Қоғам

Еліміздегі тұңғыш ядролық медицина орталығы Семейде ашылады

Елбасы – ел ішінде

Еліміздегі тұңғыш ядролық медицина орталығы Семейде ашылады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарының екінші күні, 8-сәуірде Семей қаласында болды. Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ облыс әкімі Даниал АХМЕТОВПЕН бірге «Кондиз» кондитерлік фабрикасына, Семей ет-консерві комбинатына барып, кәсіпорындардың ұжымымен және жұмыс барысымен танысты, сонымен қатар, «Қазақстанда жасалған» көрмесін тамашалады. Президент сондай-ақ, өңірлік онкологиялық диспансер базасындағы радиологиялық орталықта, Абай мұражайында болып, зиялы қауым өкілдерімен жүздесті.

«Кондиз» өнім түрін кеңейтуді жоспарлап отыр

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ жұмыс сапары барысында Семейде кондитерлік фабрика ұжымымен кездесті. Жуырда ашылған «Кондиз» кондитерлік фабрикасында Семей өңіріндегі тамақ өнеркәсібі жетекші тауар өндірушілері бұйымдарының шағын көрмесі ұйымдастырылды. Олардың қатарында кондитерлік фабриканың, Семей ет комбинатының және Бородулиха ауданындағы үш ірі шаруашылық агрохолдингінің өнімдері де бар.
«Кондиз» фабрикасының директоры Мәди Өмірзақтың айтуынша, кәсіпорын 2014 жылдың ақпанында ашылған. Өндіріс қазіргі уақытта толық кондитерлік ұн өнімдерін шығаруға бағытталған. Бұл – қантты, тұзды және басқа да печеньелердің сан алуан сұрыптары. Фабрика өз цехтарын Германияда және Италияда шығарылған жоғары технологиялық құрал-жабдықтармен жарақтай алды, олардың айрықша ерекшелігі, жоғары деңгейлі автоматтандырылған технологиялық үрдіс болып табылады. Қымбат құрал-жабдықтарды алу үшін кондитерлік фабрика «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының «Даму Өндіріс ІІ» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген мемлекеттік несие алған.
– Қазіргі кезде біз кондитерлік өнімнің 35-тен астам түрін шығарамыз, – дейді Мәди Өмірзақ. – Ағымдағы жылдың ортасына қарай түржиынды 50-ге дейін кеңейтуді жоспарлап отырмыз.
Жұмыс істеген бар-жоғы бір жылдың ішінде фабрика ел нарығын игеріп үлгерді және қазір Тәжікстандағы, Қырғызстандағы және Қытайдың шекаралас округтеріндегі серіктестермен белсенді келіссөздер жүргізілуде. Жақын жылдары фабрика басшылығы өндірісті кеңейтіп, қант пен кәмпит өнімдерін өндіруді жоспарлап отыр.
– Қазақстан кондитерлік бұйымдардың 40 пайызын импорттайды, – деп атап өтті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ. – Сондықтан қазақстандық өндірушілер үшін аталмыш өнімді отандық баламалармен алмастыру мүмкіндігі бар.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Семей ет-консерві комбинатының жаңа өнімдеріне қызығушылық танытты. Жуырда ғана мұнда арнайы қызмет және әскер қызметкерлеріне арналған жеке тамақтану рационы пакеттерінің өндірісі игерілді. Пакет құрамына 12-ден астам тамақ түрі енеді, оның ішінде консервілер, қант, шай бар. Сондай-ақ, өндірушілер жеке тамақтану рационының пакеттерін тек қана отандық шикізат негізінде шығаруға тырысқан.
Мұнымен қоса, бүкіл бұрынғы Одаққа әйгілі Семей ет-консерві комбинаты бүгінде Қазақстандағы озық ет пен шұжық өнімдерін өндірушілердің бірі деген позицияларын қайтаруда. Ет комбинатының директоры Жанболат Жаманғалиновтың айтуынша, комбинат цехтарында өнімнің 100-ден астам түрі шығарылады, олар еліміздің барлық өңірлеріне жеткізіледі. Барша өнімнің шамамен 40 пайызы елімізден тысқары жерлерге сатылады. Семей ет комбинатының шұжықтары мен консервілері ресейлік тұтынушылары арасында сұранысқа ие.

