Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында өңірдегі бірқатар өнеркәсіптік және әлеуметтік нысандарды аралап көрді. Akorda.kz сайтының хабарлауынша, Мемлекет басшысы Өскемендегі көпбейінді Онкология және хирургия орталығының базасында ашылған Сәулелік терапия және диагностика орталығында болды. Сонымен қатар Өскемен титан-магний комбинатыдағы өндіріс жұмыстарының жай-күйімен, кәсіпорынның даму жоспарларымен, «Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС-інде элиталық тұқым шаруашылығының қызметімен танысты. Сондай-ақ Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің базасында құрылған «Лу Бань шеберханасы» оқу орталығына, Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика орталығына, Үстел теннисі орталығына, «Шығыс-Сүт» корпорациясының өндіріс алаңына барды.
Медициналық орталық жұмысына оң баға берді
Президентке жоғары дәлдікпен диагностика жасауға және онкологиялық ауруларды емдеуге мүмкіндік беретін соңғы буындағы магнитті-резонансты томография (МРТ), Elekta Versa HD желілік үдеткіші, Discovery RT компьютерлік томографы сияқты заманауи медициналық құрылғылардың жұмысы таныстырылды. Бұл орталық радиологиялық суреттерді сақтауға және оларды тез тауып, нақты уақыт режимінде зерттеуге арналған PACS архивтеу жүйесімен жабдықталған.
Көпбейінді онкология және хирургия орталығының директоры Гүлмира Сағидуллинаның айтуынша, жыл сайын мұнда 3 мыңнан астам хиругиялық операция жасалады, оның 60 пайызында аз инвазивті емдеу тәсілдері қолданылады. Орталықта медицина мамандарының шетелдерде біліктілігін арттыру және қайта даярлау ісіне айрықша мән беріледі. Отандық және шетелдік мамандар шақырылып, тұрақты түрде шеберлік сағаттары ұйымдастырылып тұрады.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаевқа Шығыс Қазақстан облысындағы онкологиялық қызметтің қазіргі жай-күйі жөнінде баяндалды. Өңірде қатерлі ісіктерді ерте анықтау көрсеткіштері айтарлықтай артып, ауру деңгейі үшінші, төртінші сатыға дейін асқынып кеткен сырқаттардың саны қысқарған. Сәйкесінше, онкологиялық аурудан қайтыс болатын азаматтар санының азайып келе жатқаны да байқалады.
Мемлекет басшысы орталық дәрігерлерімен әңгімелесіп, медициналық ұйымның жұмысына табыс тіледі. Сондай-ақ елімізде осындай заманауи медициналық орталықтар ашу қажет екенін атап өтті.
– Өте жақсы медициналық мекеме екен. Заманауи әрі сапалы құралдармен жабдықталған. Науқастарды емдеу керек. Қазір мұндай ауруханалар жалпыұлттық маңызға ие болды. Өкінішке қарай, онкология дерті жүрек-қан тамырлары ауруларынан кейін екінші орында тұр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Әлемдегі титанның 11 пайызы бізден шығады
Мемлекет басшысы «Өскемен титан-магний комбинаты» акционерлік қоғамындағы өндіріс жұмыстарының жай-күйімен және кәсіпорынның даму перспективасымен танысты.
Комбинат шикізат өндіруден бастап одан дайын өнім алуға дейінгі өндірістің бүкіл циклын қамтитын кеуекті титан, титан құймалары мен қорытпаларын шығаратын әлемдегі біртұтас кәсіпорындардың бірі саналады. Өндіріс құрылымы 5 негізгі және 6 қосалқы цехтан, сондай-ақ еншілес әрі бірлескен кәсіпорындардан тұрады. Әлемдегі титан нарығының 11 пайызы Қазақстанға тиесілі, ал аэроғарыш саласындағы титанның 20 пайыздан астамын біздің ел қамтамасыз етеді.
Мемлекет басшысына комбинат өнімін Airbus, Boeing, TIMET, ATI, Safran, UKAD, Pratt&Whitney, General Electric, Dynamet, Howmet, POSCO, Baoti, MIDHANI секілді әлемдік ірі компаниялар сертификаттағаны туралы баяндалды. Қазақстан титаны кеме жасау ісінде, энергетика, аэроғарыш салаларында, мұнай-газ кәсіпорындарында және медицинада кеңінен пайдаланылады. Өнім АҚШ-қа, Ұлыбританияға, Францияға, Оңтүстік Кореяға, Үндістанға және Қытайға экспортталады.
