Әлібектің әлемі…
Қызырбек Дүргінбайұлы
Әркімнің өмірі – бір әлем. Ол өмірдің қалай өрнектелуі тағдыр иесінің талайына қатысты болмақ. Өмірге үнсіз келіп, үнсіз кеткендер қаншама?! Бұл өмірде ұрандап өтсе де, ұрпақтың есінде ешбір дерегі жоқ жандар да болған. Ал артына шығармашылық мұра қалдыра білген жандар санаулы. Сол саусақпен санарлық санаулы шығармашылық ғұмыр иесінің бірі – Әлібек Қаңтарбаев.
Әлағаң – ерте туып, кеш қалған қаламгер. Өмірден емес, сөз өнерінен кеш қалғандығын айтамыз. Оны өзі де әредік өкінішпен тілге тиек ететіні бар. Тілге тиек еткенде де «тағдыр ғой» деп қысқа қайыра салады. Қарт Алтайдың өкпе-назға құлақ аспайтыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан болар таңдайынан сорғалаған сөздің сөліне ойдың бояуын қосып, мың құбылтып сөйлегенде төгілтіп-төгілтіп жібереді. Уақытқа кеткен есесін қайтарғаны болса керек-ті. Алтайдың асау өзендеріндей сөзі арнасынан асып-тасып жатады. Сөзінің өрнегі ғасырлар бойы ағысынан жаңылмаған асау өзеннің сарыны іспетті. Сөйлеген сайын сағындырып тұратындай. Әлағаң сөйлегенде жалығып кеткен тыңдарманды көргенім жоқ. Күні кеше өткен кездесуде де сол қалыпқа куә болып қайттық. Қаламгер ағамыз биыл 75-тің желкенін қолға алған-ды. Осы мерейлі жасқа орай Облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында жазушымен «Айбыны Алтай таудың асқарындай» атты кездесу өтті. Кездесуге келген кеш иесі өткен өмірінің өрнегін сағына отырып еске алып, оқырманға баяндап берді.
– Бұл жалғанда сағыныштан ауыр дүние жоқ шығар. Сағыныштың салмағын сағынған адам ғана сезінер. Қай қаламгер болмасын өткен өмірін сағынғандықтан жырлайды. Сол сияқты мен де өмірімнің өрнегін, балалық шағымның балғын күндерін сағынамын. Санадан сорғалаған сағынышымды қаламға жүк етіп артамын да, сарғая отырып жазамын. Сағынып еске алар естелікке толы өміріңнің болғанының өзі бір бақыт қой, – дейді жазушы Әлібек Қаңтарбаев.
Кездесу барысында қаламгер ұяшыққа жасырылған құпия сөздерді ашу арқылы өз өмірінің өрнегін тарқатты. Балалық шақтан бүгінге дейінгі ғұмырының есте қалған тұстарын оқырман сұрақтары бойынша баян етті. Әлағаң төгілтіп-төгілтіп сөйлегені болмаса, том-том кітап жазып тастамады. Алайда аузынан шыққан әр тіркесті тыраштанып жүрген талай жазарманның қалам ұшына іліктіре алмай жүргенін өзі де біле бермейтін сынды. Білсе, талай дүние жазып тастар еді-ау.
– Әлағаң өзі туған Алтайдың табиғаты сияқты бояулы тілмен төгілтіп сөйлегенде құлақтың құрышы қанып, ой семіреді. Бұл кісіге құдайдың берген артықшылығының бірі осы болса керек-ті. Сапарлас болсаң, жалықтырмай әңгіменің тиегін ағытып, артынан ерген інілеріне ізеттілікпен қарап тұрады. Алтайдың табиғаты сынды мінезімен ерекше. Алтайдың шыңындай шалқайып, қарағайындай қалқайып аман жүре беріңіз, – деді кеш қонағы, ақын Қалқаман Сарин.
Кеш барысында ұйымдастырушылар қаламгердің барлық қырын жасырын ұяшықтар арқылы ашып көрсете білді. Қаламгер толғана отырып тағдырының өрнегіне бір шолу жасап қайтты. Әуелі жастықтың жалынымен жазған өлеңін тыңдап, жырға да қызығушылығы болғанын сөз етті. Көркем тілмен кестеленген естеліктерінен үзінді оқылғанда ойға батып, мұңға шомды. Өйткені қайта оралмайтын өмірдің өрнегін еске алу шығармашылық адамы үшін оңайға соқпасы анық. Осылайша кеш соңында бауырының иығына шапан жауып, арқасынан қаққан апайы Хабиба Қалиқызы да өз естеліктерімен бөлісті.
– Әлеке әуелгіде арпа ішінде бір бидай болды. Көп қыздың арасындағы жалғыз ұл болғандықтан басында тентектігі де, еркелігі де болды. Кейін дүниеге інісі келген соң барып асаулығы басылды. Әкеміз ерте кетсе де орнын ойсыратпай қамқор бола білді. Шығармашылық ортадан орнын тауып, бүгінгідей биіктен көрініп жатқанына қуаныштымын, – деді Хабиба Қалиқызы.
Осылайша оқырман қауым қабырғалы қаламгердің шығармашылық ғұмырнамасына шолу жасап қайтты. Ұрпаққа үлгі, ұлтқа өнеге боларлық ғибратты әңгімелердің тиегі ағытылып, сыр шертілді. Әлағаң әлі де сөйлесе екен деп отырған оқырманның қызығушылығын кеш қонақтарының тілек сөзі бөліп әкетті. Кешке келген жұрт әдебиет әлеміндегі Әлібек ағамыздың әлемі әлі талай шығармашылықпен өрнектелер деген сеніммен тарқасты.