Елімізде баламасы жоқ емдеу әдісі
Айна Ескенқызы
Облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығы – жоғары технологиялық және елімізде баламасы жоқ емдеу әдісі – ісіктерді фокусталған ультрадыбыспен (ФУЗ-МРТ) инвазивті емес абляциялауды енгізген бірден-бір медициналық мекеме. Бұл тәсілді жергілікті мамандар 2019 жылдан бері қолданып келеді. Осы уақыт ішінде 40-қа жуық пациент емделді.
Бұл – жатыр миомасы, аденомиоз, қуық асты обыры, сүйек метастаздары сияқты ауруларды алғашқы сатысында емдеудің балама әдісі.
Сәулелік диагностика бөлімшесінің басшысы Малика Мейрманова ФУЗ-МРТ кезінде ісік түйіні қашықтан қыздырылатынын, ал қыздыру дәрежесі мен процедураның дәлдігі МРТ аппаратының көмегімен бақыланатынын түсіндірді.
– Бұл емдеу әдісінің негізгі міндеті – миома белгілерін жою. Әдетте, инвазивті емес ісік абляциясы менопаузаға дейінгі жастағы науқастарда үш миоматозды түйіні бар миома анықталған жағдайда жасалады. Айта кету керек, ФУЗ-МРТ тек симптоматикалық миома үшін қолданылады, біздің тәжірибемізде бұл жалпы жағдайлардың шамамен 20 пайызында кездеседі, – деді дәрігер.
Шын мәнінде, бұл процедура хирургиялық ота болып саналмайды, науқас сол күні немесе келесі күні үйге шығарылуы мүмкін. Мұндай ем ісіктің өсу қарқынын төмендету үшін қолданылады және мамандар кейбір жағдайларда ісіктің кішірейгенін байқаған.
– ФУЗ жатыр миомасының абляциясы – қазіргі уақытта түйінді жоюдың бірден-бір инвазивті емес әдісі. Ультрадыбыстық толқындар түйін тіндерін бұзады. Ол белгілі бір нүктеге ғана әсер етуіне байланысты қасындағы сау тіндерге зиянын тигізбейді. Бұл жерде қолданылатын толқын ультрадыбыстық зерттеуде қолданылатын әдеттегі толқыннан қуаттырақ және төмен жиілікте беріледі. Осы әсердің нәтижесінде неоплазма құрғайды, оның ақуыздары ыдырайды, тамыр қабырғалары мен коллаген талшықтары зақымдалады. Нәтижесінде қан ағымы мен тіндердің қоректенуі бұзылады. Миома қоректене алмағандықтан өсуді тоқтатады және уақыт өте келе жойылады, – деп атап өтті Малика Мейрманова.
Дәрігердің түсіндіруінше, бұл емдеу әдісінің тиімділігі неоплазманың құрылымына және оның жасушалық құрамына тікелей байланысты екен. Мысалы, ісіктердің бірнеше түрі бар: гипоинтенсивті ісіктер сәулелерді жақсы сіңіреді, оңай және салыстырмалы түрде тез емделеді, ал строманың ісінуі кезінде изоинтенсивті түйін диагнозы қойылады. Мұндай өсінділер екі кезеңде емделеді: алдымен кептіріледі, содан кейін ғана жойылады. Ал гиперинтенсивті өсінділер анықталса, бұл әдіс тиімсіз, өйткені олар магниттік толқындарды сіңірмейді.
Процедураға дайындықтың негізгі кезеңі түйіннің мөлшері мен орналасуын мұқият анықтаудан басталады. Бұл сәулелердің дәл таралуы үшін, сондай-ақ олардың қарқынын дұрыс таңдау үшін керек. Өйткені сәуле әсерінің тиімді әрі қауіпсіз болуына басты назар аударылады. Түйіннің құрылымына да мән беріледі. Бұл жерде МРТ аппаратының көмегі маңызды екенін айта кеткен жөн, бүкіл процедура соның бақылауымен жүзеге асырылады.
Сондай-ақ осы процедураны тағайындамас бұрын әйелдің жүкті еместігіне көз жеткізу керек. Науқас дәрігердің нұсқауы бойынша қан анализдерін және ісік маркерлеріне тест тапсырады. Процедураға дейін газы бар сусындарды, ішті кептіретін тағамдарды тұтынуға болмайды.
Процедура кезінде науқас МРТ аппаратының ішіне гель жастығының үстіне етбетінен жатады. Бұған дейін науқастың қанына седативті препарат енгізіледі. Зәр шығару катетері қойылады, оның көмегімен зәр шығарылады. Анестезия жасалмайды.
Процедура науқасты МРТ сканерлеуден басталады. Содан кейін ісікке бірнеше рет толқын жіберіледі, әр импульстің ұзақтығы – 20 секунд. Осыдан кейін импульс әсер еткен жер 90 секунд бойы салқындатылады. Содан кейін қайтадан 20 секунд толқын жіберіледі, осылай қайталана береді. Процедура үш сағаттан алты сағатқа дейін созылады. Ол аяқталғаннан кейін пациент тағы бір мәрте бақылау МРТ сканерлеуінен өтеді. Сол тексеруден біз емнің қаншалықты тиімді болғанын көреміз, – деп қосты дәрігер.