Экономика

Еліміздегі зейнетақы жүйесі бір арнаға тоғысады

Қазіргі қолданыстағы зейнетақы жүйесін талдау барысында елдегі экономикалық және демографиялық жағдайларға байланысты бірқатар мәселелер айқындалып отыр.

Еліміздегі зейнетақы жүйесі бір арнаға тоғысады

Еңбек өтілі және төлемдер

Баршамызға белгілі 1998 жылға дейін зейнетақы мөлшері негізінен еңбек өтіліне байланысты болып келді. Өтіл көп болған сайын, төлем де жоғары болды. 1998 жылы жинақтаушы жүйе енгізілді. Оның негізгі қағидасы – төлемнің көлемі тікелей жинаған ақшаға байланыстылығында.

Сөйтіп, қазіргі кезде 1998 жылдан кейін де еңбек етіп жатқандардың зейнетақы мөлшері: 1998 жылға дейін жиналған еңбек өтіліне, 1998 жылдан бастап жиналған сомаға (жалақыдан 10%) байланысты болып келеді.

Бірақ, қазіргі кезден зейнетақы төлемдері тиісті тұрмыс деңгейін сақтап қалуға жеткіліксіз болып қалатын адамдар үлесі күннен-күнге артып келеді. Бұл 1998 жылға дейін еңбек өтілінің аз болуымен, жүйенің жаңадан енгізілуіне байланысты жинақтың жетіспеуіне және оның жеткілікті түрде болмауына байланысты. Зейнетақы жүйесін жаңартудың келесі бағыттары қарастырылады:

– Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын (БЖЗҚ) құру және жинақтаушы зейнетақы жүйесінің (ЖЗЖ) тиімділігін арттыру;

– зейнетақы аударымдарын жүргізетін ЖЗЖ қатысушылар санын көбейту;

– зейнетақымен қамсыздандырудағы кепілдіктер жүйесін өзгерту;

– ерекше еңбек жағдайында еңбек ететін азаматтарды еріктіден жарналарды міндетті кәсіби жарналар жинақтау жүйесіне көшіру;

– зейнетақы жасын біріздендіру;

– зейнетақымен қамтудың ортақ жүйесінің параметрлерін өзгерту.

Бұл жерде келесі жайды атап өткен орынды. 2013 жылдың 1 маусымынан Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын құру туралы біржолата шешім қабылданды. Ал жаңартудың қалған аспектілері, соның ішінде әйел адамдардың зейнетақы жасын өсіру мәселесі қазіргі кезде талқылау сатысында. Бұл жерде басқа елдердің оң тәжірибелері, халықтың пікірі де барынша ескеріледі.

Мемлекеттің өзі кепіл болмақ

Бірыңғай қордың негізгі артықшылығы оның біртұтастылығында, мемлекеттің толық кепілділігінде және бұл оның жұмысындағы айтарлықтай жоғары тиімділікті, ашықтықты және сенімділікті қамтамасыз етеді.

Бүгінде ЖЗҚ жұмысындағы жүйенің тиімділігін төмендететін негізгі кемшіліктер, біріншіден, зейнетақы жүйесіне жаңа қатысушыларды тартудың орнына олардың өз бәсекелестерінен клиенттерді өз жақтарына қаратып алу болып келгені бәрімізге мәлім.

Екіншіден, есеп жүргізу жүйесінің қателігі, зейнетақы жасына жеткен салымшылар немесе шетелге шығып кеткен, тіпті, қайтыс болғандар да есепте болған жағдайлар кездеседі.

Үшіншіден, зейнетақы активтерін инвестициялау және басқаруда коммерциялық қорлар оған ашық және тиімді түрде іске асыра алмады. Кейбір кезде олар тіпті өздерінің салымшыларының емес, құрылтайшыларының мүдделеріне ғана қарай әрекет етті.

Бұл тұтастай алғанда қорлардың табыстылығының төмендеуінен де, бірқатар жағдайда – жылдың қорытындысы бойынша шығынынан да көрінеді. МЖЗҚ (Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры) негізінде Бірыңғай қорды құру бұл қордаланған мәселелерді шешеді. Ең алдымен, салымшылардың бірыңғай есебін жүргізу қамтамасыз етіледі.

