Қоғам

Елу градусты елемейтін елді мекен

Елу градусты елемейтін елді мекенЕліміздегі ең суық ауыл

Күршім ауданы республикамыздың ең шеткері аймақтарының бірі десек, осы шет аймақтың ең шалғай нүктелерінің бірі – Төсқайың ауылдық округіне қарасты Шанағаты ауылы. Бұл елді мекенге жетудің оңайға түспейтіндігін күнделікті естіп-біліп жүрсек те, бастан кешіп, көзбен көргеннің орны бөлек болатынына осы жолы тағы бір мәрте көз жеткіздік.

Үш Социалистік Еңбек Ерін түлеткен

Әдейілеп шыққан сапарымда «менің жолым болды» деп ауыз толтырып айтуға әбден хақым бар. Күршімнен шығарда Теректідегі коммуналдық шаруашылықтың директоры А.Иқамбаевқа қолқа салған едім, елгезек азамат еш сылтау айтпастан, бірден келісті. Сөйтіп, Амантай Шорманұлының «УАЗ» автокөлігімен батпақты жолды орып отырып, үш сағатта Төсқайыңға жеттік. Өз кезегінде Амантай осындағы орманшылықтың басшысы Т.Бұршақбаевпен телефон арқылы келісіп қойған екен, Төрехан ағамыз барған бойда астындағы «фермер» УАЗ-игін түсіп берді. Ал оның жүргізушісі Қанат Демегенов сол Шанағатының тумасы екен. Тәжірибелі жігіт ағасы қараңғы түсіп кеткеніне қарамастан, жолға шыққанды құп көрді.
Теректі –Төсқайың жолына реніш білдіріп, жолшыларды сөгіп келген біз Шанағатыны бетке алып жүріп кеткенде, сол жолымызбен жылап көріскендей болдық. Оның үстіне бізді күтіп тұрғандай, таулы жердің қара жаңбыры сорғалап кеп берді. Алды-арты бірдей тартатын көлік болмаса, адым аттар түріміз жоқ екен. Бірде ойға түсіп, бірде дөңге өрлеп, жан дауысы шығып келе жатқан «УАЗ» батпақты жерде тайғанап, шыр айналғанда, мұндай жолға үйренбеген адамның иманы ұшып кеткендей. Жолды жақсы білетін тәжірибелі жүргізушінің түрінен абыржу білінбеген соң, біз де көңілімізді бірлеп отырдық.
Қара Қаба өзеніне келгенде, бертінде салынған көпірдің жайын көріп, жағамды ұстадым. Жазғы қалың жаңбырда тасыған су жолды бұзып өтіп, өз бетінше жаңа арна салып алыпты да, көпір аулақта қалып қойыпты. Енді жаңа арнаға жаңа көпір салмаса, су көтерілген уақытта өткелдің бола қоймасы хақ.
Сонымен, Күршімнен Теректіге дейінгі ойлы-шұңқырлы жолда атам заманғы «ПАЗ» автобусымен 4 сағат бойы тарсылдатып, Төсқайыңға дейінгі 100 шақырымды ескі «Уазикпен» үш сағатта «малтып» өткен басым Шанағатымен арадағы небәрі 35 шақырымдық жолды екі сағаттан астам мезгілде әрең «тауысып», ұйқы құшағында жатқан ауылға да кірдім. Шаршап жеткен қонақты Қанат осында тұратын інісінің үйіне алып келді де, үй иесінің жеңіл шайын ішкен соң, бірден төсекке құладық.
Шанағатыда менің алдымен тілдескен адамым Қанаттың анасы Қамар шешей болды. Бұл кісі осы 25 үйлі ауылдағы ең қарт адам екен. Жасы ұлғайған адамдардың көпшілігі тіршілікке ыңғайлы өңірлерге қоныс аударып кеткен көрінеді. Шанағатының байырғы тұрғыны, 77 жастағы «Алтын алқа» иегері бізге біраз сырды жайып салды.
– Мен өзім Зайсанның қызымын, – дейді Қамар Қалимолдақызы. – Марқұм шалым Омарғазы 1957 жылы Зайсандағы кәсіптік-техникалық училищеге тракторшының оқуын оқуға барып, екеуіміз сонда таныстық. Ақыры тұрмыс құруға келісіп, осы ауылға келіп қалдым. Құдайға шүкір, бұл мекен құтсыз болған жоқ, тату-тәтті ғұмыр кештік, ол кісі 1990 жылы 59 жасында қайтыс болып кетті. Омекең екеуіміз 7 бала өсірдік. Олардан 21 немере, 10 шөбере сүйіп, қызыққа кенеліп отырмын. Өміріме ризамын, енді осы өзімнен өрбіген ұрпақтың бақытын тілеймін.
Ауылдың 47 жасар тұрғыны, осындағы «Әмір» шаруа қожалығының жетекшісі Аманбек Дүзкеновті жұрт көпті көрген қариядан бір де кем емес деп таныстырған-ды. Шынында да, ол не нәрсеге құлағы түрік және естігенін ұмытпайтын азамат екен. Мені бұрыннан танитынын кірген бойда айтып, салдырлай сөйлеп, сәлем берген Аманбектің әр сауалға тиянақты да байыпты жауап қайтарғанына риза болдым.
– Бұл ауыл бұрынғы «Бобровка» совхозының 4-бөлімшесі, – дейді ол. – Кезінде Орловка деп аталған осы мекенде 131 үй болған. Қазағы да, орысы да еңбекқор, өте тату еді. Тұрғындар негізінен мал шаруашылығымен айналысты. Бұл аймақта басқа өңірлердегідей емес, қар жұқа болады, әрі жай жауып, ерте кетеді. Шопан ата түлігіне қолайлы болғандықтан, совхоздың 18 мың қойы осы жерде бағылды. Сонымен қатар 1 мың жылқы өсірген фермадан кеңес өкіметі кезінде көпке әйгілі үш Социалистік Еңбек Ері шыққан болатын. Қазір осы Шәріп Дәуітбаев, Нұратсалық Ойекенов, Сартық (Есімхан) Шоқақовтардың атында үш көше бар. Осы азаматтар жүз биеден жүз құлын алып, әрдайым жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп отырған. Сөйтіп, еңбектерімен ел мақтанышына айналды.

