Қоғам

Елімізде көктемгі әскерге шақыру басталды

Елімізде 1 наурыздан бастап мерзімді әскери қызметке шақыру басталады.

Бұл науқанда әскерге шақырту алған азаматтар Шекара қызметінде, Қарулы күштер қатарында, Ұлттық ұлан сапында және ТЖМ-да борыштарын өтейді, деп хабарлайды Didar ақпарат тілшісі.

Қазіргі уақытта әскери сала да сандық жүйеге көшірілгендіктен 18 жасқа толған азаматтың үйіне әскерге шақырту қағазы жіберілмейді. Барлығы азаматтарға арналған электрондық үкімет порталы арқылы жүзеге асырылады. Әскери тәртіпке сәйкес, шақырту алған әрбір азамат тұрғылықты жері бойынша әскери басқару органдарына барып, медициналық және психологиялық тексеруден өтуге міндетті.

– Тұрғылықты жері бойынша комиссиядан өтіп, әскерге жарамды деп танылған жастар облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаментінде психологиялық, кәсіби және медициналық тексерістен  қайта өткізіледі. Кімнің денсаулық критерийлері жоғары болса, олар бірінші кезекте шекара әскеріне жіберіледі. Қазір келгендердің бәрінің денсаулығы жақсы. Ең бастысы, жігіттер қызмет етуге үлкен ықыласпен келіп жатыр, – дейді ШҚО қорғаныс істер жөніндегі департаменті басшысының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары майор Жасұлан Сатбалдиев.

Көктемгі шарқытудың басында жолдамамен келген сарбаздардың көпшілігі шекара қызметіне жіберіледі. Айта кету керек, жас сарбаздар еліміздің алыс-шалғайдағы шекара шебін емес, Шығыс Қазақстан облысының шекарасын қорғайтын болады.

– Мен әскерге шақырту алып, өз тұрғылықты жерім бойынша барлық тексерістен өттім. Облыс орталығында да менің барлық денсаулық көрсеткіштерім жақсы деп бағаланып отыр. Алдағы уақытта өз өңірімізде әскери борышымызды өтейтін боламыз. Отан алдындағы өзімнің азаматтық борышымды абыроймен өтеймін деген сенімдемін, – дейді әскерге шақырылушы Еркебұлан Тоқтаров.

Осы айдарда

Back to top button