Жаңа үлгімен жүзеге асырылады

Жаңа үлгі бойынша мемлекет зейнетақы аударымдарының сақталуына ғана кепілдік беріп қоймай, сонымен қатар, олардың табыстылығына да кепілдік береді. Қазақстанның зейнетақы жүйесін жаңартудың негізгі мақсаты – инвестициялық стратегияларды жетілдіру және зейнетақы активтерінің табыстылығын жоғарылату. Инвестициялау саясатын Ұлттық банк реттейтіндіктен, мемлекет толығымен зейнетақы жүйесін бақылап отырады және азаматтардың жинақтарының сақталуына кепілдік береді.

Бірыңғай қорды құрудың негізгі мақсаты зейнетақы жинақтаушы жүйесінің барынша ашықтығы. Инвестициялық стратегияны құрастыруда мемлекет сияқты Үкімет, Ұлттық банк өкілдері, қаржы нарығының қатысушылары және тәуелсіз сарапшылар қатысады. Бұл ретте барлық салымшыларға ақпараттар тұрақты қолжетімді болады.

Зейнетақы төлемдері қалай жинақталады?

Қазіргі таңда зейнетақы төлемдерінің мөлшері бірнеше бөлшектерден құралады:

1) Базалық зейнетақы төлемі (ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50% немесе 2013 жылға – 9 330 теңге).

2) 1998 жылдың 1-ші қаңтарына 6 айдан кем емес жұмыс өтілі болғанда толықтай ЗТМО-дан зейнетақы төленеді. Бұл көрсеткіш орташа айлық табыс және еңбек өтілі негізінде есептеледі. Бұл мәселе бойынша толығырақ кеңес алу үшін тұрғылықты жері бойынша ЗТМО бөлімшелеріне немесе департаментке хабарласа аласыз.

3) Зейнетақы жинағы болғанда, ЖЗҚ төленетін зейнетақы төлемі.

4) Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорынан, егер ондай жинақ болған ретте төленетін зейнетақы төлемі.

Әрбір нақты зейнетақы мөлшері әр азаматтың зейнетақы жүйесінің құрамдас бөліктеріне қатысуына байланысты болып келеді.

Бірінші бөлікке, зейнеткерлікке 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін шыққандар, сонымен қатар, 1998 жылдың 1 қаңтарына 6 айдан кем емес жұмыс өтілі бар (ынтымақты зейнетақы жүйесі) азаматтар жатады. Олар қазіргі уақытта зейнетақыны ортақ зейнетақы жүйесінен және ең төмен күнкөріс деңгейінің 50% мөлшеріндегі базалық зейнетақы төлемін алады.

Екінші бөлікке, 1998 жылдан кейінгі зейнетке шыққандар жатады. Олардың зейнетақы төлемдері ынтымақты, жинақтаушы және базалық зейнетақы төлемдерінен құралады.

Үшінші бөлікке – тек қана жинақтаушы зейнетақы жүйесінің қатысушылары жатады. Олардың қатарына 1998 жылдың 1-ші қаңтарына еңбек өтілдері жоқ немесе 6 айдан төмен тұлғалар жатады. Олардың зейнетақы төлемі тек қана жинақтаушы қордан жүзеге асады, ал егер қоры жеткіліксіз болса, төменгі кепілді зейнетақы төлемінен тұратын болады. Соңғы топқа, жинақтаушы жүйенің қатысушылары болып табылмайтын азаматтарға базалық зейнетақы төлемін алу құқығы беріледі.

Әркім өз болашағын өзі ойлауға тиіс

Әрбір қазақстандық өз қарттық шағын қамтамасыз ету үшін барлық еңбекақысының 10% есебінен міндетті зейнетақы жарнасын төлеу арқылы өз қорын қалыптастырады. Сонымен қатар, азаматтың тікелей өзі арқылы не оның пайдасына үшінші тұлғалардың төлеуі арқылы ерікті зейнетақы төлемдері қарастырылған. Осы негізде қалыптастырылған зейнетақы жарналары азаматтар зейнеткерлік жасқа толғанда жеткілікті төлемдерді қамтамасыз етеді.

