Елімен бірге есейген жігіт
Ширек ғасыр. Осы уақыт ішінде талай тарихи оқиғалар орын алды. Жаңа мемлекет – тәуелсіз Қазақстан Республикасы пайда болды. Жаңа ұрпақ өсті. Осы орайда еліміздің құрдастары кімдер, олардың азаматтық келбеті қандай деген сұрақтардың туындайтыны да рас.
Ел тәуелсіздік алған тұста дүниеге келген ұрпақтар санатында Саид Амирханов та бар. Ол Семей қалалық өртке қарсы қызметінде үшінші жыл жұмыс істеуде. Қызметке әскери борышын өтегеннен кейін келді. Өмірін құтқарушы қызметімен байланыстырғанына еш өкінбейді. Сан рет тілсіз жауға қарсы тұрып, әртүрлі күрделі өрттерді сөндіруіне тура келді.
– Өрт сөндірушілерде «жас жауынгер бірінші рет кезекшілікке түссе күрделі өрт болады, жауынгер алдымен оттың сынағынан өтеді» деген ырым бар, – дейді облыстық ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметі» мекемесінің Семей қаласындағы №2 жасағына қарасты Өрт техникалық орталығының меңгерушісі Наталья Рыкова, – Саид тұңғыш рет өрт сөндіруші ретінде зауыттағы отқа оранған газ аппаратураларын сөндіруге қатысты. Бұл үшінші нөмірлі шақыру болуының өзі өрттің күрделі болғанын көрсетеді. Алғашқы кезеңнен-ақ, Саидтың ештеңеден сескенбей, аспай-саспай, үрейге бой алдырмай әрекет етіп, тек жұмылған күштің арқасында кез келген апатты жоюға болатынын түсінгенін байқадық.
Өткен жылы Саид отбасын құрыпты. Әзірше ол №46 өрт сөндіру бөлімінің жатақханасында тұрып жатыр. Ендігі ойы – жеке баспанаға шығу. Ол үшін үй де салып жатыр. Жиһаз алып, отбасыма жайлы жағдай жасасам, ең бастысы – Тәуелсіздік күні өз үйімді қоныстансам деген арманы бар.
Саид мектеп кезінен үстел теннисімен айналысқан екінші разрядты спортшы екен. 2015 жылы мемлекеттік қызметкерлер арасындағы жарыста 1 орын алыпты. Облыстық ТЖД командасы құрамында Атырау қаласында өткен, еліміздің мемлекеттік қызметкерлері арасындағы жарыста өңіріміздің намысын қорғады.
– Мен бәрін істей аламын, – дейді Саид, – тамақ пісіргенді өте ұнатамын. Атам маған бәрін үйретті. Оған үлкен рахмет! Жігітке жеті түрлі өнер тұрмақ, жетпіс түрлі өнерді меңгерген жөн. Бала кезімнен әскери киім кигенді армандадым. Бұл арманым орындалды. Енді өрт сөндіруші бөлімінің бастығы болғым келеді.
Несі бар, бәрі өз қолында. Өзіне үй салып жатыр, ағаш отырғызды, енді ұрпақ сүю мен бөлім бастығы болу ғана қалды емес пе?!
Раушан Нұғманбекова
Семей.