Елорда күнін ерекше тойлады

Елорданың туған күнін Ертіс жағалай қонған ел де тойлады. Мереке күні Өскеменнің әр жерінде түрлі-түрлі іс-шара өтті.
Тәттіқұмар «араларға» тамсанды
«Астана – арман қала,
Мәңгі от боп жанған қала.
Тұрады ол жап-жас болып,
Мен үлкен болғанда да».
Таңдайлары тақылдап тақпақ айтқан, шаттанып би билеген құлыншақтарды этнопарктің (облыстық сәулет-этнографиялық табиғи-ландшафтық мұражай-қорығының) балаларға арналған қалашығынан табасыз. Табасыз да, ғажайып шаһарды көрген сіз «мұнда не болып жатыр?» деп сұрайсыз.
– Еліміздің ертегідей сұлу астанасының туған күнін тойлаудамыз! – деп жауап қатады құлыншақтар бір ауыздан.
Өзіңіз де сол ертегідей әлемге қалайша еніп кеткеніңізді білмей қаласыз.
Кенет әлгі құлыншақтардың тәттіқұмар араға айналып, гүл қауызына жапа-тармағай қонғанын көресіз.
– Иә, – дейді сізге сонда топты бастап жүрген үлкен ара, – біз – сиқыршымыз. Қаласақ, құс болып ұшамыз немесе балыққа айналып суда жүземіз. Сіз ертегілер еліндесіз.
Кенет түкке түсінбей аң-таң болған сізді аяған әлгі ара образдан шығып, бір көзін қысып жіберіп: «Менің шын есімім – Ольга Совельева, осы қорық-мұражайдың қызметкерімін ғой», – деп жүрегіңізді орнына түсіреді.
Мән-жайға көзіңіз енді жеткен сіз сонау жерде өзге адамдардың да жүргенін байқайсыз. Жақындап барып, әңгімеге тартасыз
– Айлин атты ерке немеремді қыдыртып жүрген мен де ертегідей өзге әлемге тап болдым, – дейді қала тұрғыны Гүлсім апай.
Айдана мен Руфат ән салды
Кешкілік жастар «Нұрлы жол» саябағына жиылды. Жастар ғана емес-ау, қаланың үлкен-кішісі осында. Кім көп болса, соны баса атап отырғанымыз ғой.
Қош, сонымен күткен концертіңіз басталды. Шығыстың торқалы тойларының шырайын кіргізіп жүрген өнерпаздар бүгінгі мерекенің де көрігін қыздырды.
«Экстази» шоу-балет тобының әртістері би тілінде қандай тамаша қойылым сахналады. Анау «Найман» тобы да домбыра, скрипка, гитара сынды алуан түрлі аспаптардың үнін бір арнаға тоғыстырып, тамаша әуен төкті емес пе.
Кештің ең бір қызған тұсы – бүгінгі қазақ эстрадасының аспанындағы «жұлдыздар» ел алдына шыққан кезі. Бұрымын алай-бұлай лақтырып, алқызыл оттай сахнананың әр бұрышынан лап беріп Айдана Меденова ән салды. Ал Руфат Маратұлы алмасы бар телефон ұстаған қыздардың жүрегіне бастар жол іздеді.
«Жерлестердің алдында ән салу – біз үшін үлкен бақыт», – деп ағайындарын шын қуантты қос әнші.
«Бұл кеш бәрімізге ерекше әсер сыйлады», деді жұрт. Бұл сөзді Ақжол мен Еркежан да қуаттады.
– Иә, көңілді думан болды. Концерттің саябақта өткендігі тіпті тамаша. Серуендеп жүріп ән тыңдадық, – деді олар.
Жасын Қалибек