2705 келі ет, 2375 келі көкөніс, 1200 келі жеміс-жидекпен қатар, сүт өнімдері әкелініпті.
– Ұсынылған өнімдердің бағасы әдеттегіден 10-15 пайызға төмен. Бұл қала тұрғындары үшін тиімді әрі қолжетімді. Сатушы да, тұтынушы да разы болды, – дейді Евгения Сергеевна.
Бұл күні Сергей Дудкиннің өнімдері саудаланған жерде ұзын-сонар кезек болды. Себебі, бұл жерде көкөністер 50-55 теңгеден саудаланды. Өзінің айтуынша, ол жыл сайын мемлекеттен субсидия алып отырады екен.
– Биыл 140 гектарға көкөніс ектім. Оның 120 гектарына картоп, қалғанына көкөніс егемін. Оған ерекше күтім қажет, – дейді Сергей Дудкин.
Тауар өндірушілердің өзінен сатып алуды ұйғарған қалалықтардың да қарасы көп болды. Қала тұрғыны, зейнеткер Медеубек Ахметқалиев жәрмеңкенің апта сайын өтіп тұратындығына ризашылығын білдірді.
– Сенбі күндері қолым бос болса, жәрмеңкеден қалмауға тырысамын. Өйткені, мұндағы баға қолжетімді. Алдағы уақытта да халыққа қажетті, күнделікті пайдаланатын өнімдердің бағасы күрт өсіп кетпесе екен деп тілеймін, – деді ол.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button