Инвестициялар өңірді дамытуға жұмсалмақ

«Қазақстанда жасалған» көрмесінде «Семей Агро Инвест» ЖШС-нің агроөндірістік секторды дамыту бойынша ірі инвестициялық жобасы ұсынылды. Ол серіктестік құрамына Бородулиха ауданындағы үш ірі шаруа қожалығы енген: «Новая заря» ШҚ, «Песчанка» ЖШС және «Бүркіт» ЖШС. Жалпы алғанда мұнда шамамен 500 адам жұмыс істейді, жалпы жер қоры 24 мың гектарды құрайды. Сонымен бірге, мұнда 2100 сүтті бағыттағы ірі қара мал бар.
– 2014 жылы агрохолдинг жер телімдерінің сапасын арттыру және өсірілетін дақылдардың өнімділігін ұлғайту бойынша жобаны іске асыруға 755 миллион теңге инвестициялаған. Жобаның екінші бағыты – сүт өндірісін дамыту және ірі қара мал басын көбейту, – дейді «Семей Агро Инвест» ЖШС-нің директоры Ермек Түсіпбеков.
Ол «Агробизнес-2020» мемлекеттік бағдарламасының арқасында тек өткен жылы агрохолдинг 411 миллион теңге алғанын айтты. Негізінен бұл – мемлекеттік субсидиялар, сонымен қатар, Бородулиха ауданының ауылдарындағы тұрғын үйлер және әлеуметтік нысандар құрылысын қаржыландыру. Мұның бәрі ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге бюджет қаржысын ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірудің жаңа технологияларын алуға, сондай-ақ, әлемдік өндірушілерден жоғары сапалы тұқымдарды сатып алуға жұмсауға мүмкіндік береді.
«Қазақстанда жасалған» көрмесімен танысқан соң Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ кондитерлік фабрика ұжымымен әңгімелесті. Семейге Донецк қаласынан келген кәсіпорынның бас технологы Алла Славицкая Украинада орын алып жатқан қарулы қақтығыстарды реттеу ісіне көмегі үшін Мемлекет басшысына шын көңілінен алғысын білдірді.
– Жағдай өте қиын, бірақ біз осы күрделі мәселені шешу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаудамыз, – деді семейліктерге Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, – Украина тұрғындар саны жөнінен Қазақстанды бірнеше есе орайды, ал экономикалық өсім қарқыны бойынша айтарлықтай артта қалып келеді. Дей тұрғанмен, бұл ел өте бай және біз осы өлкенің қайта гүлденуіне мүдделіміз. Мен үшін Украинаның алар орны ерекше, себебі мен сол елдің Днепродзержинск қаласында білім алғанмын.

