Қоғам

Елсияр Қанағатов: – Дүбірлы додаға Шығыстан 42 cтудент қатысады

Елсияр Қанағатов: - Дүбірлы додаға Шығыстан 42 cтудент қатысады


Газетіміздің тілшісі жерлесіміз, қазақ спортының өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосып келе жатқан, Мәдениет және спорт министрлігі спорт істері комитетінің төрағасы, педагогика ғылымдарының кандидаты, «Парасат» және «Құрмет ордендерінің иегері, министрлік тарапынан студент-жастар ойындарын үйлестіруші Елсияр Баймұханбетұлы Қанағатовпен жолығып, жылдың басты спорт додасы жайында әңгімелескен еді.

– Елсияр Баймұханбетұлы, жақында ғана Елбасының Жарлығымен «Парасат» орденімен марапатталыпсыз, жерлестеріңіз атынан құттықтағым келеді. Сізбен бірге Бейжің, Лондон, Сочи Олимпиада ойындарында, Алматыда ауыр атлетика мен ерлер арасындағы бокстан, Астанада бұрымдылар арасында өткен Әлем чемпионаттарында, бірнеше халықаралық жарыстарда бірге болғанымда, қазақ елі сайыпқырандарына ақыл-кеңес беріп, жеңістеріне қуанып, жеңілістерге күйзелгеніңізге талай куә болған едік. Ел спортының тізгінін ұстау, қаншама дүбірлі жарыстарды ұйымдастыру оңай шаруа емес екені белгілі. Енді, міне, бүгін Алматыға ұшып бара жатырсыз, сапар сәтті болып, 59 мемлекет атлеттері қатысатын Универсиадада қазақ елі саңлақтарының ағарып алдан көрінулеріне дүйім жұртшылық тілеулес болып отыр.

– Айтқаныңыз келсін! ХХVІІІ-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиада ойындарының Алматыда өтуі сарабдал саясаткер, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ алысты болжап, болашақты ойлағанының куәсі болса керек. Естеріңізде болар, бұдан бұрынғы Қазақстан халқына Жолдауларында Елбасы бұқаралық спортпен шұғылданушылар санын 30 пайызға жеткізу, болашақ ұрпақтың денсаулықтарының мықты, олардың бойында патриоттық, отансүйгіштік қасиеттердің болуы жайында айтқан еді. Соңғы бірнеше жылда еліміздегі барлық қалалар мен аудандарда мыңдаған заманауи спорт кешендері, демалыс базалары бой көтерді. Ең бастысы, Қазақстан азаматтарының өмір сүруі көрсеткіші 73 жастан асты.

– Хош сонымен, Универсиаданың басталуына санаулы күндер қалды. Дайындығымыз қалай, жылдың басты спорт додасына қанша мемлекет қатыспақ?

– Ару қала – Алматының төрінде қаңтардың 29-ынан, ақпанның 8-іне дейін спорттың 12 түрінен аламан бәйге басталмақ, біздің үкілеген 168 саңлағымыз қысқы спорт түрлерінің барлығына қатысып, бақтарын сынамақ. Олардың ішінде Олиампиада ойындарының қола жүлдегері, мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен, Елизавета Тұрсынбаева, Әлем чемпионатының қола жүлдегері, Әлем кубогы жарыстарында бірнеше рет топ жарған фристаилшы Юлия Галышева, Дмитрий Рейхард, Павел Колмаков, фристаилдың акробатика түрінен Ақжол Заманбеков, Жібек Арапбаева, оралдық шорт-тректің шеберлері, шаңғыдан Иван Люфт, Әсет Дүйсенов, Марина Матросова, биатлоннан Галина Вишневская, Василий Подкорытов, тағы басқалардың болуы үміт күттіреді. Себебі олардың тәжірибесі мол, коньки, тау шаңғысы, сноуборд, басқа спорт түрлерінен соңғы кезде тамаша нәтиже көрсетіп жүрген басқа жастарымыз намысты қолдан бермес деген ойдамыз.

Универсиада ойындарының ашылуы 12 мың орындық заманауи «Алматы-Арена» спорт сарайында өтеді. Сонымен берге, 3 мың көрерменге арналып салынған «Халық Арена» мұз айдынындағы хоккей сайыстары жанкүйерлердің көзайымына айналмақ. Табағандағы биатлон, шаңғы жарыстары, Медеу мен Шымбұлақтағы мұз айдыны мен тау шаңғысы өтетін сайыстар да тартысты болады деп күтілуде. Универсиада ойындарын өткізуге жауапты Алматы қаласының әкімшілігі, Білім және ғылым, Мәдениет және спорт министрліктері, спорт және туризм академиясының ректоры Қайрат Закариянов қазіргі таңда қарбалас жұмыс үстінде. Себебі, АҚШ, Канада, Ресей, Норвегия, Швеция сияқты қысқы спорт түрлері ерекше дамыған мемлекеттер Алматыдағы Универсиада ойындарынан жақсы әсер алып, жақында ғана Тәуелсіздіктің 25 жылдығын атап өткен, ерекше қарқынмен дамып келе жатқан еліміз жайында оң пікірде қалса, діттеген межеге жеткеніміз.

– Қысқы спорты ерекше дамып келе жатқан шырайлы Шығыс туралы не айтар едіңіз?

– Жалпы алғанда, Кенді Алтайдың спорты туралы ой қозғар болсақ, Универсиадаға қатысатын 168 студенттің 42-сі, яғни төрттен бірі сіздердің өңірден. Шығыстың студент жастары осымен алтыншы рет студенттер додасына қатысып, 33 медальға ие болған екен. Оның 13-і алтын, оны – күміс, оны – қола медаль. Алматыдағы аламаннан Шығыстың студенттері төрт алтын, бірнеше күміс, қола алса, нұр үстіне нұр. Өңір басшысы Даниал АХМЕТОВ спортың дамуына ерекше көңіл бөлуде. Екі футбол командасын, Семей мен Өскемендегі қыздар мен ерлер арасындағы волейбол командаларын біріктіру нәтижесінде «Алтай» командалары өткен жылы ел біріншілігінде топ жарды. Ал футбол командасына жан бітіп, суперлигаға жолдама алды. Өңірде жаңадан жүздеген спорт ғимараттары бой көтерді, футбол, дзюдо академиялары құрылып, шет елдерден білікті де білімді мамандар шақырылды. Қысқасы, Кенді Алтай саңлақтары алдағы уақытта да бізді қуанта бермек.

– Алда ақпанның 19-ында Жапонияның Саппоро қаласында, келер жылдың басында Оңтүстік Кореяның Пхеньшхян қаласында өтетін Ақ Олимпиада ойындары. Универсиадада топ жарып, көзге түскен талантты жастар оған қатысудан үміткер. Демек, жалындаған жастарымыз өз жерінде тамаша нәтиже көрсетіп, командалық есепте алғашқы үштікке енсе, асығымыз алшысынан түсері анық.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – «Дидар» газетінің арнаулы тілшісі Оңдасын Елубай.

Астана қаласы.

Осы айдарда

Back to top button