Қоғам

Еліміздегі тұңғыш Достық үйіне 25 жыл толды

Еліміздегі тұңғыш Достық үйіне 25 жыл толды


Осыдан тура 25 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Өскеменде еліміздегі тұңғыш Достық үйін өзі келіп ашқан болатын. Бүгінде олардың саны қырыққа жетіп отыр. Достық үйлері ұлтаралық келісім мен бейбітшілікті нығайтушы, пікір алмасушы негізгі орталықтардың бірінен саналады. Достық үйі – қоғамдық келісім орталығының 25 жылдығына арналған бірқатар ауқымды іс-шаралар болып өтті. Салтанатты рәсімге облыс әкімі Даниал Ахметов, Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Леонид Прокопенко, Парламент депутаттары Сергей Плотников пен Владимир Божко, Ирина Унжакова қатысып, жұртшылықты құттықтады.

Береке-бірлікті арттыруға үлес қосты

Мерейтой аясында С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде«Қазақстандағы және шекаралас аумақтардағы этнодемографиялық үрдістер» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығы, облыстық ішкі саясат және тілдерді дамыту басқармалары, Достық үйі ұйтқы болған осы басқосуға Сенат пен Мәжіліс депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, шетелдік ғалымдар, этномәдени бірлестіктер жетекшілері қатысты. Олар Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы идеяларды жан-жақты талқылай келе, этномәдени бірлестіктер мен Ассамблея мүшелерін алға қойылып отырған маңызды міндеттерді белсенді орындауға, Достық үйлерінің табысты қызметін үздік үлгі ретінде кеңірек насихаттауғаүндеді.

Еліміздегі тұңғыш Достық үйіне 25 жыл толды

Жиын облыстықішкі саясат басқармасының басшысы Нелли Краснобаеваның баяндамасымен басталды. Ол осыдан тура 25 жыл бұрын еліміздің Шығысында халықтар достығы үйінің іргесі қаланғанын атап өтті.

– Ширекғасыр бойы осы қоғамдық институт көптеген игі бастамаларға себепкер болды. Айталық, облысты мекен еткен ұлттар мен ұлыстардың тұрмыстық мәдениетін, салт-дәстүрін таныстыратын этноауыл, қоғамдағы саяси-әлеуметтік мәселелерді талқылайтын қоғамдық келісім кеңестері және өзге де бастамалар нақ осы Өскемендегі Достық үйінен бастау алған болатын. Қазір еліміздің барлық облыс-қалаларында қоғамдық келісім кеңестері жұмыс істеп жатыр, этноауылдар да көптеген өңірлерде бой көтеруде. Яғни, Шығыстан шыққан идеялар бүкіл елімізге тарап, нақты нәтиже көрсетіп отыр, –деді ол өз сөзінде.

Алдағы уақытта Өскемендегідей этноауыл Астанадағы «Жерұйық» кешенінде де пайдаболмақ. Дәл осы тұңғыш Достық үйінде 1998 жылы ғылыми-сараптамалық топ құрылған болатын, оның құрамына енген өңіріміздегі іргелі ғалымдар қоғамдық процестерге, ұлтаралық қарым-қатынастарға ғылыми тұрғыда талдау жүргізуді өздеріне мақсұт еткен. Осы топтың арқасында Достық үйі тек мәдени-көпшілік қана емес, ғылыми-талдау, саяси үрдістерге сараптама жасау орталығына айналды.

Мәжіліс депутаты Владимир Божко өз сөзінде тарихқа үңілді. Ол 1993-94 жылдары облыстағы ҰҚК департаментін басқарған болатын. «Сол кезде облыстағы қоғамдық-саяси ахуал тым күрделі болатын» деп еске салды сол кездерді депутат.

–Қазақстан одақтас республикалардың ішінде Тәуелсіздігін ең соңғы болып жариялады. Сол кезде облыс тұрғындарының біразы Одақтың ыдырауына, Тәуелсіздік алғанымызға іштей қарсы болды. Қоғамда алаңдаушылық туды. Маған «енді бізді қазақ тілін үйренуге мәжбүрлейді, балаларымыздың бұл елде болашағы жоқ» деп келген адамдар болды, кейбіреулер тіпті, Шығыс Қазақстанның Қазақстан құрамында болуына қарсы болды. Міне, осындай аса ауыр тұста Өскеменде Достық үйі ашылды, ол ұлтаралық қарым-қатынастарды ушықтырмауға сол кезде үлкен үлес қосты, кейін Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды, осылайша біз елімізді үлкен қауіп-қатерден сақтап қалдық. Сондықтан Өскемендегі Достық үйінің маңызы, алар орны айрықша. Содан бері 25 жыл өтті, қазір жағдай тұрақталды, қазақ тілі өркендеп келеді, орыс тілінен де айырылған жоқпыз. Алайда, осы жетістіктерімізді көре алмайтындар бар. Сондықтан осы бағыттағы жұмыстарды ширата беруіміз керек, – деді В. Божко.

Бұдан кейін сөз сөйлеген Сенат депутаты Сергей Плотников, Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Сергей Прокопенко, Мәжіліс депутаты Ирина Унжакова облыс әкіміне осы еліміздегі алғашқы Достық үйінің 25 жылдығы кең көлемде атап өткізіліп отырғаны үшін алғыстарын айтты.

– Күн Шығыстан шығады, ең игі әрі өміршең бастамалар да Шығыстан шығады. Достық үйлері – соның бір мысалы. «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы»акциясы, этноауылдар да осы Өскеменде пайда болған. Тұңғыш Достық үйі 1905 жылы салынған ғимаратта орын тепкен болатын, қазір 1902 жылғы ғимаратта отыр. Мен алдағы уақытта Достық үйіне еңселі бір ғимарат берілетін шығар деп сенемін, – дедіС. Прокопенко.

