Қоғам

Еліміздің Тәуелсіздігіне бағытталған 25 жоба

Еліміздің Тәуелсіздігіне бағытталған 25 жоба

Ағымдағы жылдың қазан айында аймақта тұрғындардың өмірін жақсарту салаларына бағытталған 25 нақты жобаны жүзеге асыру басталды. Олардың ішінде мемлекеттік органдардың нәтижелілігін, білім беру қызметінің сапасын арттыруға, оқушылардың шығармашылық қабілеттері мен инклюзивті білім беруді дамытуға, мұғалімнің мәртебесін көтеруге арналған бағдарламалар бар. Шараларды ұйымдастырушы -Өскемен қалалық білім бөлімі.
Қалалық білім бөлімінің басшысы Мәдениет Ахметованың айтуынша, білім беру қашан да қоғамның діңгегі болып табылады. Сол себепті аталмыш істер балалардың игілігі үшін атқарылмақ. Мысалы, «Ашық мемлекеттік орган» жобасы мемлекеттік органдар мен білім беру ұйымдарының нәтижелілігі мен тиімділігін арттыру мақсатында қолға алынып отыр. «Тәуелсіздіктің 25 жылдығына – жаңа жетістіктер!», «Табысты мұғалім + табысты оқушы = табысты мектеп», «Полиглот», «Болашақ біздің қолымызда» жобалары білім беру қызметінің сапасын жақсартуға ықпал етуге тиіс. «Инновациялық алаң» жобасының арқасында білім берудің қорытындысы 70-75 пайызға дейін көтеріледі деп күтілуде, бұл көрсеткіш гимназиялық деңгейден әлдеқайда жоғары.
Біліммен қатар балалардың тәрбиесіне де үлкен мән беріледі. Ол үшін өңірде оқушылардың еңбек белсенділігін арттыруға, жеткіншектерде рухани және әлеуметтік құндылықтарды, отансүйгіштік пен азаматтық сезімдерін жетілдіруге бағытталған «Еңбек арқылы тәрбиелеу – әлеуметтендірудің маңызды аспекті», «Өзіңнен баста!», «Қазақстанның патриоты», «Тәуелсіз Қазақстан – менің мақтанышым!», «Мен сені бағалаймын, өмір» сияқты жобаларды жүзеге асыру жоспарланған.
Сонымен қатар, мектепке дейінгі мекемелердің тәрбиеленушілері мен оқушылардың денсаулығын нығайту мақсатында бірнеше жоба қолға алынды. Олардың ішінде «Балабақша – салауатты өмір салтының бастауы», «Мектеп – денсаулық аумағы» сынды бағдарламалар бар.
Инклюзивті білім беру саласында «Қайырымды жүрек», «Мен, сен, ол – барлығымыз тату жанұямыз» сияқты жобалар енгізілген. Бұл шаралар дені сау бала мен мүмкіндігі шектеулі балғындардың арасында өзара сыйластықты қалыптастыруға мүмкіндік бермек.
Бұдан басқа, білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын дамытуға, мұғалімнің мәртебесін көтеруге, оқушылардың өзін-өзі дамыту мәдениеті мен шығармашылық қабілеттерін жоғарылатуға бағытталған бірнеше жоба іске аса бастады.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button