Қоғам

Еліміздегі ең үздік ғалым әйел

Еліміздегі ең үздік ғалым әйел


Жас ғалым, өнертапқыш Әлмира Жылқашинованың Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына енгенін де біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін.

1981 жылы Өскемен қаласында дүниеге келген ғалым бүгінде Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті ұжымдық ұлттық зертханасының меңгерушісі болып еңбек етеді. Аталған білім ордасын «физик-инженер» мамандығы бойынша бітіріп, кейін оқуын «физика» мамандығы бойынша магистратурада жалғастырған өнертапқыш Ресейде, Британияда, АҚШ-та, Аустрияда тағылымдамадан өтіп, бірнеше гранттарды жеңіп алып, бірнеше стипендияның иегері атаныпты.

Мұның бәрін жіпке тізе берсек ұзаққа кетерміз. Оның ізденісі, еңбегі елімізде де ескерусіз қалмай, тиісті бағасын алып келеді. Әлмира Жылқашинова – республикалық «Made in Kazakhstan» байқауының үздік инновациялық жоба жеңімпазы. Республикалық «Үздік инновациялық бизнес-жоба» және Әділет министрлігі ұйымдастырған республикалық «Шапағат» (бұл сыйлық жас физиктің 40 градус аязда энергияны өндіретін жел генераторын ойлап тапқаны үшін берілген) байқауларының да жеңімпазы. «Өнертапқыш әйел – 2015» номинациясының иегері, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың үздік зерттеушісі. 2015 жылдан бері халықаралық информатизация академиясының академигі.

Тарих сабағында ұйқым келіп отыратын

Жуырда облыстық Пушкин атындағы кітапханада Әлмира Николайқызы мектеп оқушыларымен кездесіп, оларды қызықтырған сауалдарға жауап берді.
Оның ғылымға деген қызығушылығы университет қабырғасында басталыпты. Ал орта мектепті болашақ ғалым екі «төрттікпен» тәмамдаған. Жалпы, әлемдегі іліммен айналысушы адамдардың 90 пайызы мектепте орташа оқығандар екен.

Оқу озаттарының ғылым саласынан жырақтау кететіні – ғалымдардың жалақысы төмен. Сол себепті олар еңбекақысы жоғары қызметтерді таңдайды. Ал ғылым жолына тек нағыз фанатиктер ғана қадам басады.

– Мен мектепте өте жақсы оқыдым деп айта алмаймын. Шынымды айтсам, гуманитарлық пәндерді ұнатқан емеспін. Тарих сабағында не ішім пысып, не ұйқым келіп отыратын. Уақытты текке кетірмеу үшін әдебиеттен шығарма жазатынмын, не болмаса математикадан есеп шығаратынмын. Бірақ сонда да бір құлағым мұғалімде болатын, өйткені ол кісінің «Әлмира, кәне, мен жаңа ғана не айттым?» деп сұрайтын әдеті бар-тұғын. Сөйтіп сұраған кезінде мен соңғы айтқан сөздерін тұп-тура қайталап беретінмін. «Жарайды, тыңдап отыр екенсің, есебіңді шығара бер» деп ол кісі көнетін де қоятын, – деп балаларды бір күлдірді жас ғалым.

Тағы бір қызықты жайт – Әлмира мектеп кезінде шахмат үйірмесіне қатысып, тіпті республикалық жарыста үшінші орынға да ие болған екен.

– Шахматты өмір бойы заңгер болып қызмет еткен әкем беріліп ойнайтын, мен де қызықтым. Миды шынықтыратын керемет ойын ғой. Күйеуім де шахматты ұнатады. Айтпақшы, болашақ жарыммен мен бала кезімде танысып, 19 жасымда тұрмыс құрдым, – деді емен-жарқын әңгіме арасында қос баланың анасы.

Еліміздегі ең үздік ғалым әйел

Өнертабысты ойлап табу – оңай, іске асыру – қиын

Магистратурада оқып жүргенде ғылымға шыңдап бет бұрған Әлмира жел генераторы арқылы энергия алу жобасымен айналыса бастайды. Өзі ойлап тапқан генераторға «Желкен» деген ат қойыпты. Идеяның іске асуына жастық дәуренін жұмсаған ғалымның талпынысына таңғалмасқа шара жоқ.

– Алғаш желден қуат өндіру туралы ой келгенде, әлемдегі тәжірибелерді зерттеу қажет екенін түсіндім. Ол үшін ең әуелі ағылшын тілін меңгеру керек еді. Сөйтіп, тіл үйренуді бастадым. Уақыт таңдаған бағытымның дұрыс екенін көп кешікпей-ақ көрсетті, – дейді ол.