Шанағаты атауы қайдан шыққан?

Аманбек ауылдың бөтен адамға түсініксіздеу атауын былайша жіліктеп берді. Осы жердің бір тұрғыны қатты аязда іргедегі өзеннен ат-шанамен өтіп келе жатады. Кенеттен ат тайып жығылып, бір тертесі сынып кетсе керек. Шапшаң үйге барып, терте алып келгенмен, аты шананы жылжыта алмай қояды. Сөйтсе, шана табаны қызыл суға тас болып қатып қалған екен. Содан «шана қатқан өзен», «шана қатты» деген сөз шығып, ақырында Шанағаты атанып кетіпті.
Бұл хикаяның жаны бар, өйткені, Шанағатының аудан, облыс емес, бүкіл республика көлеміндегі ең суық нүкте екендігі ғылыми түрде дәлелденген. Мұнда 45 градус аяз дегеніңіз – үйреншікті нәрсе. «2010 жылдың қысында 49-50 градус аяз жарты ай бойы тұрып алды» дейді Аманбек.
Бұл әңгімені одан әрі індете түсу мақсатымен біз аяңдап «Өскемен гидрометеорология орталығы» мекемесінің осындағы метеорологиялық постына келдік. Оның қызметкері, техник-бақылаушы Ойрат Шоқақов күнделікті алынған қорытындыларды (жауын-шашын мөлшері, температура) ыңғайына қарай Теректідегі стансаға жолдап отырады екен, олар өз кезегінде аталған мәліметті облыс орталығына жібереді.
Ойрат бізді бір үйге алып келді де: – Метеорологиялық жағдай туралы тереңірек білгіңіз келсе, осы кісімен сөйлесіңіз, – деп өзінің анасы Гүлжазира Шоқақовамен таныстырды. Сөйтсек, бұл кісі осы салада 30 жыл бойы тер төккен кәнігі ауа райын болжаушы екен.
– Осы ауылда сонау патша кезінде, атап айтсақ, 1898 жылы құрылған метеостанса болды, – дейді Гүлжазира Сәкешқызы. – Оны ашылғанына тура 100 жыл толғанда, Ұранқай ауылына алып кетті. Мен сол стансада техник-метеоролог болдым. Зейнет демалысына шыққан соң да, басшылықтың өтінішіне орай келісімшартпен екі жыл жұмыс істедім.
Ол кезде қажетті аспаптың бәрі болды, тіпті, дозиметр де бар еді. Күн сайын басқа өлшемдермен қатар радиация деңгейін де өлшеп отырамыз. Өйткені, Қытай іргеде тұр ғой. Сол тұста қырғиқабақ болдық емес пе.
Ол кезде электр жарығы жоқ, түнде қолымызға керосин шам ұстап, қарды белуардан кешіп, сонау өлшем алаңына жаяу барамыз. Обалы қане, еңбегіміз бағаланды, «Социалистік жарыстың жеңімпазы», «Коммунистік еңбек жеңімпазы» атақтарына ие болғанымды жұрт ұмытқан жоқ.

