Денсаулық сақтау

Еліміздегі бірегей гибридті операция залы

Еліміздегі бірегей  гибридті операция залы


Семей қаласындағы жедел медициналық жәрдем ауруханасында гибридті хирургиялық операциялар үшін жаңадан ашылған зал еліміздегі бірегей кешен болып тұр. Бұл гибридті операциялық залдың ерекшелігі сонда, мұнда мәселен, жол апатына түскен науқасқа бірден бірнеше оталар жасалады. Науқастың жүрегіне және басындағы миына ашық тәсілдермен ота жасауға мүмкіндік бар.

Семейдегі жаңа медициналық нысан JCI стандарты бойынша жобаланып, жабдықталған. Гибридті залды ұлттық нейрохирургия ғылыми орталығы басқармасының төрағасы, еліміздің үздік нейрохирургі, профессор Серік Ақшолақов ашты. Ол бірден операция жасауға беттеді. Серік Ақшолақов нейрохирургия орталығындағы қан-тамырлы нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Ербол Махамбетовпен және Семейдегі жедел медициналық жәрдем көрсету ауруханасындағы эндовоскулярлы хирургия және гибридті операциялық бөлімінің меңгерушісі Айбол Маралбаевпен бірге төрт сағат бойы осында шұғыл келіп түскен науқастың басындағы қатерлі ісікке күрделі операция жасап, ашық түрде алып тастау тәсілін қолданды. Ісікті нәрлендіріп тұрған тамырларды жойды.

Еліміздегі бірегей  гибридті операция залы

-Мұндай операция біз үшін бұдан бұрын бірнеше күнге созылатын екі бөлімнен тұратын еді,-деді еліміздің бас нейрохирургі Серік Ақшолақов, – мысалы, біріншісінде ісікті өсіретін тамырларды эндовоскулярлы түрде алып тастаймыз, екіншісінде бірнеше күн өткен соң, сол қатерлі ісіктің өзін алып тастайтынбыз. Ол аралықта науқастың да халі қиындап кетуі мүмкін. Ал бүгін мына гибридті операция жасау залының ашылуына орай, мен шағын инвазивті түрде, науқасқа көп зиян шектірмей екі операцияны бірден жасадым. Шыны керек, елімізде ешбір жерде әзірше жоқ гибридті операцияны жасау барысында, жаңа құрал-жабдықтың көмегімен науқастың өмірін алып қалғаныма ерекше қуаныштымын. Гибридті операциялық зал жергілікті облыс тұрғындарына жоғары технологиялық медициналық көмек көрсете алады. Науқастар шетке шықпай-ақ, өз елімізде, Семейде емделіп шығады. Бұл әрине, облыс әкімі Даниал Ахметовтің қолдауы арқылы жүзеге асып жатқан жоба. Облыс басшысы медицина қызметкерлерінің әлемдік деңгейде жаңа жетістіктерге жетуіне мүмкіндік жасап отыр.

Шынында да, облыстың денсаулық сақтау саласындағы кешенді даму жобаларына орай былтыр Өскемен қаласындағы облыстық медициналық мамандандырылған ауруханада роботохирургия және трансплантология орталығы ашылған еді. Ал Аягөз бен Алтай қалаларында ұлттық нейрохирургия орталығының әдістемелік көмегі арқылы екінші деңгейлі инсульт орталықтары іске қосылды. Семей қаласындағы жедел медициналық жәрдем орталығында ұлттық травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп, политравма және ортохирургия орталығы да тұсауын кесті.

Ал жаңа жобаға келсек, бұл гибридті операция залы хирургия саласының көптеген салаларының басын біріктіреді. Бұл операция жасайтын классикалық бөлмеден ерекшелігі арнайы үлкен зал екендігінде. Көп жүйелі блокта жаңа деңгейлі технологиялар мен құрал-жабдықтар ашық және шағын инвазивті лапароскопиялық түрдегі магнитті-резонанстық томография, хирургиялық рентген жүйелері, УДЗ саласы, бейнебақылау жүйесі арқылы күрделі операцияны сапалы жасауға толық мүмкіндік береді.

Семейде гибридті операция жасау іс-шарасына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпованың айтуынша, мұндай жаңашыл технология Семей өңірін, қала тұрғындарын жоғары медициналық көмекпен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

-Семейдегі жедел медициналық жәрдем көрсету ауруханасы Семей өңірінің жеті жүз мыңдай тұрғынына медициналық көмек көрсетеді,-деді облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова, – осылайша, бұл аймақтың стационарлық көмегінің 40 пайызын жабады. Жыл сайын 24 мың тұрғын емхананың қабылдау, диагноз қою бөлімінен тексерілуден өтіп, оның 14 000 мыңы ауруханаға жолдама алады. Мұндай көп мөлшердегі сырқаттар жаңа гибридті операциялық залдың жұмысының керек екендігін растайды. Адамдарға шұғыл түрде кешенді медициналық көмек көрсетуге толық мүмкіндік бар. Әсіресе қан тамырлары жүйесінің бұзылуы кезінде, түрлі көп деңгейлі жарақаттар, инсульт пен инфаркт алғанда жаңа технологияларды іске қосу арқылы емдеуге болады. Облыс әкімі Даниал Ахметов емделушілер санының көптігін ескеріп, ЖМЖА базасында гибридті ота жасау залын ашуды тапсырған еді. Гибридті операция жасау залының жобасына 2,3 млрд. теңге бөлінсе, құрал-жабдық алуға оның 1,7 млрд. теңгесі жұмсалды. Бұл қаржы облыстық бюджеттен және бюджеттен тыс қорлардан беріліп отыр. Құрал-жабдықтар – еуропалық және америкалық сапа көрсеткіштерінің соңғы үлгісі. Бұл жабдық арқылы Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен біз облыс тұрғындарына кепілді медициналық көмек көрсету бағдарламасы арқылы тегін түрде емдеу, операция жасау, сауықтыру шараларын жасай аламыз.

Қазіргі уақытта ауруханада гибридті операция жасау бөлмесінде жұмыс істеу үшін маман дәрігерлер тобы даярланған. Операциялар жасауға орай алдын ала дайындалған 20 шақты дәрігер өз ісіне тез арада кірісе алады. Жылына үш мың операция өтеді деп жоспарлануда. Себебі бұл зал ашылмастан бұрын мамандар даярлау едәуір ертерек қолға алынды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Илияс Мұхамеджанның айтуынша, Семей қаласының жедел медициналық жәрдем көрсету ауруханасы 2017 жылдан бастап, дәрігерлердің біліктілігін көтеру үшін үш деңгейлі оқыту жүйесін қолға алып отыр. 2017 жылы облыс әкімдігі бұған 3,2 млрд. теңге бөлген. Осы жоба аясында Англияда үш ай бойы 19 маман мульти тәртіп тобы бағытында білімдерін көтеріп келді.

Бұған рентгенді хирургия, анестезиология, травматология, неврология, кардиология және сәулемен емдеу мамандары да кірді. Сондай-ақ республикалық орталықтарда нейрохирургия, интервенциялық кардиология, рентген-зертханашы мамандары да оқытылды. Жалпы, гибридті операция жасауға 43 маман даярланған. Биыл шетелдерде оқыту бағдарламасы жалғасын табады. Соған орай қыркүйек айында біліктіліктерін көтеріп, білім алу үшін Семей қаласындағы жедел медициналық жәрдем көрсету ауруханасынан шетелге 12 маман аттанады.

Раушан Нұғманбекова

Осы айдарда

Back to top button