Қоғам

Елорда күні ерекше тойланды

Елорда күні ерекше тойланды


Отанымыздың жүрегі, елордамыз – Астананың туған күнін Шығыс жұрты да бүкіл елмен бірге мәнді де мағыналы атап өтті. Осы мереке күндері облыстың барлық аудан-қаласында ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылып, түрлі акциялар өткізілді.

Орталық алаңда апта бойы концерт өтті

Астана күні аймағымызда 30 маусымнан тойлана бастады. Сол күні облыс орталығындағы Республика алаңында жастарға арналған концерт ұйымдастырылды. Келесі күндері нақ сол алаңда ағайынды Абдуллиндар атындағы өнер училищесінің шығармашылық концерті, «Экстази» шоу-балетінің кеші, ал амфитеатрда би мерекесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ, қала жастары «EXPO-2017» көрмесінің аясында түрлі акцияларға қатысып, жеңімпаздар халықаралық көрмеге барып қайту мүмкіндігіне ие болды.

Мереке күні Өскеменнің Жастар саябағында қолөнер бұйымдарының ауқымды көрме-жәрмеңкесі өтті. Оған күллі облыс аумағынан қолөнер шеберлері жиналды. Қолдан жасалған тұрмыстық бұйымдар мен кәдесыйларға жұртшылықтың асқан қызығушылық танытқанын атап өткен орынды. Мәселен, Ұлан ауданының Гагарино ауылынан келген Сайлан Мұхаметбектің ұлттық нақышта жасаған бұйымдары көздің жауын алады. Қытайдан тарихи Отанына оралған келіншек екінші жыл қатарынан осы қолөнер ісімен айналысып келеді. Көрмеге жайған киіз үй жабдықтары, киізден, былғарыдан, матадан, шиден жасалған түрлі тұрмыстық заттар, кәдесыйлар сұранысқа ие.

– Осы өнерді маған анам Жәмария Иманшақызы үйретті, ол кісі алпысқа таяса да анда-санда маған көмектесіп тұрады. Жалпы, бәрін өзім жалғыз істеймін. Жасаған заттарыма сұраныс бар, әсіресе, той-томалаққа дайындық кезінде халық осындай ұлттық дүниелерді іздейді, – деп сырымен бөлісті Сайлан Мұхаметбек.

Өскемендік Наталья Дарницинаның екі жылдан бері шұғылданып келетін ісі – шөлмектерді былғарымен әсемдеп қаптау. Нәтижесінде, сусынға, ішімдікке арналған ерекше құты пайда болады. Шебердің айтуынша, оның заттарына да сұраныс көп, әсіресе, шетелге қонаққа баратындар осындай кәдесыйларды көптеп алатын көрінеді. Натальяның қазақи ою-өрнекпен нақышталған бұл құтылары бізге торсықты еске салды.

Келесі сөреде Гүлжан Сәрсенбаеваның қолөнер бұйымдарын сүйсіне тамашаладық. Бұрын мемлекеттік қызметте болып, кенеттен науқастанған Гүлжан екі жылдан бері денсаулығына байланысты үйде отырған көрінеді. Ермегі – көрпе-жастық, кәдесыйлар тігу. Бұйымдардың бәрі де ұлттық реңкте. Ал Астана күніне киізден арнайы жасалған Бәйтерек көпшілік назарын аудартты.

Елорда күні ерекше тойланды

– Осы істің арқасында денсаулығым түзеліп келеді, бір жағынан – ермек, екінші жағынан – аз да болса отбасы бюджетіне түсетін қаражат, – дейді ісмер жан.

Әдетте, осындай көрме-жәрмеңкелерде сатып алушылардан гөрі тамашалаушылар көп болатын. Бұл жолы сауда қызу жүрді, көрмеге қарағанда жәрмеңке деп айтуға болатындай. Осындай көрмелерге сан мәрте рет қатысып жүрген шеберлер де жұрт сұранысын ескерген. Қала тұрғындары мен қонақтары ағаштан жасалған кәселер мен ет салатын астаушаларды, былғарыдан жасалған әмияндар мен сөмкелерді, зергерлік бұйым сақтайтын сандықшаларды және тағы да басқа тұрмыста қолдануға болатын әрі әдемі жасалған дүниелерді, өнер туындыларын сатып алып жатты.

– Қызмет бабымен Еуропа елдеріне жиі шығып тұрамын. Ол жақта қолдан жасалған осындай бұйымдарды ерекше бағалайды және қымбат тұрады, қазіргідей техника заманында мұндай заттар тұрмыста аз ғой. Әрі қолжетімді, әрі өте сапалы болғандықтан достарыма деп былғары мәсі мен ағаштан жасалған ыдыс-аяқ жиынтығын сатып алдым, – деп пікірін білдірді көрмеде жүрген қала қонағы Ермек Өміртаев.

