Қоғам

Елу екі отбасын табыстырған

Елу екі отбасын табыстырған


Облыстық әділет департаментінде өткен республикалық жеке сот орындаушылары палатасының төрағасы Сергей Лимен кездесу барысында шығысқазақстандық жеке сот орындаушысы Жанар Мадинованың 52 отбасын табыстырғаны белгілі болды. Сергей Ли сол жиналыста Жанарды марапаттауға ұсыну жайында пікірін де білдірді. Біз қыз-келіншектердің төл мерекесі қарсаңында Жанармен кездесіп, қызметінің қыр-сырымен танысқан едік.

Он бес жыл құқық қорғау органдарында істеп, полиция майоры шеніне дейін өскен, зейнеткерлікке шыққаннан кейін жеке сот орындаушысы болып жүрген Жанармен сұхбаттасу оңай болған жоқ. Оның ашылып сөйлесуіне табиғатынан қарапайымдылығы, әрі жабық жүйеде қызмет істеген тәжірибесі әсер етпей қоймады.

– Менің жеке сот орындаушысы болғаныма бар болғаны үш-ақ ай. Сондықтан мақтанарлықтай әлі ештеңе тындырғам жоқ деп ойлаймын, – дейді Жанар өзіне тән қарапайымдылығына басып.

Алайда, нақты деректерге қарсы тұру мүмкін емес. 2016 жылдың желтоқсанында жұмысқа кірген жеке сот орындаушысы осы мерзім ішінде бала-шағасына алимент төлеуден бас тартып жүрген 52 әкені отбасымен жүздестіріп, оларды берешектерін ың-шыңсыз төлеуге көндіріпті. Бүгінгі қоғамның асқынған дерттерінің бірі – жанұясынан безген, бала-шағасын асыраудан қашқан әкелер жайы. Оларды іздеп-тауып, қарыздарын төлету үшін құқық қорғау органдары арнайы рейдтер жүргізіп, бейбақ әкелерді кәдімгідей «аулауға» дейін барған. Әртүрлі билбордтар мен әлеуметтік роликтерде әкесінен ақша сұраған баланың аянышты жүзі сол қайырымсыз әкелерден басқа жандардың барлығының жүрегін селт еткізген шығар. Міне, осындай әлеуметтік маңызы зор істің басы-қасына келгеніне санаулы ғана ай болған кейіпкеріміздің аяқ алысы тіпті де жаман емес. Өз басым, жылдар бойы қашып-пысып жүрген әкесымақтарды мұндай «ерлікке» көндіру үшін ең алдымен тамаша психолог болу қажет деп ойлаймын. Жанар болса, сонымен қатар, бірінші кезекте заң тетіктерін тиімді қолдану қажеттігін айтады.

– Мысалы, алименттен жалтарып жүргендердің ішінде таксист болып, нәпақаларын айырып жүргендер бар делік. Олардың көлігіне тыйым салынса, күнкөріссіз қалатыны түсінікті. Сол себепті олар жанұясымен тезірек келісімге келуге мүдделі. Сонымен қатар, біздің жұмысымызда жергілікті полицияның көмегі шексіз. Біз солардың жәрдемімен борышкерлердің мекенжайын тез анықтаймыз, – деп түсіндірді кейіпкеріміз.

Бірде жол апатында қайтыс болған ер адамның артында жұбайы мен екі қызы қалған. Сот кінәлі жақ алимент төлеп тұру туралы шешім шығарады. Басында тұрақты түрде төленіп келген алимент бір күнде тоқтап қалады. Осылайша алты жыл өтеді. Бірнеше жылдан кейін әлгі әйел іздене бастайды. Сөйтсе, айыпкер жұмыс орнын ауыстырып, басқа жаққа көшіп кеткен екен. Жеке сот орындаушысы оны іздеп, тапқанда, кінәлі адам «алиментті әлі төлей беру керектігін білмедім» деп уәж айтыпты. Жанардың арқасында «ұмытшақ» борышкерге алты жылғы қарызынан құтылуға тура келіпті.

Дегенмен, бәрі оп-оңай шаруа емес екен. Жұмыс істемейтін борышкерлер де кездеседі. Олардың жұмыспен қамту биржасына барып, тіркелуін, «екі қолға бір күрек» тауып, қарыздарынан құтылуын үнемі бақылауда ұстап отырмаса болмайды. Осы жерде оның жабық жүйедегі көп жылғы тәжірибесі мен талапшылдығы өз жемісін беріп келеді.

