Қоғам

Елтаңба авторы барлық мерекелік шараларға қатысты

Елтаңба авторы барлық мерекелік шараларға қатысты

Мемлекеттік рәміздер күнінің думанын Өскемен жұртшылығы амфитеатрда бастады. Күн ұясынан көтеріле бере Ертістің жағасына жиналған халық жүрек тұсына алақанын қойып, мемлекеттік Әнұранды тебірене шырқады.
Мемлекеттік қызметкерлер, мектеп оқушылары мен студенттер, күш құрылымдарының өкілдері, медицина саласының мамандары облыс жұртшылығының ел Әнұранына деген құрметін осылай паш етті. Бұл күні өткен шаралардың барлығына облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар, Елтаңба авторы, әйгілі сәулетші Жандарбек Мәлібеков қатысты.
Әнұранды әспеттеген қалың топ «Қазақстан» тауын бетке алды. Бұл жерде де оларды қызықты шаралар күтіп тұрған еді. Жақында ғана көк Туы жаңаланып, маңайы абаттандырылған рәміздер кешенінде отаншыл рухтағы әндер қалықтап тұрды. Мұндағы шараларды ерікті спортшылар бастап берді. Өрге қарай 300 метр жолды жүгіріп өтуге ниет білдіргендердің арасында алты жасар баладан бастап 75 жастағы қария да бар екен.
Қалалық спорт және денешынықтыру бөлімінің маманы Серікжан Омарханов шараға қатысушылардың ынтасын арттыру үшін жүлде тағайындағандарын айтады.
– Бүгінгі жүгіріске негізінен қалалық спорт мектебінің оқушылары мен ардагер спортшылар қатысып отыр. Оларға жас мөлшеріне қарай жүлде белгілеп отырмыз. Жеңімпаз атанғандарға ынталандыру сыйлықтары мен мадақтамалар берілмек. Бұдан бөлек «Ең жас желаяқ», «Тұрақты марафоншы» сынды арнаулы аталымдар да тағайындалған. Мұндағы мақсатымыз – патриоттық шараларға бұқараны көптеп тарту, бүгінгі ұлық мерекенің мәнін арттыру, – дейді ол.
Бұқаралық спорт шараларына үздіксіз қатысып келе жатқан ардагер спортшы Алексей Полтарыхин бұл шараға қатысу арқылы жастарға мемлекеттік нышандарды қалай құрметтеу керектігін көрсеткісі келгенін айтады.
– Бұл күннің мемлекеттік мереке ретінде тойлануы аса қажет. Күнделікті тірлікпен көп дүниеге мән бермей кетіп жатамыз. Ал бүгінгі мереке көпшілігіміздің есімізге қай мемлекеттің суын ішіп, ауасын жұтып отырғанымызды еске салады деп ойлаймын, – дейді қария. №13 мектептің 6 сынып оқушысы Байбол Әбілхан да жарысқа қатысқанына, ел үшін елеулі мерекеге өз үлесін қосуға осындай оңтайлы мүмкіндік туғанына дән риза екенін жасырмады.
Спортшылар марапатталған кешен төріне мемлекеттік жас қызметкерлер мен «Нұр Отан» партиясына мүшелікке өтушілер де көтерілді. Олар мемлекеттік нышандар алдында ант қабылдау үшін шықты. Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар жас әріптестері мен партия мүшелерін құттықтай келе, атаулы күннің маңызына тоқталды.
– Мемлекеттік рәміздер күні осымен 22 жыл қатарынан тойланып келеді. Елтаңба, Ту, Әнұран. Бұл үшеуі – біз үшін ең қасиетті мемлекеттік рәміздер. Атақты сазгер Шәмші Қалдаяқов Әнұранның әуенін жазғанда небары 21 жаста болса, мәтінін жазған Жұмекен Нәжімеденов 25-те болған екен. Бұл феномен тың иеялар мен өміршең дүниенің көбі жастардан туындайтынын көрсетеді. Ендеше бүгінгі айтулы мереке күні жас мемлекеттік қызметкерлерге құрмет көрсетілуі қисынды дер едім, – деді Жақсылық Омар.
Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков те құттықтау сөз алып, шараның деңгейіне ерекше тоқталды.

