Руханият

Елімнің болашағына сенемін

Елімнің болашағына сенемін


Тамыры сонау сақтардан бастау алатын Ұлы даланың рухты ұрпақтары мынау ғаламда талай соғысты басынан өткізіп, талай қанқұйлы жаумен текетіреске түсті. Қаншама ғасыр өтті, қаншама ұрпақ жаңарды, бірақ мақсат пен мүдде өзгермеді.

Ол өзгермейтін мәңгілік мүдде мен мақсат – мынау ұлан-байтақ қасиетті жерді қорғау еді. Сол асулары көп мақсат Қазақ хандығын тізгіндеген хандар мен батырлардың, кешегі ХХ ғасырдың басындағы Алаш ұлдарының ұлы арманына айналды. Осы бір асыл арманды ақиқатқа айналдырудың зор құрметі біздің ұрпақтың үлесіне тиіп отыр.

Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ сессиясында сөйлеген сөзінде: «Еліміздің ертеңі – бір халық, бір ел, бір тағдыр деген үш сөзге сыйып тұр», – деп ерекше атап өткен болатын. Әлем елдері ішінде елдік пен бірлікті ту еткен Қазақстанның даму жолы көпшілікке үлгі. Себебі біздің қоғамның басты байлығы – тұрақтылық пен этносаралық татулық.

«Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында Елбасы «Ұлы даланың ұлы есімдері» туралы айтады. Бұл өте маңызды деп ойлаймын. Себебі бүгінгі қол жеткізген тәуелсіздігіміз осынау ұлы есімдердің қанымен, төккен терімен, зор еңбегімен келді бізге. Қазақтың ұлы тұлғалары Керей, Жәнібек, Абылай сынды хандарымыз бен Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатовтай білімді, шыншыл, елін сүйген алашордашыларымыздың, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасында азаттық үшін күрескен Қ.Рысқұлбек, Л.Асанова, С.Мұхамеджановадай жастарымыздың есімдері ел есінде.

Тәуелсіздік алғанан кейін де ұлы есімдер тізімі толыға түсті. Б.Саттарханов, Д.Тендей спорт саңлақтары, Д.Құдайберген сынды біртуар өнер иесі – ел мерейін асырып, қазақтың атын әлемге танытып жүрген мықтылар.

Иә, бұл тұлғалардың ел тарихында өзіндік орны бар. Елбасымыз айтқандай: «Ұлы дала әл-Фараби мен Яссауи, Күл-тегін мен Бейбарыс, әз-Тәуке мен Абы¬лай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дү¬ние¬ге әкелді». Аталған тарихи тұлғалардың бәрі де ел үшін, жер үшін, Отан үшін күресті. Осы орайда мен ұлы есімдер қатарына тәуелсіз Қазақстанның дамуына өлшеусіз үлес қосып, өсіп-өркендеуіне еңбек сіңіріп келе жатқан Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі кіргенін қалар едім. Себебі Президентіміз тәуелсіздік жылдарында Қазақ мемлекетін озық отыз елдің қатарына кіруге мүмкіндік беретін даму жолын салды. Атап айтсақ, дамыған отыз елдің қатарына кіру мақсатында үштілділікті дамытып, латын әліпбиін енгізуге шешім қабылдады. Әрине, мұның барлығы да – ел қамы үшін, болашақ үшін жасалып жатқан істер.

Елбасымыз «Ел болашағы – жастардың қолында» деп жастарға үлкен сенім артып отыр. Олай болса, біз өзімізге артылған сенімді ақтай білуіміз қажет.

Аңсаған Дәлелханова,
Абай атындағы мектеп-лицейінің
11-сынып оқушысы,
Абай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button