Дәрігерлік мекемелер жоғары деңгейде жарақталып жатыр

Мемлекет басшысының жұмыс сапары өңірлік онкологиялық диспансер базасындағы радиологиялық орталыққа барумен жалғасты. Жуырда мұнда Қазақстандағы алғашқы ядролық медицина орталығы ашылмақ.
Жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу кезеңінде-ақ халықаралық сарапшылар оның әлемдегі ядролық медицинаның ірі ғылыми-тәжірибелік орталықтарының біріне айналатынын болжаған. Семейдегі өңірлік онкологиялық диспансер директорының радиологиялық қызмет жөніндегі орынбасары Баян Атантаеваның айтуынша, ядролық медицина орталығы жұмысының басты бағыты өзіндік радиофармпрепаратты өндіру және оны онкопатологияларды ғана анықтау үшін емес, сондай-ақ, жүрек-қан тамыры, бүйрек және эндокрин жүйелерінің ауруларын анықтау үшін диагностикалық мақсаттарда қолдану болады.
Сондай-ақ, 15 төсек-орынға арналған радионуклидті терапия бөлімшесін ашу жоспарланған. Мұнда диффузды токсикалық жемсауы және жұтқыншақ безінің қатерлі ісігі бар эндокринологиялық науқастарға көмек көрсетілетін болады. Бүгінгі таңда мұндай аурулар біздің елімізде емделу мүмкіндігіне ие емес, себебі, тиісті медициналық база жоқ. Сол себепті, қаржылық мүмкіндігі бар азаматтар шет елдерде емделеді. Бұл емнің жеті күні кем дегенде 1700 евро тұрады. Семейдегі ядролық медицина орталығында Қазақстан тұрғындары үшін кез келген ем тегін іске асырылатын болады.
– Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық статистика деректері бойынша, есепте тек қана диффузды токсикалық зобы бар 17 мыңнан астам адам тұр. Олардың көп бөлігі косервативті немесе оперативті ем алуда, олар радиойодтерапия әдісі сияқты тиімді емес, – дейді Баян Атантаева. – Қазіргі кезде аталмыш әдіс ең тиімді әдістердің бірі болып саналады. Сонымен қатар, ол өзінің қарсы көрсетілімдерінің аздығымен де ерекшеленеді.
– Медициналық мекемелердің құрылысы және даму қарқыны бойынша Семей Қазақстанда бірінші орында тұр. Және бұл кездейсоқ емес. Біз зардап шеккен тұрғындарды сауықтыруға көмектесу жөнінде ойлаймыз. Әсіресе, онкологиялық ауруларды емдеуге қатысты. Бұл үшін Семейде радиологиялық кластер құрылған және жуық арада біз елдегі тұңғыш ядролық медицина орталығын ашамыз, – деп баса атап өтті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ. – Онкологиядан қорқудың қажеті жоқ, бүгінде бұл ауру үш тәсілмен емделеді: химия терапия, радио терапия және ота жасау арқылы. Ең бастысы, бұл – өмір сүруге деген құлшыныс. Адам қандай жағдай болмасын мойымауы керек. Тек ісікті дер кезінде анықтап, оны жоюға бар күш-жігерді салу қажет. Қазақстанда бұл үшін барлық жағдайлар жасалған. Жалпы еліміз бойынша медициналық мекемелердің жарақталуы тіпті, әлемдік стандарттар аясында да ең жоғары деңгейде. Сондықтан қазір Қазақстан медицинасының дамуы жөнінен әлемде 20-шы орында тұр.
Қазақстан Президентінің жұмыс сапары шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен кездесумен аяқталды. Аталмыш басқосу Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайының бір залында өтті. Мемлекет басшысы мұражай залдары бойынша шағын экскурсия жасап, «Абай дәуірі», «Абайдың шығармашылық ортасы» және «Абайтану» экспозицияларын зер сала тамашалды.
Президентпен кездескендер ішінде «Болашақ» бағдарламасына қатысушылар, Семей Достық үйіндегі этно-мәдени орталықтардың төрағалары, мәдени мекемелердің басшылары және үкіметтік емес ұйымдардың көшбасшылары болды. Олар ел Президентіне мәдениет пен өнер саласына көрсетіп келе жатқан қолдауы үшін, сонымен қатар, Қазақстандағы бейбітшілік пен келісімді нығайту ісіндегі ерен еңбегі үшін ризашылықтарын білдірді.
– Біз бүгін ұлы Абай мұражайында жүздесіп отырмыз. Осыдан жүз жыл бұрын ол адамдар қай ұлттан болмасын бір-бірімен тең деген болатын. Оның өсиеттерін басшылыққа ала отырып, біз бүгінде еліміздегі достық пен келісімді нығайту бағытында еңбек етіп келеміз. Тек осының арқасында ғана бар-жоғы 23 жылдың ішінде біз өзге елдер 100 жылда жете алмаған осындай нәтижелерге қол жеткізе алдық, – деді кездесуге қатысушыларға Мемлекет басшысы. – Семейде біз қазір бірнеше бағыт бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Бірнеше жыл бұрын қаланың жылумен қамтуға байланысты үлкен мәселелері болды. Қала көптеген қазандықтардың қара түтініне оранып жататын. Қазір олардың көпшілігі жабылды. Семейліктер қыстан тоңбай шықты, пәтерлері жылы болды. Қалада мектептер, балабақшалар салынуда.
Сонымен қатар, Президент Семей ядролық полигонын жабу туралы шешім қабылданып жатқанда, оған қаншалықты қиын болғанын еске алды.
– Әлі есімде, сол кезде маған радиацияның ағзаға әсері денсаулыққа зиян тигізбейтінін, керісінше пайдалы екенін дәлелдеп жатты, – деп жалғады ойын Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ. – Әрине, бұған ешкім де сенген жоқ. Біз полигонды жабуға қол жеткіздік, ядролық-зымырандық кешеннен арылдық. Және осы қадамдардың арқасында Қазақстан өз экономикасына қомақты инвестициялар алды. Осы жылдар ішінде біз экономика деңгейін 17-18 есе көтердік және қазір даму бойынша ТМД елдерін, оның ішінде Ресейді де басып озып, Орталық Еуропа елдеріне жақындап келеміз.