– Елімізде қазіргі кезде түрлі деңгейдегі 39 Достық үйі бар, солардың 14-і Шығыс Қазақстанда, – деп қосты осы ретте жиынға төрағалық еткен Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Асқар Нұрғазиев.

Келесі кезекте ШҚМУ проректоры Анар Мырзағалиева, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Лео Шик, Алтай мемлекеттік университетіндегі «Қазақстан жолы» кафедрасының меңгерушісі Юлия Лысенко сөз сөйлеп, атқарылған қыруар шаруалар мен алдағы ауқымды жоспарларға кеңінен тоқталды.

Еліміздегі тұңғыш Достық үйіне 25 жыл толды

Елдегі 39 Достық үйінің 14-і – Шығыс Қазақстанда

Мерейтой аясында Достық үйі – қоғамдық келісім орталығында еліміздегі Достық үйлері директорларының республикалық форумы болып өтті. Аталмыш келелі басқосуға жиналғандар Достық үйлерінің қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асырудағы рөлін талқыға салды.
Облыстық Достық үйінің директоры Эльдар Төлеубековтің айтуынша, бұл осымен екінші рет өткізіліп отырған форум, алғашқысы конгресс деп аталған-ды, ол кезде, осыдан төрт жыл бұрын елімізде бар-жоғы 5 Достық үйі болған екен. Қазір олардың саны 39-ға жетіп отыр.

Жиында сөйлеген Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Леонид Прокопенко көпшілікке Достық үйлерін дамыту тұжырымдамасын іске асырудың жаңа жоспарын таныстырды. Енді барлық Достық үйлеріне ортақ типтік құрылым және штаттық кесте әзірленетін болады. Бұған дейін әр орталықтың өз құрылымы болатын. Әр облыста орналасқан Ассамблея меңгерушілерінің қызметі облыс әкімінің орынбасары қызметімен теңестірілуі жоспарлануда. Сондай-ақ, адам саны аз шағын ауыл-аймақ әкімдік аппараттарында қоғамдық келісім мәселелеріне жауапты маман тағайындалады. Мұнымен қатар, жуырда Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы заңға өзгерістер енгізілмек.

– Айтылған жаңашылдықтың барлығы жоба ретінде Үкіметке тапсырылды. Жуық арада бұл жобалар қабылданғаннан кейін, Ассамблеяға жүктелер жауапкершілік артпақ. Ассамблея халықтар достығының, ал халықтар достығы бейбітшіліктің түп қазығы. Сондықтан осы салада аянбай қызмет атқару қажет, – деді Леонид Прокопенко.

Жиында әлеуметтік сақтандыру қоры басшысының кеңесшісі Светлана Ферхо, Семей қалалық Достық үйінің жетекшісі Берік Көпбаев, Шемонайха аудандық Достық үйінің директоры Вера Соболева, Курчатов қалалық Достық үйінің директоры Гүлнар Сұлтанбаева сөз сөйлеп, өз ойларын ортаға салды. Олардың бәрі бірауыздан Достық үйлері этномәдени бірлестіктердің орталығына ғана емес, өзекті қоғамдық пікірлер айтылып, мәселелер шешілетін алаңға айналып отырғанын жеткізді.

– Достық үйі – халықтар достастығын айқындаған маңызды мекемелердің бірі. 25 жыл ішінде әрбір өңірлерде Достық үйлері ашылды, енді аудандарда да ашылып келе жатыр. Бұл – бейбітшіліктің белгісі. Биыл қаламызда өткен республикалық форумда басқа облыстардан әріптестеріміз келіп, тәжірибе алмасудамыз. Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген міндеттерді іске асыру үшін бірлесе күш салып, қызмет етуіміз керек, – деді Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Лео Шик.

Еліміздегі тұңғыш Достық үйіне 25 жыл толды

Металлургтердің мәдениет сарайына көшеді

Еліміздегі ең алғашқы Достық үйінің 25 жылдығына арналған мерейтойлық шаралар облыс орталығындағы драма театрда аймақ басшысы Даниал Ахметов, Владимир Божко, Сергей Прокопенко, Сергей Плотников, Ирина Унжакова мен Светлана Ферхоның қатысуымен өткен мерекелік гала-концертпен түйінделді. Салтанатты рәсімде сөз алған облыс әкімі жұртшылықты қоғамдық келісім орталығының ширек ғасырлық мерейтойымен құттықтады.

–Біз еліміздегі ең алғашқы Достық үйінің Шығыста ашылғанын әрқашан мақтан тұтамыз. Бастымақсаты -ұлттардың тілін, мәдениетінжаңғырту, этносаралықкелісімдәстүрлерінсақтауболып табылатын киелі шаңыраққа биыл 25 жылтолыпотыр. Бұл – өңірхалқыүшінзорқуаныш, мерейлімереке, – деді аймақ басшысы.

Салтанатты шара барысында аймақ басшысы бірқатар этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен мүшелеріне Достық үйінің 25 жылдығына арналған мерекелік медальдар мен облыс әкімінің Құрмет грамоталарын, Алғыс хаттарын табыс етті. Сонымен қатар, бұған дейін ескі ғимаратта отырған Достық үйі қызметкерлері жақын күндері Металлургтердің мәдениет сарайына көшетіндігін жеткізіп, мерейтой иелерін бір қуантып тастады.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button