Еліміздегі ең алғашқы радиологиялық кластер Шығыста құрылады
Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ төрағалығымен селекторлық режимде аппараттық кеңес өтті. Жиында облыс Әкімінің орынбасарлары бірінші тоқсанда атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді.
Облыс Әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев «Қазақмыс» корпорациясының қайта құрылуымен байланысты туындаған жағдайды оңалту шараларына тоқталды. «Қазақмыс» басшылығымен өткен кездесуде корпорация қайта құрылған жағдайда барлық жұмыс орындарын сақтап қалу жөнінде келісімге келген. Бұл тұста тұрмысы тікелей кен фабрикасына тәуелді Верхнеберезовка кентінің тағдырына ерекше мән беріліп отыр. Бұл ауылды қайта дамытудың 2014-2018 жылғы жобасы да дайындалуда. Кентті электр көзімен қамтып отырған нысандар «ШҚ АЭК» акционерлік қоғамының құзырына беріледі. Ал кенттің кеншілері Белоусовкадағы кен орындарында жұмысын жалғастыра алады. Ермек Көшербаевтың айтуынша, олардың жаңа жұмыс орнындағы еңбекақылары бұрынғыдан жоғары болмақ.
Облыс басшысы Артемьев кен орнының жағдайына да назар аударды. Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бақытбек Қизатов ондағы қауіпсіздік техникасы мен жұмыс режиміне қатысты түйткілдің бәрі толықтай шешілгенін, жұмысшылардың тілектері қанағаттандырылғанын баяндады.
Басқа елдерде болып жатқан жағдайлардың облыс экономикасына да әсері болуын жоққа шығаруға болмайтынын айтқан аймақ басшысы Еуроодақ, АҚШ, Ресей елдерімен экономикалық байланысы бар жергілікті кәсіпорын басшыларымен ұдайы байланыста болуды бірінші орынбасары мен кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Шәкәрім Бұқтұғұтовқа тапсырды.
Өңір басшысы «Азия Авто», «ТМК» сынды кәсіпорындарға өндіріске қажет жер беру ісін аяғына жеткізуді тапсыра келе, «Серебрянка бейорганикалық өндіріс зауыты», «Шығыс сусындары» сынды банкрот деп танылған кәсіпорындардың еңбекақы қарызын мейлінше азайтуды міндеттеді. Ермек Көшербаев Серебрянка қаласындағы бейорганикалық өндіріс зауытында 118 адам бітпеген тапсырыстарды орындауға жұмылдырылғанын, өткен жылдың соңғы айына тиесілі еңбекақы толық өтеліп, қаңтардың айлығы төлене бастағанын жеткізді.
Республикалық қаржылық институттардан тұрғын үй құрылысына қаржы тарту ісінде бірқатар шаруа тындырылған. Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Серік Төленбергеновтің айтуынша, Семей қаласында 72 пәтерлік екі үй, Ұлан ауданында 100 және 40 пәтерлік және екі үй салынбақ. Ал Өскеменде салынатын тұрғын үйдің құрылысына 2,4 млрд. теңге бөлінбек.
-«Самрұқ Қазына» қоры да, «Бәйтерек» холдингі де бұл іске мүдде танытып отырғанда, мүмкіндікті пайдаланып қалуымыз керек. Өскемен, Семей қалалары мен Ұлан ауданының әкімдігі құрылыс басқармасымен бірігіп, екінші жартыжылдықта құрылыстарды бастап кету керек. Күннің жылынғанын пайдаланып барлық құрылыстарға қарқын қосқан жөн, – деді ол.
«Шағын EXPO» көрмесіне сұранушылар көп
Ішкі турзимді дамыту мақсатында Риддер қаласына қатынайтын туристік пойыз ұйымдастырылып, Алакөлге апаратын Мақаншы-Жалаңашкөл бағытындағы жолды жөндеуге қаржы қарастырылуда. Риддер-Өскемен бағытындағы туристік пойыз сенбі-жексенбі күндері жұмыс істеп тұр. Осы аз уақыттың ішінде 500 оқушы, 200 студент, 60 кәсіпорын қызметкерлері аталмыш пойыздың қызметіне жүгінген.
«Шағын EXPO» көрмесіне дайындық та қыза түсті. Алдын ала түскен 87 жобаның 53-і – Шығыс Қазақстанның еншісінде. Ресейдің Санкт-Петербург қаласынан да бір жоба ұсынылған. Ал Қытай тарапы бұл көрмеге жеке стенд ұсынуға тілек білдіріп отыр. Облыс Әкімінің бірінші орынбасары барлық жобаларды іріктей келе, ең жарамды дегендерін таңдап, шараға тек 30-40 пайызын ғана қалдыратындарын атап көрсетті. Бұл көрмеге Нобель сыйлығының лауреаттары мен «Жасыл экономика» іліміне қалам тербеп жүрген әйгілі ғалымдар, «G-Global» өкілдері келуге ниет білдіруде.