Елуден астам ғылыми жұмыстардың авторы, 14 патенттің иесі Әлмира Жылқашинованың жел генераторы бүгінде өзі жұмыс істейтін С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың №7 ғимаратында орнатулы тұр. Қуаты 5,5 киловатт болатын құрылғы желді желкендері арқылы тосып, горизантальды түрде орналасқан білік бойымен айналады. Қапалақты генераторлардың пайдалы әсер коэффициенті 38-40 пайыз болса, желкеннің арқасында бұл көрсеткіш Әлмираның қондырғысында 49 пайызға тең. Осыған сәйкес генератор жел секундына екі метр жылдамдықпен соққан кезде де ток өндіре алады. Желкеннің тағы бір ерекшелігі, ток өндіру процесіне маңайындағы ауа ағындарын мейлінше мол үйіре алатынында. Осы қондырғы арқылы оқу ғимаратының екі бөлмесі электр қуатымен қамтылған.

– Ғылымда міндетті түрде тәжірие қажет. Құр қағаз бен қаламды алып ештеңе бітіре алмайсын. Идеяны іске асырып көретін зертхана керек. Ол сынақтан сәтті өтсе, әрмен қарай өндіріске жол тартуы тиіс. Осы ретте Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетіндегі ұжымдық ұлттық зертханасының пайдасы мол, – дейді ғалым.

Дей тұрғанмен, шет мемлекеттерде көп болып, жақсысын үйренген жас ғалым біздің елде өнертабысты ойлап табудан оны өмірге кіріктірудің қиын екендігіне, кедергілердің көптігіне қынжылады.

– Мәселен, Францияда балама электр қуатын пайдалану қарапайым жолмен заңдастырылған. Кез келген франциялық шағын генератор сатып алып, орталық желіге қосыла алады. Осының арқасында қуатты тегін тұтынып қана қоймай, артылғанын электр компанияларына сатады. Бұдан түскен қаржымен қондырғының шығынын біртіндеп ақтауға да болады. Ал Үндістанда жел қуатын пайдалану үшін әуелі алманиялық технологияны патентімен қосып сатып алған да, оған IТ-технология жетістіктерін енгізген. Бүгінде аталған елде тұтынылатын энергияның 30 пайызы жел генераторларына тиесілі. Бізде инновациялық идеяларды қаржылай қолдау аздап болса да қолға алынғанымен, оны нақты өмірге кіріктірудің заңнамалық тетіктері реттелмеген. Мысалы, жел генераторын сатып алып, пайдалану үшін ортақ желі мен трансформаторға дейін кабель тарту шығындарын кім көтеретіні нақтыланбаған. Тіпті, үйіңізге тікелей жалғау үшін де арнайы рұқсат керек. Бұл тұрғыдан алғанда электр қуатын өндіріп, таратушы монополистердің мүддесі мықтап қорғалған деуге болады, – дейді өнертапқыш.

Ғалым ойлап тапқан шағын ГЭС Кедровка өзеніне салынады

Әлмира Жылқашинованың әріптестерімен бірлесе отырып әзірлеген «ауа райын талғамайтын» гибридті жел электр станциясының жобасы «ЕХРО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінде тұрды.

Ерекше атап өтерлігі, көрмеде көрсетілген бұл жоба қағаз жүзінде қалмай, біртіндеп жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі – Риддер қаласы маңындағы Кедровка өзенінен салынатын қуаты 500 киловатт болатын «Ертіс-Шығыс» бөгетсіз шағын су электр стансасы жобасы. Бұл жобаны ЭКСПО көрмесінде университет ғалымдары ұсынған ауқымды жобаның жалғасы деуге де болады.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы энергетика бөлімі мамандарының айтуынша, жоба бойынша бизнес жоспар жасалып, барлық қажетті есептеулер, сондай-ақ электр желілеріне қосылу жүйесі әзірленіпті. «ВостокЭкоЭнергия» ЖШС шағын СЭС орналасатын жерді анықтау үшін жобалау-іздеу жұмыстарын жүргізіпті.

Салыну құны 254 миллион теңгені құрайтын жобаның негізгі мақсаты – электр энергиясын өндіре отырып, студенттер мен жас ғалымдардың білімдерін арттыру үшін тәжірибелік сабақтар өткізу алаңдарын құру.

Қазіргі күні жобаны жүзеге асырумен Әлмира Жылқашинова айналысып жатыр. Алдағы уақытта ғалым мемлекеттік грант алып, техникалық-экономикалық негіздемесін жасап, жобаны толық аяқтап шығуға бел буып отыр. Жоба еліміздің «жасыл экономикаға» өту тұжырымдамасына сәйкес келеді. Құрылыс-монтаждау жұмыстары келер жылдың екінші жартысында басталады. Бизнес жоспарда көрсетілгендей, бұл электр стансасын 2020 жылы іске қосу көзделінген.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button