Қоғам

Еліміздің үздік құтқарушылары Риддерде жүр

Еліміздің үздік құтқарушылары Риддерде жүр

Риддер қаласындағы Үлбі өзенінің сол жақ жағалауында орналасқан Солтүстік-Батыс Алтайдың Ивановский жотасының сілемінде «Тайга-2015» жиын-семинары басталды.
Аталмыш шараға еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 148 құтқарушы мен 38 ит қатысып жатыр. Жиын-семинар барысында құтқарушылар тек қана тәжірибе жинақтап қана қоймай, Шығыстың әсем табиғатымен де етене танысатын болады.
Бұл семинардың басты мақсаты арнайы мамандарды кинологиялық әдістерді қолдана отырып, таулы аймақтардағы құтқару-іздестіру жұмыстарына баулу.
«Тайга-2015» жиын-семинарын өткізу үшін Ивановский тау сілемі бекерден-бекер таңдалып алынған жоқ. Себебі, Ивановский жотасының сілемі осы таудың ең биік нүктесі болып табылады. Оның жалпы ұзындығы 2775 метрді құрайды. Аталған тау сілемдерінің беткейін ұсақ және қылқан жапырақты орман аумағы алып жатыр. Сонымен қатар, бұл жерден Казачиха мен Громотуха өзендерінің арнасы бастау алады. Аталмыш өзендердің жағасы құлама жар екендігін де айта кеткен жөн. Сондай-ақ, бұл аумақ еліміздегі ең ылғалды мекен болып саналады. Себебі, қардың көп түсуінен тау сілемінің желді беткейлерінде қардың көлемі сегіз метрге дейін жетеді.
Бұл базада алты оқу-жаттығу орны бар. Мұнда құтқарушылар топографиялық және таулы Тайга аймақтарында дұрыс бағыт-бағдар жасауды, компос пен GPS қызметін пайдалануды, сондай-ақ, әртүрлі әдістермен таулы жердегі су кедергісінің алдын алуды, төтенше жағдайда жапа шеккен адамдарға көмек көрсетуді үйренуде. Алдағы күндері құтқарушылар үш күн бойы таулы аймақта тіршілік ету «мектебінен» өтетін болады.
Еліміздегі 18 құтқару құрылымының 41 кинологиялық тобы үшін иттің иесінің тілін алуы, әбжілдігі, табиғи ортада және техногендік апаттарда зардап шеккендерді іздей білуі жөніндегі сынақтар ескерілген.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button