Алдағы он жылда комбинат жалпы сомасы 207 миллиард теңге болатын 25 инвестициялық жобаны жүзеге асырмақ.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев өндіріс цехтарын аралап көріп, комбинат жұмысшыларымен әңгімелесті.
– Бұл комбинат көптеген өлшем бойынша озық мекеме саналады. Заманауи құралдармен жабдықталған. Қазақстан титан өндірісі бойынша әлемдік нарықта жетекші орын алады. Еліміз үшін мұндай кәсіпорындар өте қажет. Жұмыстарыңыз табысты болсын! – деді Президент.
Кәсіпорын тәжірибесі өзге өңірлерге таратылмақ
Мемлекет басшысы «Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС-не барып, Шығыс өңіріндегі элиталық тұқым шаруашылығының қызметімен танысты.
Президентке көпжылдық практикалық және ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде сұрыпталған күнбағыстың жаңа будандары, сондай-ақ соя мен бидай сорттары таныстырылды. Кәсіпорын дайындайтын тұқымдар отандық шаруалардың арасында жоғары сұранысқа ие әрі Ресейдің жеті өлкесіне экспортталады.
Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде майлы дақылдардың егістік алаңын көбейтудің перспективасы жөнінде сұрады. Мекеме басшысы Фарид Әбітаевтың айтуынша, соңғы кезде майлы дақылдарды егу көлемі жыл сайын 12-15 пайызға артып келеді, сәйкесінше, нарықтағы сұраныс та жоғары.
Бұған қоса, мол жем-шөп қоры мен селекциялық жұмысты сауатты жүргізудің арқасында агроөнеркәсіп кешені сүт өнімдері бағытындағы жетекші мал шаруашылығының қатарына енді.
Бүгінде серіктестіктің тауарлы сүт фермаларында 3 мыңға жуық ірі қара бар. Олардың көбі – голштейн-фриз тұқымына жататын сиырлар. Фермада тәулігіне 40 тонна сүт сауылып, еліміздегі төрт сүт өңдеу зауытына жөнелтіледі.
Мемлекет басшысы кәсіпорынның ауыл шаруашылығы ғылымындағы табысын оң бағалап, мұндай тәжірибені еліміздің басқа өңірлеріне тарату қажет екенін айтты.
Президентке Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетімен бірлесіп ашылған оқу кабинеті таныстырылды. Мұнда жұмысшылар өндірістен қол үзбей, агроменеджменттің қыр-cырын меңгереді. Кәсіпорын өсімдіктерді қорғайтын заттар өндіру ісі бойынша үздіктердің бірі саналатын швейцариялық Syngenta компаниясымен және ауыл шаруашылығы техникасын шығарушы америкалық John Deere компаниясымен де осындай ынтымақтастықты жолға қойып жатыр.
«Лу Бань шеберханасы» сынды орталықтар көбейеді
Қасым-Жомарт Тоқаев Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің қызметімен де танысып, оның базасында құрылған «Лу Бань шеберханасы» оқу орталығын аралап көрді.
Президентке білім ошағының ғылыми-инновациялық экожүйесі туралы мәлімет берілді. Ректор Сәуле Рахметуллинаның айтуынша, былтыр университет базасында Smart engineering құзыреттер орталығы ашылған. Орталық машина жасау, тау-кен және металлургия кешені салаларындағы импортты алмастырушы технологияларды дамытуды көздейді.
Мемлекет басшысына жастардың инновациялық жобалар жасауына мүмкіндік беретін медицина бағытындағы технопарктің негізін қалау жоспары жөнінде баяндалды. Қазірдің өзінде университетте әзірленген 40-тан астам медициналық имплантат түрі клиникалық сынықтан өткізіліп жатыр.
Сондай-ақ Қазақ-неміс университетімен бірлесіп, металлургия, пайдалы қазбаларды игеру бағытында Ғылым және технология институтын ашу жоспарланған.