Осы күні түс ауа өскемендіктердің сүйікті демалыс орнына айналған Этноауылда «Біз сіздерге шаттық сыйлаймыз» атты балаларға арналған театрландырылған мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды. Ал кешке таман Республика алаңында өскемендік шығармашылық ұжымдар қатысқан концерт болып өтті. Кеште «Икс-фактор» жобасының жеңімпазы Евгений Выблов, ресейлік НТВ арнасы өткізген «Ты – супер!» халықаралық телевизиялық жобасының қатысушысы Влад Лоскутов және республикалық ән байқауларының жеңімпазы Елдар Уадинов ән шырқап, жиналған жұрттың көңілін көтерді. Ал үзіліс сәттерінде кезек осындағы музыкалық субұрқақтарға беріліп тұрды.

– Баршаңызды мерекемен құттықтаймын! Елордамыз – әлемдегі ең қолайлы, ғажайып қала. Соның бәрі ауызбірліктің, еңбектің нәтижесі. Туымыз тұғырлы, еліміз ғұмырлы болсын!– деп жүрекжарды лебізін қазақ тілінде білдірді жас әнші Евгений Выблов.

250 литр қымыз ішіліп, сәбилер еңбектеуден жарысты

Елорда күні ерекше тойланды

Семейліктер Орталық саябақта қымыз ішіп, оның дәмін сараптауды жыл сайынғы дәстүрге айналдырған. Саябақ ішіне ақ дастархан молынан жайылды. Саба-саба қымызды еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін ішіп жатты. Тұрғындарға Абай ауданы Саржал ауылының қымызы таратылып, қымызшылар өз қымыз әзірлеу әдістерімен бөлісті.

– Қымызмұрындық – ежелгі мереке, – деді «Мұсылман әйелдері лигасының» төрайымы Гүлжиһан Жұматаева. – Саумал қымыз ем ретінде буын ауруларына пайдалы. Бір күндік түнемел қымыз, екі күндік құнан қымыз, үш күндік дөнен қымыз, төрт күндік бесті қымыз деген атаулары бар. Ашыған қымыз шөлді басып, қан тамырларын тазалайды.

Шараны ұйымдастырушы «Ахау, Семей» этномәдени орталығының әжелері мен «Мұсылман әйелдері лигасындағы» аналар мерекеге келгендердің барлығына тегін қымыз құйып берді. Достық үйінің этномәдени орталықтары көркемөнер туындыларынан көрме ұйымдастырды.

Елорда күні ерекше тойланды

Абай атындағы әмбебап кітапханада «Мерейлі қала – Астанам!» тақырыбында электронды саяхат өтті. Қаланың қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемесінде «Астана – Еуразияның жүрегі» тақырыбында кинофильмдер топтамасы көрсетілді.

Семейде кішкентай сәбилер де мерекелік көңіл күйде болды. Алты айлық сәбиден бір жасқа дейінгілер әртістік, спорттық қабілеттерін байқатты. Олармен қатар, сайысқа әке-шешелері де қатысты. «Астанаға деген махаббатпен!» атты көңілді шарада «Балалық шақтың кемпірқосағы» деп аталатын конкурс өтті. Конкурсты «Отбасы орталығы» №2 емханадағы жастар орталығымен бірлесе ұйымдастырды. 12 сәби еңбектеуден сайысқа түсіп, оза шыққаны «Үздік жорғалаушы» атанды. Әрине, балақайларды межелі жерге жеткізу үшін ата-аналар қолдарына жарқыраған ойыншықтар ұстап, оларды мәре басында алдарқата шақырып тұрды.

***

Астана күніне биыл оныншы «Алтын Тұрғысын» халықаралық өнер фестивалі де тұспа-тұс келді. Зырян ауданында өткен фестивальге облыстан ғана емес, республика және көршілес мемлекеттерден келген өнер қайраткерлері қатысты.

Сонымен қатар, мерекеге орай Шалқар көліне (үшінші Сібе көлі)қатынайтын «Өскемен – Шалқар» автобус маршруты да өз жұмысын бастады.Туризмді дамыту мақсатында демалушыларға барлық жағдай жасалған, муниципалды жағажайға барушылардың саны күн санап артып келеді.

Елорда күніне орай Шығыс Қазақстанда бір емес, бірнеше күнге арналған ауқымды шаралар жоспарланған-ды. Апта басынан бері аймақта жалпы саны 600-ге жуық шара өткізілді. Қалалар мен аудандарда Астана және Елбасының Қазақстанды дамытуға қосқан үлесі тақырыбына арналған дөңгелек үстелдер, көрмелер, түрлі жәрмеңкелер, концерттер, халықтық ойындар мен спорттық сайыстар кең көлемде ұйымдастырылды.Жалпы, Астана күніне арналған мерекелік іс-шаралар салтанатты түрде әрі терең мән-мағынада аталып өтті.

Ержан Әбіш.
Раушан Нұғманбекова

Осы айдарда

Back to top button