Елтаңба авторы барлық мерекелік шараларға қатысты

– Өскеменде бүгін өте керемет шара өтіп жатыр. Мемлекеттік нышандарымызды қаланың ең биік нүктесіне орнату аса тағылымды іс деуге болады. Осы биік алаңда тұрып тәуелсіздік жылдары еңсерген биіктіктерімізді ой елегінен өткіздім. Шығыс Қазақстан – батыр бабаларымыз атойлап өткен мекен. Бүгін ант қабылдап, қолына куәлік алған жастар сол бабалардың даңқты жолын үзбейді деген сенімім бар. Елтаңбамыз төрден түспей, Туымыз биікте желбіресін, Әнұранымыз шырқалар мерейлі шақтар көп болғай, – деп ол ақ тілегін білдірді. Мемлекеттік қызмет істері Агенттігі Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Тоқтамыс Жұмағұлов жас мемлекеттік қызметшілерге табыс тілей келе, бүгіннен бастап мемлекет алдындағы міндеттері еселеніп, көтерер жүктері ауырлай түскенін ескертті. Аталмыш жауапкершілікті ант беруші жастар да сезінбей қалған жоқ.
– Мемлекеттік қызметші болу – кез келген жас үшін арман. Бұл – мәртебелі де, жауапкершілігі мол жұмыс. Жыл сайын жастардың мемлекеттік қызметкерлер санын арттыруы заңды құбылыс деп бағалар едім. Қатарымыздың артуы арамыздан Қазақ елін мәңгілік мұратына жеткізер тұлғалардың көптеп шығуына себепкер болатынына сенемін, – дейді жас маман. Мемлекеттік нышандар алдында ант қабылдаған жастарға мемлекеттік қызметкердің куәлігі табыс етілсе, жуықта ғана «Нұр Отан» партиясының сапына енген 10 адамға партия билеттері табысталды.
Шығысқазақстандықтарды Рәміздер күнімен құттықтауға арнайы келген Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков Өскемендегі балалар шығармашылық сарайында болды. Елтаңба авторы осындағы оқушылар интерактивті тақта арқылы қаладағы соңғы жаңалықтарды сайттардан оқып, дер кезінде біліп отыратынына көз жеткізді. Сонымен қатар, өнерлі оқушылармен ашық-жарқын әңгімелесіп, шығармашылықтарымен танысты. Жас суретшілердің республикалық көрмелерде орын алған жұмыстарын тамашалады. Үйретері көп үйірмеге қатысып отырған оқушыларға өз тілегін айтып, естелік суретке де түсті.
– Шығармашылық жұмыспен айналысқандарыңыз дұрыс. Сурет өнері сіздердің ойлау қабілеттеріңізді дамытады. Әлемді басқа қырынан тани түсесіздер. Өнер арқылы Отанға деген сүйіспеншілік күшейе түседі. Қазақ даласының бояуы да өзгелерден өзгеше. Кең дала, көркем табиғат, бәрі – біздің елде. Мен де бала күнімде сурет салумен айналыстым. Сондықтан да сіздерге айтарым, сурет өнерімен терең айналысқан сайын, ішкі жан дүниелеріңізді, сыртқы әлемді жақын тани бастайсыздар, – деп сурет өнері жайында бір үзік ойын айтты Жандарбек Мәлібеков.
Сондай-ақ, ермексазды ермек еткен, қағаздан ою оятын оқушылардың жұмыстарын көрді. Елтаңба авторы шығармашылық сарайы ішінде ұйымдастырылған «Мәңгілік ел» орталығында жас ұландықтармен кездесті. Облыс көлемінде осындай 19 «Мәңгілік ел» орталығы бар екен. Кездесу барысында Елтаңбаның жасалу жолы жөнінде әңгіме өрбіп, оқушылар көкейдегі сауалдарын қойды. Жандарбек Мәлібеков Елтаңбаның үлкен ізденіспен келгенін сөз ете келе, «Мәңгілік елдің» мәні мен мағынасы туралы да әңгіме қозғады.
– Мәңгі ел белгісі Тарбағатай өңірі, Моңғолия, Алтай жақтағы таңбалы тастардан табылған. Яғни, Күлтегін қағанаты 750 жылдары «Мен мәңгі ел құрдым» деп тасқа жазған екен. Еуразия университеті «Мәңгілік ел» ғылыми-көпшілік тарихи журналын шығарып, мемлекеттік хатшыға тапсырғаннан кейін ол Елбасымызға ұсынған. «Мәңгілік ел» сөзі – мәңгі ел болып келе жатырмыз, мәңгі ел болып дами береміз, біздің ел шексіз деген мағынаны береді, – деп түсіндірді Ж.Мәлібеков. Риза болған оқушылар мен ұстаздар Елтаңба авторынан қолтаңба алып, өздері де сый-сыяпат жасады.
Кешкісін Металлургтер сарайы маңынан «Көк Туым көкте желбіреп…» атты мерекелік шеру бастау алды. Мерекелік шеруге Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакованың отбасы бастаған спортшылар, «Нұр Отан» партиясының мүшелері, мәдениет қызметкерлері, үздік ұстаздар мен дәрігерлер қатысты. Тәуелсіздік даңғылынан басталған тәуелсіз елдің Көк Туы бір қолдан келесі қолға өтіп, кешкісін амфитеатрға жетті. Осылайша амфитеатрда бастау алған мерекелік думанның нүктесі де амфитеатрда қойылды. Бұл жерде де Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков халықты айтулы күнмен құттықтады. Мейрам концерттік бағдарламалармен, лотерея ұтыс ойындарымен жалғасын тапты. Дәл осындай шаралар облысымыздың басқа да аудан, қалаларында ұйымдастырылды.

Есімжан Нақтыбайұлы,
Мерей Қайнарұлы

Осы айдарда

Back to top button