ТОПҰлттық рухани жаңғыру

Елтеріс қағанның кешені табылды

Тарихтың тереңіне бойлауды мақсат еткен халықаралық Түркі академиясы археология саласында айтарлықтай жемісті еңбек етіп келеді. Бұған дейін де бірқатар тарихи жаңалықты жұртқа паш еткен болатын. Ал бұл жолы тіптен тарихтың тереңіне бойлап, Құтлық Елтеріс қағанның кешенін тапты.

Тарихи жаңалықты халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі алдымен өзінің әлеуметтік желісінде жария етті.

«Сүйінші! Ханғай жотасында, Өтүкен аймағында керемет жаңалық ашылды. Халықаралық Түркі академиясы мен Моңғолия Ғылым академиясы Археология институтының біріккен ғылыми археологиялық экспедициясы Номгон алқабында Күлтегін мен Білге қағанның әкесі, Түрік қағандығын қайта дәуірлеткен ұлы Құтлық Елтеріс қағанның кешені табылды», – деп жазды.

Ал археологиялық жұмыстың нәтижесі туралы академия басшысы Ұланбатыр қаласында өткен баспасөз мәжілісі барысында толығырақ баяндап берді.

– Кешеннің жалпы аумағы 49х41.5 м жерді алып жатыр. Батыстан шығысқа қарай сопақша болып созыла орналасқан кешенді айналдыра қоршап ор қазып, одан шыққан топырақты үйіп қамал жасаған. Кешеннің батыс жағында ортасында ойығы бар текше тас (альтар), адамның тас мүсіндері, қасында екі күшігі бар арыстан мүсіні және екі қой мүсіні орналасқан. Кешеннің қақпасынан шығысқа қарай 51 балбал тас тізіле орналасқан. Олардың ішінде бес балбалдан Ашина әулетіне тиесілі «таутеке» таңбасы анықталды, – деді халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі.

Археологтар кешеннің ішінде барықтың (табыну орын) болғанын анықтаған. Оған дәлел ретінде қыш жабындылар мен жаяу жүргінші жолына төселген кірпіштердің қалдықтары табылған. Сонымен қатар табыну орнының алдынан еңселі жазба ескерткіштің жоғарғы бөлігі мен тасбақа тұғыры табылған. Жазба ескерткіштің екі бетінде 12 жолдан тұратын көне түрік бітік жазуы, ал үшінші қырында көне соғды жазуы қашалған. Қазіргі таңда археолог-ғалымдар жазбадан «Тәңір», «түрк», «Құтлық», «түмен» қатарлы сөздерді оқып, анықтаған. Анықталған деректерге арқа сүйеген ғалымдар Номгон кешенін Күлтегін мен Білге қағанның әкесі, Түрік қағандығын қайта жаңғыртушы Құтлық Елтеріс қағанға арналған деген қортынды жасап отыр. Сондай-ақ зерттеуші-ғалымдар «түрк» сөзі бұрын-соңды түркі дәуіріне тән жазба ескерткіштерде алғаш рет кезігіп отырғанын жеткізді. Номгон ғұрыптық кешені барлық белгілері жағынан Білге қаған мен Күлтегін ғұрыптық кешендеріне ұқсас. Номгон жазба ескерткішінің жоғарғы тұсында төмен қараған денесі айдаһар бейнесіндегі екі бөрінің басы бейнеленген. Дәл осындай қағандық атрибутикалардың – айдаһар денелі, бөрі басты сюжеттің Таспар қаған, Білге, Күлтегін және басқа ескерткіштерінің жоғарғы тұсында қашалғаны бізге мәлім. Жалпы, Номгон кешені құндылығы жағынан Орхон ескерткіштері сынды мемлекеттік деңгейдегі маңызды ескерткіш саналады.

Баспасөз жиыны барысында бұл жолғы археологиялық жаңалықтың нәтижесі алдағы уақытта ғылыми еңбек болып жарық көретіні айтылды. Ал Моңғолиядағы түркі дәуірінің ескерткіштеріне қатысты қазба жұмыстары алдағы уақытта жалғаса бермек. Осы жолғы экспедиция жұмысы 2019 жылы басталған болатын. Алайда Covid-19 пандемиясы салдарынан екі жыл бойы тоқтап қалған Номгон бірлескен экспедициясы 2022 жылдың шілде айында қазба жұмыстарын қайта жалғастырып, тамызда тамаша жетістікке қол жеткізіп отыр.

Моңғолия даласындағы түркі дәуіріне тән ескерткіштер осыған дейін де зерттелген болатын. Археологтар 2016 жылы Шивээт-улан ескерткішінде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген еді. Номгон кешені сол тұста қоршауға алынып, осы жылы зерттелгені айтылды. Ал кешеннен табылған тарихи ескерткіштер, балбал тастар, жазбалар, заттар алдағы уақытта тереңдете зерттелмек. Осылайша өткен тарихтың тағы бір парағы ашылып, археология қоржынына рухани олжа түспек.

Алтай Ғали-Асқар

 

 

Осы айдарда

Back to top button