Сайлау-2023ТОП

Елімізді үлкен өзгерістер күтіп тұр – Сержан Шөкеев

Ақжар ауылындағы Абай орта мектебінде орналасқан №905 сайлау учаскесін ақпарат құралының өкілі ретінде аралап жүріп, заңгер, Ақжар ауылының тұрғыны Сержан Шөкеев ағамызбен аз-кем әңгімелескен едік.

– Сержан Қайырбекұлы, бүгінгі сайлау барысы қалай өтіп жатыр?

– Міне бүгін Парламент Мәжілісіне және жергілікті мәслихаттарға сайланатын лайықты деген болашақ депутаттарымызға дауысымызды беріп, өз таңдауымызды жасадық. Шәкәрім атамыз айтпақшы, «бұл сайлау бұрынғы сайлаулардан өзгешерек». Менің олай дейтін себебім, партиялардан ұсынылған депутаттыққа үміткерлермен қатар, бір мандаттық округтерден мажоритарлық сайлау жүйесі арқылы халық арасынан өзін-өзі ұсынған әр саладан үміткерлер баршылық. Негізінде бұлда бір жақсы үрдіс деп ойлаймын. Қалай айтсақта, демократияның “иісі” шығып, “дәмі” сезіледі.

– Үміткерлер де сан алуан сала өкілдері, бұл жөнінде пікіріңіз?

– Парламент Мәжілісінің және мәслихаттардың депутаты болуға үміткерлердің ішінде елімізге танымал өз ісінің білгір де білікті, тәжірибелі мамандары баршылық. Атап айтсақ, ғылым-білім, заң, медицина, өнер, экономика, ауыл шаруашылығының майталмандары, саяси қайраткерлер, қоғам белсенділері, журналистер жетерлік. Ендігі біздің міндетіміз бен парызымыз үйімізде жатып алмай, жұмған жұдырықтай болып, белсенділік танытып, біркісідей, бір ауыздан осы аталған үміткерлердің арасынан «майдан қылшық суырғандай» елі, жері, халқы үшін жатпай-тұрмай, қабылдаған анттарына сай адал қызмет атқаратын «Жаңа Қазақстанның» жаңа бағдарламасымен, болашаққа сенімді қадам басатын нағыз лайықтыларын таңдап, сайлап алуымыз керек.

– Осы жолғы сайлаудан басқа тағы қандай ерекшеліктерді аңғардыңыз?

– Бұл жерде тағы бір баса айтатын нәрсе, Парламент заң шығарушы орган болғандықтан барлық саланың білікті де мықты майталмандарымен бірге заңнама нормаларымен жұмыс істейтін, артықшылығы мен кемшін тұстарын жақсы білетін, заң саласының мамандары молырақ болғаны дұрыс деп санаймын. Содан  кейін тағы бір қуантарлық жағдай ол осы жолы бұйыртса Парламент «қазақиланатын» сияқты. Бұл да заман талабы. Осыған орай қабылданатын заңдарымыз да  толық ана тілінде ғана  қабылдануы тиіс. Өйткені, өзге тілдерден аударылған өрескел қате аудармалардан көз сүрінеді. Басым көп жағдайларда заңдардың қай тілде қабылданғанын оқып барып түсініп жатасың.  Бұл жетістік емес. Керісінше, орны толмас өкініш, тым өрескел қателік. Кейін ана тілімізде қабылданған заңдарымызды  өзге тілдерге қажеттігіне қарай, қажетінше аударып алуға болады. Біз осылай заңдарымызды ана тілінде қабылдап, ана тілінде сөйлетіп барып, ың-шыңсыз, у-шусыз, дау-дамайсыз тіл мәселесін де дұрыс шешіп, өз тұғырына қондыратын боламыз.  Біздің Ата Заңымызға, басқа да заңдарымызға сәйкес осы жаңа сайланған Мәжіліс депутаттары өз жұмысына кіріскен кезде қазіргі жұмыс істеп отырған Үкімет отставкаға кетеді. Орнына қайтадан жаңа Үкімет жасақталады. Кімді Мемлекет басшысы премьер-министр етіп ұсынады, кімдер министр болып тағайындалады бұл Президенттің құзырындағы мәселесі. «Жаңа Қазақстан» болып жаңарып жатқанымыз жақсы. «Еститін Үкімет» болғанымыз тіпті ерекше. Енді мына жаңа сайланатын депутаттарымыз,  жаңадан тағайындалатын министерлеріміз, әкімдеріміз, жаңадан жасақталатын Үкіметіміз, естіп қана қоймай, «Назар аударатын Үкімет» болса, назар аударумен ғана  шектелмей, қолдан келгеннің бәрін «Нақтылы жасайтын Үкіметке» айналса нұр үстіне нұр болар еді. Халқымыздың көптен  күткен арманы да орындалар еді. Сол бір тәтті де сәтті күндерге аман-сау жетейік…

– Сұхбат беріңізге рахмет!

Әңгімелескен – Ерлан Бапанов
Тарбағатай ауданы

Осы айдарда

Back to top button