Облыс Әкімі бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жоспарланған шараларға қатысты сын-ескертпелер айтып, аудан және қала әкімдерінің бұл мәселеге жеткілікті мән бермей отырғанын сынға алды.
-Аудан-қалаларда бизнес өкілдерімен жасалған 1400 меморандумның жалпы қаражаты 520 млн. теңге екен. Мұндай саны бар, сапасы жоқ меморандумдардан не ұтпақсыздар? Ал жалғыз облыс әкімдігі ғана миллиардтаған теңгенің меморандумдарына қол жеткізді. Әр әкім жергілікті кәсіпкерлердің әрқайсымен жұмыс істесін,- дей келе, шағын және орта бизнес қызметкерлерінің еңбекақысын көтеру мәселесіне де тоқталды.
– Мұндай бастаманы республикаға көтерген өзіміз болғандықтан, тыңғылықты атқарғанымыз абзал. Шаруа қожалықтары да, шағын және орта бизнес нысандары да жұмысшыларының еңбекақысын өсіруі керек. Ал бұл тұрғыда түсіндіру жұмыстары жүргізілсін, – деді облыс Әкімі.
Қарияларға қамқорлықтың бірыңғай ережесі жасалады
Бюджетті нақтылау шарасына байланысты шаруаны ширату облыс Әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағановқа тапсырылды. Облыс Әкімінің орынбасары жоспардағы 699 конкурстың 633-і жарияланып, 34-і бойынша келісімшарттар жасалғанын айта келе, сылбырлық танытқан аудан, қалаларды атап көрсетті. Бұл тізімде өтпей қалған 66 конкурстың 18-ін еншілеген Риддер қаласы көш бастап тұр. Жарма, Ұлан, Катонқарағай аудандарында ішкі кіріс мөлшерінің азаюы да назардан тыс қалмады. Дей тұрғанмен, облыс бойынша жылдың бірінші тоқсанына жоспарланған кіріс мөлшері 101 пайызға орындалған.
-Халықаралық нарықта алтын мен күмістің бағасы көтерілгенін білесіздер. Өзіміздегі өнім көлемін қадағалау қажет. Девальвацияның әсерінен кірістің болжамды мөлшерін қайта қарау керек. Басшының жұмысы жиналыс өткізумен шектелмеуі қажет. Жиналыстан нақты жұмысқа көшу керек, – деген аймақ басшысы әлі күнге дейін мүмкіндігі шектеулі жандардың еңбекке қабілетілігі жөніндегі есептің түзілмегеніне қынжылыс білдірді. Бұл тұрғыда әрбір кәсіпорынның жұмысшылар құрамына талдау жүргізіп, ұжымның кем дегенде үш пайызы мүмкіндігі шектеулі жандар болуын қамтамасыз ету тапсырылды. Облыс Әкімі орынбасарының айтуынша, облыста тіркелген 1300 жетім баланың барлығына «Тұрғынүйқұрылыс жинақ банкінде» жеке шоттар ашылған. Өңір басшысы ардагерлерге қоғамдық көлікпен жүру жеңілдіктері тек Өскемен мен Семей сынды ірі қалаларды ғана қамтымай, бүкіл облысқа таралу қажеттігін баса айтты. Ол үшін алдағы уақытта егде адамдарға жеңілдіктер ұсынудың бірыңғай ережесі дайындалмақ.
Облысымызға өзге өңірлерден көшіп келуге ниеттілердің саны артқанмен, жергілікті әлеуметтік сала өкілдері олардың сыртқа шығуына кедергі туғызып отыр. Мұндай мәліметті облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Ольга Кузовлева айтты. Бұл бағыттағы жұмыстың сылбырлығын облыс басшысы қала және аудан әкімдерінің тиіп-қашып жұмыс істеуінен деді.
– Осы уақытқа дейін облысқа басқа өңірлерден 11-ақ адам келуі ұят. Еңбек күші жетіспей жатқан кезде оңтүстіктегі жұмыс таппай жүрген қабілетті адамдарды пайдалана білуіміз керек. Насихат жасалғанымен, нәтиже жоқ. Себебі, бұл іспен үнемі айналыспаймыз. Ал тиіп-қашып істегеннен жұмыс өнбейді, – деген ол Дүниежүзілік даму банкі, Ислам даму банкі сынды халықаралық қаржы институттарын облысқа тарту ісіне көңілі толмайтынын жеткізді. Бұл тұрғыда Ислам даму банкінің филиалын ашып үлгерген қарағандылықтардан үлгі алу керектігін ескертті. Нұрымбет Сақтағановқа барлық конкурстарды бірінші тоқсанның аяғына дейін өткізіп, бюджетке түзетулер енгізу ісінде мұқият болу тапсырылды.
Бағаның беті бері қарады
Көктемгі егіс науқанына дайындық, азық-түлік пен жанармай бағасын тұрақты ұстау бойынша атқарылған шаруалардың нәтижесімен облыс Әкімінің орынбасары Нұрлыбек Шерубаев таныстырды. Бұған дейін азық-түлік бағасын орынсыз көтеруге әрекеттенгендер жауапқа тартылыпты. Нақты айтсақ, сүт өнімдеріне баға қосқан өндірушілердің ісі монополияға қарсы инспекцияның қарауына өтті.
