Қоғам

Елордамыз – бейбітшілік қаласы

Елордамыз – бейбітшілік қаласы


Астананың 20 жылдығына орай өңірдегі іргелі білім ордасы – Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚМУ-да университет ұжымының салтанатты жиналысы және «Ел жүрегі – Астана» концерттік бағдарламасы болып өтті.

– Қазақстанның жаңа елордасын Елбасы саясатының жемісі және айшықты салтанаты деп санауға болады. Астана жаңа, тәуелсіз, болашаққа бет алған демократиялық Қазақстанның флагманына, яғни жетекші күшіне айналды, – деді көпшілік алдында жүргізуші қыз.

Жоғары оқу орнының оқытушылары мен қызметкерлерін университет ректоры Мұхтар Төлеген құттықтап, Қазақстанның дамуындағы елорданың ерекше рөлін, аталмыш мейрамның мән-маңызын атап көрсетті.

– 20 жылдың ішінде Отанымыздың қақ ортасынан орын тепкен Астана Қазақ елінің Оңтүстігі мен Солтүстігін, Батысы мен Шығысын жалғап жатқан бас қалаға айналды. Ол бүгінде тек еліміздің ғана емес, сондай-ақ бүкіл Орталық Азия өңірінің саяси-экономикалық орталығы саналады. Ал 1999 жылы ЮНЕСКО-ның шешімі бойынша Астана «Бейбітшілік қаласы» деген құрметті мәртебеге ие болды. Баршаларыңызды осы айтулы меркемен құттықтаймын! Астанамызкүннен-күнге көркейе берсін! –деген ректор бірқатар жағымды жаңалықтарымен де бөлісті.

Атап айтсақ, мерейтой қарсаңында ШҚМУ ғылыми кеңесі екі атаулы шәкіртақы тағайындап отыр. Олар – мөлшері 50 мың теңге болатынАбай атындағы және мөлшері 25 мың теңге болатын Сәрсен Аманжолов атындағышәкіртақылар. Аталған стипендиялар озат студенттерге ай сайын төрт жыл бойы төленіп отырмақ.

Салтанатты жиын соңы мерекелік концертке ұласты. Концертте ШҚМУ студенті, «Франкофония-2017» фестивалінің жеңімпазы, әнші Юлия Юрочкина «Нұр аға», «Саржайлау» әндерін нақышына келтіре шырқады, қобызшы қыздар күй тартса, аймағымызға әйгілі әнші, актер Дархан Сәдібаев домбырамен әндер орындады. Әнші, университет профессоры Альмира Нұрғожина және басқалар да өнер көрсетіп, жиналған қауымға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button