Әртүрлі себептермен, соның ішінде өз немқұрайлылығынан зейнетақы жарналарын аудармаған азаматтар үшін мемлекет ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50% мөлшеріндегі базалық зейнетақы төлемін алу құқығын қамтамасыз етеді.

Әйел адамдардың зейнет жасы

Әйелдердің зейнеткерлік жасын ұзарту – Үкіметтегі Экономика және бюджеттік жоспарлау, Қаржы министрліктері, Ұлттық банк, әртүрлі салалар мамандары кірген жұмыс тобының ұсыныстарының бірі.

Бұл ұсыныс әйелдердің зейнеткерлікке шыққаннан кейін лайықты өмір сүру үшін жаңа жағдайларда жеткілікті ақша қорын қалыптастыруға негізделген. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, зейнеткерлік жастың өсуі зейнеткерлік жүйесінің тиімділігін көтерудің бір жолы болуы мүмкін.

Бүгінде ЖЗҚ шеңберінде әйелдердің үлесі – 45%. Әйелдердің зейнетақы қорының орташа мөлшері ерлермен салыстырғанда 25% төмен. Әйелдердің жинақтау қорындағы сомасының аз болуы төмендегі себептерге байланысты:

– жүктілік және босануға байланысты демалыста болу, зейнеткерлік жастың төмен болуы жинақтаушы жүйеге қатысу уақытын азайтады;

– әйелдер еңбекақысының деңгейі ерлердікіне қарағанда азырақ деңгейде болуына байланысты және де зейнеткерлікке шыққаннан кейінгі әйелдердің орташа жас ұзақтығы ер адамдардан жоғары – 20,8 жыл, ал ер адамдарда – 12,9 жыл.

Әйелдердің зейнетақы жасын көтеру әйелдерге зейнетақы жинағы мөлшерінің біршама өсуіне қосымша мүмкіндіктер береді. Осы шешім қабылданған жағдайда әйелдердің зейнетақы жасын 63 жасқа көтеру 10 жыл ішінде жарты жыл сайын кезең-кезеңмен өсіп отыруы көзделеді.

2014 жылы зейнетақы жасы 58 жас 6 айға жетуі мүмкін. 2015 жылы 59 жас, 2016 жылы 59 жас 6 ай, 2017 жылы 60 жас, т.с.с. Осыған орай, мемлекет зейнетақы төлемдерін көтеру үшін жұмыспен қамту және зейнеткерлік жасына тақаған әйелдердің жұмыс орындарын сақтау бойынша кешенді шаралар қабылдайтынын атап өту қажет (кәсіби даярлық, қайта даярлау, әлеуметтік жұмыс орындары, шағын несие беру, жұмыс берушілермен келісімшарттар жасасу).

Зейнеткерлікке ертерек шығуға бола ма?

Қолданыстағы заңнама 58 жаста зейнеткерлікке шығуды көздейді. Бірақ, бұл жастан келесі жағдайларда ертерек шығу мүмкіндігі бар екенін атап өтеміз:

1) 53 жаста – 5 және одан да көп балалар тәрбиелеген, еңбек өтілі 20 жылдан кем емес әйелдерге;

2) 45 жаста – 29.08.1949 – 05.07.1963 аралығында төтенше және ең жоғарғы радиациялық қатер аймағында 10 жылдан кем тұрмаған, еңбек өтілі 20 жылдан кем емес әйелдерге;

3) 50 жаста – ЖЗҚ-да жеткілікті зейнетақы жинақтары болғанда.

Маңызды жайт – ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін қызметкерлерге міндетті кәсіптік зейнетақы салымдарын 5 %-ға арттыру ұйғарылған. Бұл төлемдерді жұмыс беруші салық төлемдері есебінен төлейтінін ерекше атап көрсетеміз. Сонымен, бұл санаттағы зейнеткерлердің жағдайларын жақсарту кәсіпкерлерге қосымша қаржылай салмақ салмайды және еңбекақы төлеу қорының өсуіне әкелмейді.

Бақытбек Қизатов,
Шығыс Қазақстан облысы бойынша
бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің директоры

Осы айдарда

Back to top button