Ең қатты аяз 1969 жылы тіркеліпті

Ал суықтығына келетін болсақ, бұл өңірдің аса қытымыр екендігі көпке мәлім. Мен көрген ең қатты аяз 1969 жылдың қаңтар айында болды. Сол айдың бір күнінде аяз 56 градусқа жетті. Температураның бұл деңгейі бізде бұрын-соңды болып көрмеген-ді, содан кейін де қайталанған жоқ.
Еліміздің ең шеткі нүктесі болғандықтан, әрине, мұнда шекара қызметі бар. Ауыл іргесіндегі «Орловка» шекара бекеті (застава) осы аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Отан шебін қас қақпай күзеткен шекарашы жауынгерлер жергілікті тұрғындармен де тығыз байланыста. Осындағы жеке құрамға капитан Балғабек Смайылов басшылық жасайды. Оңтүстік Қазақстан облысындағы Шардара ауданының түлегі біздің өңірдің ауа райына әбден бейімделіп алған сыңайлы.
– Алты адамнан құралған топ шатырларын алып шығып, өз маршруттары бойынша жүріп отырып, шекара тыныштығын қадағалайды, – дейді бекет бастығы. – Ізінше тағы бір топ шығып, келесі бағытты бақылауға алады. Сөйтіп, өзімізге тиесілі аумақ тегіс назарда болады. «Жау жоқ деме, жар астында» деген ғой, сондықтан өте мұқият болуға міндеттіміз. 2011 жылы шекара бұзған екі қытай азаматын қолға түсірген болатынбыз. Осыдан кейін Қытай жағы шекара тәртібін әжептәуір қатайтты, содан бері тынышпыз.
Бұған дейін «Балықтыбұлақ» шекара бекетінде 4 жыл бастықтың орынбасары болған Балғабек жеке құрамға тиянақты басшылық жасауда. Өздеріндегі 17 мініс атына мол шөп түсіртіп, азық-түлікті жеткілікті мөлшерде қамдап алған жауынгерлер енді шекараны алаңсыз күзетуге кіріскен. Қоштасарда осынау қиын да қастерлі міндетті қапысыз атқарып жатқан ұлдарымызға шын көңілден денсаулық, табыс тіледік.
Осындағы негізгі орта мектепте оқитын 27 оқушыға 7 мұғалім сабақ береді екен. Бұл оқушылардың төртеуі мектепке дейінгі дайындық сыныбында оқиды. Ауыл тұрғындарының ендігі басты тілегі – мектептің жабылып қалмай, лайықты деңгейде жұмыс істеуі . Қолындағы малына ғана сеніп отырса да, шанағатылықтар балаларының оқып, жоғары, арнаулы орта білім алуына аса ықыласты. Сол жолда тапқан-таянғандарын аямай, оқудағы ұландарға барынша жағдай жасауға тырысуда.
– Мен өзім осы ауылдың байырғы тұрғынымын, – дейді үй иесі Бақтыгүл Омарғазинова. – 8 сыныпты осында оқыдым, ал 9-10 сыныптарды сол кездегі Бобровкада (Төсқайың) интернатта тұрып бітірдім. Біздің ауыл мал ұстауға қолайлы, шабындық та іргеде. Шөпті отағасы Манат ат мәшинесімен шабады. Тасығанда көлік жалдаймыз. Бұл ауылда 5 сиыр, 10 жылқы, 20-дай қой ұстап отырған біз жай ғана шаруа болып есептелеміз. Өйткені, тұрғындардың дені малды көп ұстайды. 20 сиыр, 150 қой ұстайтын ауылдастар да бар. Осының бәрі, әрине, балалардың қамы. Менің кішкентайым Ділназ 1-сыныпқа барды. Ал ұлым Елдос пен қызым Аяулым колледж бітіріп отыр. Енді жоғары оқу орнына түссек дейді. Ол үшін қаражат керек, біздің «капиталымыз» – қолдағы малымыз.
– Бұл ауыл құрып бара жатыр деген сөз – бос сандырақ, – дейді ардагер ұстаз Марат Елікбаев. – Ауылдың келешегі бар. Тұрғындардың жағдайы жақсы, барлығы мал ұстайды, тиянақты тірлік жасайды. Жеріміз мал ұстауға қолайлы, жылқы қыстан тебінмен шығады. Шанағатылықтар балаларын оқытуға барын салады. Тек сол түлектер білім алып, жетіліп шыққан соң ауылды ұмытып кетпесін деп тілейік.
«Адам бір терінің астында неше рет толып, неше рет солады» деген екен бабаларымыз. Сол айтқандай, ауылдарда тұрғындардың азайып, жағдайдың қиындағанын өтпелі бір сын кезең деп бағамдайық. Ауыл – қазақтың түп тамыры, негізі. Негізден айырылған халықтың келешегі болмайды. Сондықтан, Шанағаты сияқты шағын, шағын да болса қажырлы, қайсар тұрғындары бар ауылдарымыздың аман болуын, келешегінің жарқын болуын тілейік. Кім біледі, күндердің күнінде бұл өңір тағы да үйір-үйір жылқының дүбірі мен сансыз техниканың гүріліне толар. Шәкірті азайып, шуылы бәсеңдеп қалған мектептің оқушысы молайып, атағы зорайып тұрған шағына да куә болармыз. Қалай десек те, ұлан-ғайыр Отанымыздың ең шеткері нүктесі атанып, қиян шалғайда жатқан осынау табиғатына көз тойғысыз жұмақ өлкеге тұтқа болып, иелік етіп отырған бір шоғыр қауымның еңсесінің түспегені, келешекке тек сеніммен қарайтыны көңілімізді қуантты. Ал осы сенімнің біздің де көңіл төрімізге орнығып, көкейіміздегі «алдағы уақытта бұл өңірге тек қуанышты жиынға, дүбірлі мерекеге жақсы хабармен, тамаша сыймен келетін болармыз» деген үмітті нығайта түскені шындық еді.

Хасен Зәкәрия

Осы айдарда

Back to top button