Ал бірнеше ауданда бағаның өсуі былай тұрсын, төмендеу байқалған. Зырян, Глубокое, Абай, Шемонайха аудандарында азық-түліктің ең қажет деген 33 түрінің 20-дан астамы осыдан үш ай бұрынғы деңгейіне қайта түскен. Ал Тарбағатай ауданы мен Курчатов қаласында бірде-бір өнім қымбаттамаған. Тұрғындар тарапынан жанармай мен дәрі-дәрмек бағасының өсуіне байланысты ешбір шағым түспеген. «Ертіс» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының басшысы Арман Бекбосынов тұрақтандыру қорындағы азық-түлік мөлшері мамыр айына дейін алаңдамауға мүмкіндік береді деген болжам айтты.
Халықтың қолындағы мал саны мен мал сою алаңдарына қатысты есептің нақтыланбай отыруы ауыл әкімдерінің жалған ақпарат ұсынғанынан хабар беретінін айтқан аймақ басшысы шаруа қожалықтарын ірілендіру ісін жетілдіруді жүктеді.
Егіс алқабын ұлғайту, көктемгі себу жұмыстарының құрылымын нақтылау, науқанға төртінші санаттағы тұқымдарды жібермеу де ауыл шаруашылық басқармасы мен Нұрлыбек Шерубаевқа міндеттелді.
Өскеменде салынуы тиіс жастар қалашығы 23 га. алқапты алмақ. Оның құрылысына қажетті 100 млн. теңге сыртқы көздерден тартылмақ. Мәселен, Жапония елшілігі бұл жобаға 55 млн. теңге бөлуге әзір. Облыс Әкімінің орынбасары Жақсылық Омар ҰБТ нәтижелерін жақсарту үшін үздік ұстаздар мен педагогикалық ұжымдардың тәжірибелері таратылып жатқанын да айтты. Биыл орташа балл мөлшерін 78-ге жеткізіп, 7-8 орынға жайғассақ деген меже қойылып отыр. Өңірден шыққан белгілі адамдарды туған жеріне демеушілік жасауға шақыру мақсатымен құрылған «Түлек.кз» сайтына бүгінге дейін 25 мың адам тіркелген. Түлектердің туған өлкесіне демеушілік жасау арқылы патриоттық идеология қалыптастыру ісін әуелі жергілікті басшылардан бастау керектігін ескерткен облыс басшысы биыл тұңғыш рет өтетін Шығыс тумалары форумының сапалы ұйымдастырылуын талап етті.
«Семей-Невада» қозғалысының 25 жылдығы Семейде тойланатын болды. Мұндай ұсыныс Мәдениет министрлігі тарапынан түскен екен. Жақсылық Омар биылғы Наурыз мерекесі облысымызда жеті күн бойы тойланып, Ресей, Қытай, Монғолия елдерінде де бірлескен мерекелік шаралар өтетінін атап көрсетті.
Радиологиялық кластер құрылады
Еліміздегі алғашқы радиологиялық кластер біздің өңірде құрылмақ. Бұл кластердің негізінде арнайы оқу орны мен клиника, ғылыми зерттеу базасы ашылады. Аймақ басшысы бұл істі асқан жауапкершілікпен, шетелдік мамандармен кеңесе отырып тындырудың маңыздылығына тоқталды.
Атқарылған шаралар мен жоспарланған жобалардың барлығына оң бағасын берген аймақ басшысы орынбасары Жақсылық Омарға Будепешт қаласында Абайдың ескерткішін ашу ісін жеделдетуді тапсырды.
Мәжілісті қорытындылаған облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ көктемгі сел-тасқыннан сақтану шараларын күшейту, ұн мен қант бағасын тұрақтандыру, Зайсан ауданының елді мекендерін газбен қамту, банкрот болған кәсіпорындардың қарызын жабу, төрт және бес рет құрсақ көтерген аналарды марапаттау, коммерциялық баспананың көлемін ұлғайту бойынша қадау-қадау тапсырмалар берді.
– Мерзімінен кешіккен құрылыстардың барлығын аяқтауымыз керек. Ал Үржар, Күршім, Зырян аудандарындағы мектептер бірінші қыркүйекке дейін қолданысқа берілсін. Талапты орындамағандарды жауапқа тартатын боламыз, – деген аймақ басшысы өндірістегі қазақстандық үлесті арттыра түсуге шақырды.
– Бұл тұрғыда істелген жұмыстардың беталысы дұрыс. Бірақ осы нәтижемен тоқтап қалуға болмайды. Бұдан бөлек маңызды шаруа сенбіліктердің жүйелі ұйымдастырылуына қатысты. Көшелерді тазалау мен абаттандыру ісіне кәсіпорындар мен кәсіпкерлер, тұрғылықты халық та тартылуы керек, – деді облыс Әкімі.
Есімжан Нақтыбайұлы