«Лу Бань шеберханасы» «Автомобильдердің инновациялық конструкциясы» және «Автомобильдердің SMART технологиясы» сияқты екі зертханадан тұрады. Орталықтың бір ерекшелігі – мұнда студенттер практикалық дағдыларды меңгеріп, автомобиль жүйелеріне симуляциялық сынақ жүргізе алады. Сондай-ақ орталықта электромобильдер мен гибридті көліктерге техникалық қызмет көрсету және диагностика жасау үшін жаңа технологияларды игеру ісіне айрықша мән беріледі.
Мемлекет басшысы жол қозғалысын интеллектуалды тұрғыда ұйымдастыруға арналған SMART-үстелмен танысты. Сонымен қатар Президентке гибридті автомобильдерді, электромобильдерді және оларды қуаттау принциптерін үйретуге арналған оқу стендтері көрсетілді.
Елімізде «Лу Бань шеберханаларын» ашу бастамасын былтыр мамыр айында Сианьда өткен «Орталық Азия – Қытай» саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпин көтерген болатын.
Университет мақсаттарының бірі – осы «Лу Бань шеберханасы» базасында отандық автомобиль құрастыру өнеркәсібі үшін білікті техникалық және инженерлік кадрларды даярлау.
Орталықты аралап көрген Президент студенттермен әңгімелесіп, оларға табыс тіледі. Сондай-ақ экономиканы дамыту үшін елімізде «Лу Бань шеберханасы» сияқты орталықтардың санын көбейту маңызды екенін атап өтті.
Кішкентай футболшы Президенттен стадион салып беруді өтінді
Мемлекет басшысы Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика орталығын және оның базасында ашылған Жеңіл атлетика бойынша облыстағы балалар мен жасөспірімдерге арналған олимпиадалық резерв мектебін аралап көрді.
Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова Президентке оқу-жаттығу жиындарын жыл бойы тұрақты түрде өткізу үшін орталықта барлық жағдай жасалғанын айтты. Мектеп ашылған сәттен бері Қазақстанның жеңіл атлетикадан барлық қысқы чемпионаттары осы жерде өткізіліп келеді. Бүгінде орталықта 713 жас өрен жаттығады. Олар республикалық және халықаралық жарыстардан ұдайы жүлделі оралады. Cпортшылар былтыр 281 медаль жеңіп алған.
Ольга Рыпакова елімізде жеңіл атлетиканы дамытуға қатысты бірқатар ұсынысын жеткізді. Атап айтқанда, ол өңірде спорт медицинасы орталығын құру маңызды деп санайды. Бұл Алтайдың әсем де жанға жайлы табиғаты аясында өтетін жеңіл атлетика бойынша оқу-жаттығу жиындарын емдеу-оңалту процедураларымен сабақтастыруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, 2015 жылдан бастап спорт аренасында Ольга Рыпакова атындағы турнир өткізіліп келеді. Аталған жарысқа World Athletics Continental Tour деңгейі берілген. Яғни, бұл спортшылар әлемдік рейтингте ұпай жинай алатын ең жоғары деңгейдегі сайыс саналады. Даңқты спортшы осы турнирдің мәртебесін «күміс» деңгейге дейін көтеруге ықпал етуді сұрады. Ол үшін жеңіл атлетика манежінің жабындысын жаңартып, жүлде қорының сомасын арттыру қажет. Мемлекет басшысы Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова мен облыс әкімі Ермек Көшербаевқа аталған мәселені бақылауға алуды тапсырды.
Содан кейін Президент спортшылармен әңгімелесіп, мемлекет спорт инфрақұрылымын жақсартуға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті.
– Мұнда балалардың футбол ойнайтынын, жеңіл атлеттердің жаттығатынын көріп отырмын. Әрине, спортпен айналысу керек, сондай-ақ салауатты өмір салтын ұстанған жөн. Мен спортты дамытуға баса мән беремін. Баршаңыздың мықты спортшы болуларыңызға, қоғамның басқа да салаларында жетістікке жетулеріңізге тілектеспін. Басты міндет – еліміздің лайықты азаматы болу. Сіздерді мықты маман, Олимпиада чемпионы, спортта үлкен жетістікке жеткен бапкер жаттықтырады. Сондықтан үлгі алатын адамдарыңыз бар, – деді Мемлекет басшысы.