Жанар Мадинованың сөзіне қарағанда, отбасы мүшелері өзара бейбіт келісімге келе алмағасын, проблемаларын шешуге үшінші жақты, яғни, мемлекетті араластырады. Ал дәм-тұздары жараспаған жандардың дүние-мүліктерін бөлуін, балаларына алиментті кім төлейтінін ешқандай дау-дамайсыз-ақ шешулеріне әбден мүмкіндіктері бар. Мысалы, сотқа келгенде оларға медиация қызметі жайында ескертіледі. Бірақ аз уақыттың ішінде бір-бірін жаудай көрген әйелі мен күйеуі енді үшінші адамның төрелігінсіз ешқандай тоқтамға келе алмайтын халге жетеді. Жеке сот орындаушысының қызметіндегі ең қиын тұс та осы.

– Адамдар негізінде әлсіз ғой, кейбіреуі өздерін ұстай алмай, айғай-шуға да басады. Осындай кезде мықты психолог та болуға тура келеді, – деп күледі жеке сот орындаушысы.

Борышкерлердің барлығы қатыгез жандар емес. Кейбір әкелер баласының балабақшасына, әртүрлі үйірмелеріне ақысын төлейді, киімін әпереді, жазғы демалысын, ойын-сауығын толығымен көтереді, сондықтан алимент төлеуді міндетті санамайтын көрінеді.

– Бұл жауап берушінің өз еркімен жасалғандықтан, алиментке жатпайды. Бұл жерде әйелдерінің талабы заңды. Егер де ерлі-зайыптылар өздерінің қарым-қатынастарын мен жоғарыда айтқан медиация қызметі арқылы реттесе, осындай тұстардың басын бірден ашып алуға болар еді. Отбасылық кикілжіңді өршітпей, дұрыс байламға келуге болады. Бізде «Медиация туралы» Заң да бар, сот отырысына келгенде де үнемі естимін. Бірақ әлеумет бұл қызметті көп пайдаланбайды. Түсіндіру, ақпараттандыру жұмыстары аз сияқты, – деген ойымен бөлісті Жанар.

Өмір болғасын, әртүрлі жәйттер кездеседі. Қазір көптеген бай адамдар жылжитын-жылжымайтын мүліктерін басқа жандардың атына жазып тастайды. Осындай отбасылар ажырасқанда алимент төлету, дүниесін бөлісу оңайға түспейді екен.

– Өкінішке қарай, ондай жағдайлар да бар. Мен айыптаушыларға барлық дәлелдеу фактілерін жинастыруға кеңес берер едім. Мысалы, үйдің, көліктің өзінің бұрынғы күйеуіне тиесілі екенін айғақтайтын аудио, жазба таспалар, фотосуреттер, куәлердің сөздері, бәрі де істің әділ шешілуіне септігін тигізеді, – деген пікірін жеткізді жеке сот орындаушысы.

Үш айдың ішінде Жанардың қолынан 600-ден астам іс өтіпті және күннен-күнге көбеймесе, азаймаған. Өйткені қазір алиментке қатысты істер мемлекеттік сот орындаушыларынан жеке сот орындаушылардың құзырына өткен. Өскемен қаласында бір жылдан бері тек қана айыппұл және алимент борышкерлерімен жұмыс істейтін арнайы қызмет ашылған. «ШҚО бойынша айыппұл мен алимент қарыздарын қайтару бойынша жеке сот орындаушыларының конторасы» деп аталады. Тек қана осы бағытта жұмыстар істелінгендіктен, нәтижелері де әлдеқайда жоғары.

Жанар Мадинова өзінің қызметтік міндеттерінде отбасыларын татуластыру туралы ешқандай нұсқау жоқтығын әңгімеміздің басында ескерткен болатын. Алайда, тек біреудің қарызын өндіріп беріп қана қоймай, бір-біріне жат болып кеткен ерлі-зайыптыларды ортақ шешім қабылдауға көндірудің өзі қоғам үшін маңызды іс-әрекет. Бұл жанұя мүшелері ертең татуласып, бірге тұрып кетпесе де, балалары мен ата-аналары арасындағы түсіністіктің артуына, өзара сыйластықтың жалғасуына септігін тигізері сөзсіз. Демек, қоғамда бақытты отбасылардың саны артады. Бізге Жанардың қызметінің ең маңыздысы да осы сияқты.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button