* * *
Елбасының Шығыс Қазақстан облысына іссапарының қорытындысы бойынша БАҚ өкілдеріне арналған брифинг болып өтті.
Мемлекет басшысы өнеркәсіп саласы өсімінің жоғары қарқынын, сонымен бірге өңірдің мәдени саласының серпінді дамуын атап өтті.
– Іссапар барысында мен мырыш, қорғасын, мыс, алтын, күміс сияқты экспортты өнімдерді үлкен көлемде шығаратын «Қазцинк» кәсіпорнында болдым. Мен жұмысшы-металлургтердің жалынды да қуатты сөздерін ести тұрып, олардың мемлекет саясатына қызу қолдау танытып отырғандарына куә болдым. Мұның бәрі менің жан-жүрегімді елжіретті. Маған сеніммен қараған металлургтердің отты жанарлары, олардың ауысымнан кейін жиналып, менімен кездесуді күтіп тұрғандары қандай ғанибет! Мен мұны жоғары бағалаймын. Мен қарапайым еңбек адамдарының маған деген осындай шынайы пейілдеріне, ыстық ықыластарына қарап, қатты толқыдым. Олар да менің еңбек жолымды металлургия саласынан бастағанымды ескерсе керек. Мен металлургтерге өте ризамын! Олардың келешегі кемел!
Өскемен индустриясы үшін басты мәселелердің бірі экологиялық тазалық болып қалуда. Қазіргі уақытта заманауи экологиялық талаптарға жауап беретін кәсіпорындар салынуда, бұл қаланың қауіпсіз болашағын қамтамасыз етеді. Мұнымен қоса, жаңа театр бой көтерді, ол бұрын ХІХ ғасырда салынған ескі ғимаратта орналасқан. Енді театр ұжымы тиісті құрал-жабдықтары, 600 орындық көрермен залы, 150 орындық шағын залы бар тамаша заманауи ғимаратқа ие болды. Өскеменде тұрғындарға рухани қуат беретін жаңа мәдени орталық пайда болды, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, денсаулық сақтау жүйесін және медициналық жәрдем сапасын жақсарту бойынша мемлекеттің атқарып отырған жұмыстарына тоқталды.
– Семей қаласы қырық жыл бойы ядролық сынақтар өткізілген өңірде орналасқан. Сол сынақтардан өте көп адам зардап шекті. Бүгінде қаланың медициналық мекемелері және олардың жарақталуы Қазақстандағы ең үздіктер қатарынан саналады. Мен онкологиялық ауруларды емдеуге арналған еліміздегі бірден-бір радиологиялық орталықта болдым. Мұндай орталық Астана қаласында да салынатын болады. Диагностиканың және емдеудің енгізіліп жатқан радиологиялық әдісі еліміздің көптеген азаматтарына көмек көрсетуге мүмкіндік береді, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті республиканың ары қарайғы көліктік және инфрақұрылымдық дамуының қажеттілігін атап көрсетті.
– Қазіргі уақытта біз «Нұрлы Жол» бағдарламасын, «Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асырып жатырмыз, соңғысының аясында әлемдегі дамыған 30 елінің қатарына енуді жоспарлап отырмыз, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын ұсынып отырмыз. Тұрғындар бұл бастамаларды, Қазақстанның тұрақтылығы мен тұтастығын қолдайды, – деді Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Сөзінің соңында Мемлекет басшысы облыс тұрғындарына табыс және береке-бірлік тіледі.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button