Жеңіл атлетикамен айналысып жүрген 10-сынып оқушысы Аружан Рамазанова Ольга Рыпакова сияқты даңқты спортшы болуды армандайтынын жеткізді. Ал кішкентай футболшы, 4-cынып оқушысы Альтаир Бақытұлы Президенттен жабық шағын футбол стадионын салып беруді өтінді.
– Өтінішіңді қабыл алдым! – деп жымия жауап берді балақайға ел Президенті.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевқа жергілікті жеңіл атлеттердің басты жетістіктері жөнінде мәлімет берілді. Атап айтқанда, 2023 жылы Астанада өткен Азия чемпионатында Надежда Дубовицкая әйелдер арасында биіктікке қарғып секіруден алтын медальға ие болды. Жақында Тегеранда өткен жеңіл атлетикадан XI Азия чемпионатында Елизавета Матвеева жеңімпаз атанды. Ал өткен жылғы VI республикалық спартакиадада аймақтың жеңіл атлетика құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды.
Үстел теннисі орталығына автобус сыйлады
Мемлекет басшысы Өскемен қаласындағы Үстел теннисі орталығының жұмысымен де танысты.
Орталық үстел теннисі бойынша облыстағы балалар мен жасөспірімдерге арналған олимпиадалық резерв спорт мектебінің базасында құрылған. Мұнда ірі жарыстар, бұқаралық спорт шаралары мен оқу-жаттығу жиындары өткізіледі. Сондай-ақ инваклуб спортшылары, «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін кәсіби дәрістер, шоудаун (көзі нашар көретіндерге арналған үстел теннисі) ұйымдастырылады.
Ғимарат кәсіби теннис үстелдерімен және басқа да спорт құралдарымен жабдықталған. Орталықта спортшылардың жарыстардан кейін және жарақат алған кезде физиотерапия ем-шараларын алып, қайта қалыпқа келуі үшін арнайы құрылғылармен жабдықталған дәрігерлік-денешынықтыру диспансері бар.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа спорттың осы түрі бойынша өңірдің жетістіктері туралы мәлімет берілді. Мысалы, өткен жылы облыс командасы Қазақстанның ашық чемпионатында жеңімпаз атанған.
Сонымен қатар Президентке тәжірибе алмасып, спорттық шеберлігін шыңдау үшін Үстел теннисі академиясын құру жоспарланып отырғаны баяндалды.
Мемлекет басшысы спорт ареналарын аралап көріп, «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілерімен сөйлесті. Президент облыс әкіміне аталған мекеменің жағдайын ерекше бақылауда ұстауды және тәрбиеленушілерді тұрғын үймен қамтамасыз етуді тапсырды.
– Сіздермен жүздескеніме қуаныштымын. Ал орталыққа келер болсақ, ол, шын мәнінде, жүйелі жұмыс істеп жатыр. Жалпы, үстел теннисімен шұғылдану адами қасиеттер мен спорттық дағдыларды дамыту тұрғысынан пайдалы, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев орталыққа автобус сыйлап, жас спортшыларға табыс тіледі.
«Шығыс-Сүт» өнім көлемін ұлғайтып отыр
Қасым-Жомарт Тоқаев «Шығыс-Сүт» корпорациясының өндіріс алаңын аралап көрді. Мемлекет басшысына жаңа технологияларды пайдалана отырып, сүт өңдеумен және сүт өнімдерін шығарумен айналысатын кәсіпорынның жұмысы жөнінде мәлімет берілді. Корпорация 100-ден астам тауар түрін шығарады.
Бүгінде компания өтімді ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлесін арттырып, экспорт көлемін ұлғайтуға күш салып отыр.
Корпорацияның иелігінде 4 шаруашылық, соның ішінде сиырларды автоматты түрде саууға және жемдеуге арналған құрылғымен жабдықталған роботты ферма бар. Бұған қоса, кәсіпорын өнім шығару үшін өңірдегі 22 елді мекеннен сүт жинайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпорын жұмысшылармен әңгімелесіп, қазіргі ауыл шаруашылығы жоғары технологиялық салаға айналуы керек екенін атап өтті. Сондай-ақ компания ұжымына табыс тіледі.